«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек...»

«Қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек...»
Автор
Кеңестік кендір арқанның бұғауында қалып, өз халқының едәуір бөлігіне керек болмай қалған қазақ тілінің жағдайы батыр Бәукеңді де толғандырмай қоймады. ХХ ғасырдың ортасында белең ала бастаған бұл құбылыстың ұрпаққа әкелер залал-зардабын батыр болжаған да, осының алдын алу жолында «не істемек керек» дегенді ықпалды азаматтардың жетесіне жеткізуге де күш салған.

Дастарқан басындағы дидарласулар мен шағын кездесулердегі бас шайқау әңгімелер өз алдына, ұлт тірегі – тіліміздің тұғырынан түсіп, қағажу көріп отырғанын Бәукең сол кездегі қазақтың бетке ұстар азаматтарына жазба хатпен де, ауызша датпен де жеткізіп отырған. Бәукең 1955 жылдың 20 сәуірінде Ғабит Мүсіреповке жазған хатында ана тілінің қадір-қасиеті турасында былай дейді: «Әр халықтың ана тілі бар. Әрқайсысының өзіне лайықты қасиеттері де, өзіне жарастықты байлықтары да, көркем шеберліктері де бар. Өзінше мол. Тіл де түлейді. Тіл де жаңарады, өседі. Оны сіз жақсы білесіз. Біз қазақпыз. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біздің қазақты тек мал бағып өскен пастушеское племя деп айтуға наданнан басқа ешкімнің аузы бармайды.

Біз малдан бұрын – малмен бірге сөз баққан қазақпыз. Ой мен сөз, мазмұнды пікірлер біздің халықтың алдыңғы байлығы болып келген. Ал мал болса – екінші байлығы. Қазақты мал қазақ еткен жоқ – малды қазақ мал етті. Біз – қазақ халқымыз. Қазақтың мал байлығы әркімнің көзіне түседі. Әлі де сол жағын көп ескереді...

Қазақтың ой, мазмұн, пікір байлығын төрден жылжыта-жылжыта есікке алып барып отырғызған дәуірге біз өзіміз куәміз. Оған өзіміз кінәліміз!». Қазақ жеріндегі орыстандыру саясаты соғыстан кейін ес жия бастаған елуінші жылдары-ақ күш ала бастаған еді. Сол кездері үлкен қалалар мен елді мекендерде орыс мектептері көбейіп, тиісінше онда баратын қазақ балаларының саны артып, қазақ мектептеріне сұраныс бірте-бірте азая түсті. «Ілім-ғылымның бәрі орыс тілінде» дегенді бүкіл қазақ даласындағы идеологияның қайнар көзіне, кеңестік келешекті жасаушы ұрпақтың ұранына айналдыру етек алды.

Солақай саясаттың солқылдақ таяғы қазақтың тілін тілім-тілім қып сабап жатқан кер заманда қазақ арасындағы кейбір зиялы қауым өкілдерінің де сол сұрқия саясаттың сойылын соғып немесе басын құмға тыққан түйеқұстай бұғып қалғаны жасырын емес. «Құдіретті» орыс тілі тұрғанда «қараңғы халықтың» тілі түкке тұрғысыз деген нигилистік ұстанымдағы бәзбір бауырларының бүйректен сирақ шығарған пікірлеріне Бәукеңнің қаны қарайып қарсы шыққаны замандастарының жазбаларынан белгілі. Бәукеңмен рухани байланыста болған майдангер жазушы Д.Снегин өзінің «Открытый всем» атты кітабында батырмен болған телефон арқылы тілдесуінде оның қазақтың тілі үшін қаһарлана үн қатқанын былай деп сипаттайды: «Поднял с постели резкий телефонный звонок. В трубке взволнованный голос Бауыржана: – Я познкомился с авторефератом одного казахского сарыорыса. Между строк вычитал: будущий ученый призывает закрыть казахские школы поскольку современные казахи говорят на русском языке. Я разделяю гнев батально настроенного Бауыржана, но мне трудно смириться с мыслью, что этот «ученый муж» в своем трактате прийти к такому выводу. – Может быть, тебе показалось... между строк? – Я возмущен, оскорблен: это – гибель народа! И, представь, главными консультантами у автора реферата – Сабит и Малик. С ума можно сойти. Позор! Я им приказал признать ошибку и отказаться».

