«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жайма мен кеспе не үшін керек?

Жайма мен кеспе не үшін керек?
Автор
Елімізде тамақ өнеркәсібіндегі жетекші кәсіпорындардың қатары артып келеді. Соның бірі – Тараз қаласында бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істеп тұрған «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өз тұтынушыларына «Астау», «Бір асым етке» және «Жайма» макарон өнімдерімен танылған серіктестік бүгінде республикамызға «Арзу» сауда белгісі арқылы танымал.

Серіктестік директоры Ернар Отаровтың айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты – отандық нарықты сапалы, дәмді және қауіпсіз тағам өнімдерімен қамтамасыз ету. «Өндіріс заманауи технологиялар негізінде жүргізілгенімен, өнімдер дәстүрлі рецепттерге сүйене отырып дайындалады. Компания өндіріс үдерістерін үнемі жетілдіріп, инновациялық шешімдерді енгізіп, ассортиментін кеңейтіп, осылайша өз тұтынушыларының көңілінен шығуға тырысуға ұмтылады», – дейді ол.

Биыл серіктестік өндіріс өнімділігін кеңейту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына жүгінген. Сөйтіп, «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Халық Банкі» АҚ арқылы несие рәсімдеген. Оның жылдық мөлшерлемесі 12,6 пайызды құрайды. Осы қаражаттың арқасында компания өндіріс көлемін арттырып, сапалы шикізатты уақытылы сатып алуға мүмкіндік алып отыр. Кәсіпорынның тұрақты жұмысын және жұмыс орындарын сақтауды қамтамасыз етті, дистрибуцияны кеңейтіп, «Арзу» брендінің Қазақстан нарығындағы позициясын нығайтты. Өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосты.

– Кәсіпті бастау қиын. Бастаған соң соның үдесінен шығып, ұстап тұру оңай шаруа емес. Кәсіпкерге бірінші кезекте не керек? Оған керегі – мемлекеттің қолдауы. Бүгін біз сол қолдауды сезініп, екінші деңгейлі банктерден төмен пайызбен несие алып жұмыс істеудеміз. Айталық, зауытты кеңейту үшін «Халық Банкінен» несиені 12,6 пайызбен алсам, оның бір бөлігін мемлекет субсидиялап отыр. Бұл дегеніңіз кәсіпкер үшін үлкен көмек, қолдау, – деді кәсіпкер.

Зауытта екі ауысыммен жұмыс істейді. Онда 48 адам еңбек етеді. Бір линияның айлық қуаты 300 тоннаны құрайды. Жұмыстың барысымен жақынырақ таныссын деген зауыт директоры бізді бастап өнім шығаратын цехқа алып келді. Үлкен залдың ішінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Жұмысшылардың бізге бұрылып қарауға мұршалары жоқ. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз шаруасымен айналысуда. Байқағаным, мұндағы құрал-жабдықтар өзге өндіріс ошақтарындағыдай емес. Көзге көнелеу көрінді. Сөйтсек жайма және кеспе дайындауға арналған цехқа қажетті құрал-жабдықтарды ол өз серіктестерімен бірге қолдан құрастырып, жасап шығыпты.

– Қазақ ет асқанда етке қамыр салады. Басқа мемлекеттерде мұндай дәстүр қалыптаспаған. Сондықтан болар олар жайманы, кеспені не үшін керек екенін түсінбей жатыр. Қазір біздің өнімге қызығушылық танытқан Ресей мен Қырғыз Республикалары ғана. Алда өнімімізді Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз. Бұл бойынша екі ел арасында келіссөздер жүргізілуде. Ал технология мәселесіне келетін болсақ, әлемде біз шығарып отырған өнімді шығаратын құралжабдық жасалмапты. Еш жерден таппадық. Ойға алған ісімізді жүзеге асыру үшін осы қондырғыны ойлап таптық. Бұл технологияны патенттеп те алдық. Бірақ, өкінішке орай ешкім қызығушылық танытпады. Әзірге жұмыс істеп тұрған құрал-жабдық бізде ғана. Енді «Даму» қорының арқасында қажетті құралжабдықтарымызды жаңартып, жаңаларын іске қосудамыз, – деді зауыт директоры. Кәсіпорын

2018 жылдан бері өзінің «Бір асым ет», «Жайма» макарон өнімдерін патенттеп алып, жұмыс істеуде. Қазір мұнда жайма, салма, кеспенің ондаған түрі шығарылып, түрлі мөлшердегі арнайы қораптарға салынуда. Қораптардың сырты да ұлттық ою-өрнектермен нақышталған. Осылайша кәсіпкер отандық өнімнің жаңа брендін қалыптастыруда. Олар салмағына қарай 160 грамнан 3 килограмм аралығын құрайды. Ал өндіріске қажетті ұнды кәсіпкер Қостанай облысынан алдыруда. Үлкен астауға салынған ұн цехта құрғақ қамырға, одан жаю аппаратына жайылып түсіп, кесу кезеңінен өткен соң лента арқылы тізбектеліп келіп кептіру құралына рет-ретімен түсіп жатыр. Жалпы цехта тәулігіне 2,5 тонна дайын өнім шығарылуда.

Жаңа технологияның механизмі қарапайым. Бірақ жайма дайындаудың құпиясы да бар екен. Оны кәсіпкер өзіміздің ішкі құпиямыз деп жылы жымиды. Дейтұрғанмен, әзірге республикадағы ең сапалы, өтімді жайма осы зауыттың өнімі көрінеді. Зауыт бір ғана макарон өнімдерімен шектеліп қалмай басқа да өнім түрлерін шығаруды қолға алыпты. Атап айтсақ, жаймаға арнап тұздық дайындауда. Сонымен қатар қой және сиыр етін консервілеуде. Кәсіпорын директоры сөз арасында:

«Бүгінге дейін етке қажетті жайманы шығарып келдік. Енді оған қажетті ет пен тұздықты бір орталыққа тоғыстырып, үшеуін бірге дайындауды ойластырдық. Тұздықты біраз жыл бұрын шығаруды бастағанбыз. Ал консервіленген етті үш-төрт жылдан бастап шығарып келеміз. Сонымен қамырға қажетті ет те, тұздық та дайын. Үшеуін қосып бір демде тамақ дайындауға болады», – деді кәсіпкер.

Мұнда мәселе де жоқ емес. Әңгіме барысында кәсіпкер біраз жайдың бетін ашты. Яғни, зауытқа қажетті шикізаттың біразы сырттан тасымалданады екен. Жоғарыда ұнның қайдан келетінін айттық. Ал консервіленген ет дайындау үшін де малды сырттан әкелуге тура келген. Өйткені өзімізде зауыт талабына жауап беретін ет өндірілмейтін көрінеді. Оны кәсіпкер Түркістан мен Қарағанды облыстарынан алып отырғанын жеткізді.

Енді зауыт өндіріске қажетті малды өзіміздің өңірден тапқанын айтты. Сондай-ақ Ернар Отаров маман тапшылығын айта келіп, жоғары оқу орындарында азықтүлік өнімдерін дайындайтын технологтар дайындайтын факультет ашу керектігін сөз етті. Сол үшін де халықты жұмыспен қамту орталығына қажетті мамандықтары бойынша сұраныс тастап қойған екен. Жалпы, зауыт жұмысшыларына барлық жағдайды жасап отырғанын көрдік. Асханасы да жұмыс істеп тұр. Мұнда жұмысшылар үш мезгіл тегін тамақпен қамтылған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар