«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегі еленген энергетик

Еңбегі еленген энергетик
Автор
Облысымыз энергия өндіру жағынан алдыңғы орындарда екенін ақпарат құралдары арқылы білеміз. Сол қуат көзін өндіріп, халықты жарықпен қамтамасыз етіп отырған мамандардың еңбегі зор. Міне, өз жұмысын аянбай әрі абыроймен атқарып жүрген сондай еңбек адамдарының бірі Дихан Шәріпов десек, артық айтқандық болмас.

Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген Дихан Кестебекұлы Ойық орта мектебін 1990 жылы жақсы бағамен бітірген соң өзінің қалауымен Алматы энергетикалық институтына оқуға түсіп, 1997 жылы станция электрі мамандығы бойынша тәмамдаған соң қызыл дипломын алып, ауылға барады. Егемендік алғанына көп бола қоймаған жас мемлекетіміздің қай өңірінде болсін мекемелердің жұмыстары ақсап, кейбіреулері жабылып та қалған болатын. Сондықтан әркім табылған жұмыстан нәпәқасын айыра білді. Сол уақытта Д. Шәріпов те: «Бұл күндер де өтер. Әлі-ақ еліміз өсіпөркендеп, бәрі дұрысталар» деп ертеңінен үміт үзбей, бірнеше жыл түрлі жұмыстар атқарды. Бірте-бірте еліміздің жағдайы жақсара бастаған соң түрлі мекемелердің тамырына қайта қан жүріп, әр адам өз мамандығы бойынша жұмысқа қабылданады. Сол кезде Дихан Кестебекұлы Ойық ауылында электромонтёр, сосын «Ойық» қосалқы бекетінде (станция) кезекші электромонтёр болып еңбек етеді.

«Жас келсе – іске» демекші, жас маман Д. Шәріповтің осы аралықтағы елеулі жұмысы басшылардың да, көпшіліктің де ойынан шығады. Ал 2006 жылы Әлия Молдабекқызымен отбасын құрады. Өз ісінің қыр-сырын меңгеріп, біраз тәжірибе жинақтаған соң ол арнайы жолдамамен «ЖЭЖ»- ке (Жамбыл энергия жүйесі) ауысады. Яғни, жұбайы Әлия екеуі қалаға қоныс аударады. Д.Шәріпов аталмыш мекемеде еңбек жолын релелік автоматика қорғанысының инженері болып бастап, әр жылдары түрлі бөлімде инженер-инспектор, аға инженер-инспектор, сосын бастықтың орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Ал 2016 жылдың шілде айынан бастап, «ЖЭЖ» ЖШС бас директорының бұйрығымен ОДҚ (орталық диспетчерлік қызметі) бастығ ының орынбасары болып бүгінге дейін еңбек етіп келеді.

Биыл осы салада тапжылмай және талмай еңбек еткеніне тура 25 жыл болған Дәкеңнің еңбегі еленіп, осы уақыт ішінде түрлі марапатқа ие болды. Энергетиктердің кәсіби мерекесі күнінде ЖЭЖ бас директорының мақтау қағазымен және осы мекеменің қадағалау кеңесі төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталса, Тәуелсіздік күні Қазақстан Республикасы энергетикалық қауымдастығының «Құрметті энергетигі» медалін кеудесіне тақты. Сонымен қатар «Еңбек ардагері» атағына ие болса, жақында ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін Орталық диспетчерлік қызметінің аға диспетчері және «ЖЭЖ» ЖШСнің Еңбек ардагері атағы берілді. Ширек ғасыр бойы ширақтық танытып келе жатқан Дихан Кестебекұлының өмірдегі ұстанымы: «Ешқашан өтірік айтпау, кісі ақысын жемеу, адал болу, берген уәдеде тұру және адамды алаламау», – дейді.

Осы айтқандарының бәрін Д. Шәріпов дәлелдеп-ақ келеді. Оны әріптестері де, достары да, туыстары да мақтанышпен айтып жүр. Бұдан бөлек, оның тағы бір жақсы қасиеті мен әуестігі – арнайы уақыт бөліп, кітап пен газет-журналдар оқып тұратындығы.

«Жақсыдан жақсы туар жарқыраған» демекші, бүгінгі кейіпкеріміздің бойына мұндай ізгі қасиеттер алдымен атаанасынан дарыған деп білеміз. Өйткені әкесі Кестебек Шәріпұлы Ойық ауылындағы мектепте математика пәнінен 40 жыл дәріс берген ұлағатты ұстаз. Ал анасы Күлзада Құрманбекова да осы білім ұясына еңбегі сіңген ардагерлердің бірі. Жұбайы, Ю. Гагарин атындағы №29 мектептің мұғалімі Әлия Мұстафина екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, аяулы ана.

 

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ

ақын-журналист.

Ұқсас жаңалықтар