Сұрапыл соғыс әлі аяқталмаған 1944 жылдың ақпан айында Бәукең сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің насихат және идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіқалықовқа «Қазақ тілі туралы пікір» деген көлемді хат жазады. Хатта батыр ана тіліміздің маңызы, ұлт болашағындағы орны, ұлтсыздануға алып келер қауіп-қатерлер туралы пікірлерін жеткізеді. Пікір білдіріп қана қоймай, осы бағытта орын алып отырған ағаттықтарды түзеп, олардың алдын алу, қазақ тілінің қадір-қасиетін арттыру жөнінде тарау-тарауға бөлінген ұсыныстарын жолдайды. Хатының алғашқы бөлігінде Бәукең сол кездегі қазақ қоғамындағы ана тілімізге қатысты кемістіктерді жетіге бөліп дәйектемелерімен көрсетеді.

Атап айтқанда, сырттан келген уәкілдердің қазақ тіліне шекеден қарауы, қазақ тілінің дөрекі, икемсіз, кедей тіл ретінде сипатталуы, қазақ қызметкерлердің өз тілінен жеріп бара жатқаны, аударма ісіндегі қателіктер, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сауатсыздық, кейбір терминдердің орынсыз қолданылуы, ресми іс жүргізуде қазақ тілін қағажу көруі, қазақтың еліктегіштігі туралы ашына жазады. Сөз арасында зиялы қауым отбасыларында да ана тіліміздің қадірі қашқанын қынжыла тілге тиек етеді: «Сәбит Мұқанұлы сияқты бас жазушымыздың үлкен баласы – қазақ тілінен құр қалған жанның бірі. Өз басымызды алып қарағанда да жоғары айтылғандардан біздің үй де, Сіздің үй де сауға ұқсамайды.

Осы кезде қазақша тілі шыққан жас балалар кездессе, таң қалып қарайтын болыпты». Ал екінші бөлігінде жоғарыдағы кемшіліктерді жойып, батырдың өз тілімен айтқанда «тарихи, ғылыми, саяси әділеттік» орнату мақсатында жіпке тізгендей етіп 9 ұсыныс жасайды. Ол ұсыныстардың мазмұны мынадай:

«1. 1935-36 жылдан бастап қазақтың ана тілі бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі – басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн.

2. Қазақстанда қазақ тілі заңының әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына, төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтіру шаралары тездеп қолға алынып, тіл бұрмалау ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескере отырып, іс жүзіне қатал төңкеріс түрінде асырылуы жөн.

3. Аяқ асты елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп, қолға алынғаны жөн.

4. Тілді азғындырып құрту, я жандандырып өсіру, дамыту құралының алдыңғысы газет пен радио болғандықтан, орталық «Социалистік Қазақстан» газетінің барлық мақалалары қазақтың еркін, анық таза тілімен көсіле жазылып, «Правда» газетіне ұқсап тіл тазалығы жағынан басқаларға үлгі болғаны жөн. Алматы радиосына саналы, салмақты, жауапты қазақтың ана тілінің тазалығын қабырғасы қайыса ойлайтұғын адамдар дайындалып, осы кездегі қоқыр-соқырлар қуылып, құлақ құрышын қандырарлық тілі дәмденіп елге сүйкімді, түсінікті айтылатын орынға айналуы керек.

5. Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болуы керек.

6. Осы кезде қаладағы қазақ ұл-қыздарының төрттен үшінен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан, ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан, барлық қазақ ұл-қыздары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар. Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз, ондай шара қолдануда орысшадан құр қаларлық ешқандай қауіп жоқ.

7. Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей қоңсық құрымнан мүлде арылуы керек. Қазақ тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп, халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне, салт-санасына өте қауіпті зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындары мен тіл сұңғыттары, шіршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді.

8. Тіл мәселесі бұдан былай да аяқ асты болып, «дүмше молдалардың» құрбандығы болып кетпес үшін:

а) Барлық сырттан алынған «есіктен кіріп, төр менікі» деген сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «даусы жойылған» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта беріліп, қазақ тілі бұқаралық қатарына қосылып, бұдан былай да ел аузында, жазушының қалам ұшында болуы керек.

б) Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салынуы керек.

в) Дальдің «Толковый словарының» үлгісімен атам заманнан бергі қазақ сөздері жиналып, дұрыс талқыланып түсіндірілетін, ғылыми аумақты кітапты жақында шығару шаралары қолданылуы қажет. г) Профессор Ушаковтың «Орфографический словарының» үлгісімен қазақ сөздерін дұрыс жазуға көмекші құрал болатын кітапша кешікпей жазылып шығарылуы қажет. Кейінгі екеуі тіл жағынан өмірлік нұсқау, құрал және тіл жағынан қорған болар еді.

9. Алдағы басқа халықтардың тарихында осы кезге дейін ана тілімен таза сөйлеп, шешендік шеберлікпен ойындағысын айта, ұғындыра білу – ел басқарған халық азаматтарының салты, санасы, ақыл мөлшері болып келген. Ол жағынан біздің халықтың тарихында да мысалдар көп-ақ. «Қисындыра қаласаң, қиыстыра сөйлесең, халық нанар», – деп айтқандай, елге шешендікпен мысал мұра болып, тарихта атын қалдырған қазақтың атаулы ұлдары аз емес».

Хатының соңын батыр былай аяқтайды: «Осы кезде үкімет қызметіндегі азаматтардың арасында ылғи орысша сөйлеп, жазып, баяндама істеу әдет болып, әуеске айналып кетуіне тиым салынып, қазақша шешендік, сұлу шебер сөйлеу салт-сана, ердің сәні болуға айналса, жұртшылығымызға үлкен абырой болар еді. Өсудің, дамудың барлық жағынан да бір кілтіне еге болған болар едік. Қазақ тілі туралы үкімет – партия қаулысы шығып, қазақ тілін республикамызда мемлекет тілі ету заңды қажет екені даусыз болғандықтан, осы күнге дейінгі бұрмалап, бұзып келген мінезге, беталысқа бұдан былай жол беру – қазақ тілін архивке тапсыру болып шықпай ма? Мен әскери адаммын, тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезе тұра, айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын». Бәукеңнің бұдан өзге ел арасында, зиялы қауым ортасында, әкімқаралардың алдында тіл турасында тіліп айтқан, қағазға қаттап жазған орайлы сөздерінің өзін телегей теңізге балауға болады. Оның барлығын тізіп жазуды бір мақаланың жүгі көтермейтіні анық.

«Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық» деп Бәукең айтқан сөз осы күндері де өзектілігін жоғалпады. Өткен ғасырдың ортасынан бері талай қазақ баласы ана тілінен жеріп, әліпті таяқ деп танымайтын жағдайға жеткені ақиқат. Абырой болғанда, еліміз тәуелсіздік алып, ана тіліміз лайықты мәртебесін алды. Енді оның өз тұғырында нық қонып, келешек ұрпаққа саф алтындай аманаттап жеткізілуі қазіргі қазақ қоғамының қасиетті борышы. «Ана тілін білмеген – ана сүтін таптаған» деген Бауыржанның бәтуәлі сөзінің бағасы биік екенін әрбір қазақ ұғынса, егемен еліміздің болашағы баянды болары сөзсіз.

 

Жазылбек АЛДАБЕКОВ

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Ұқсас жаңалықтар