«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қош, ұлт руханиятының абызы

Қош, ұлт руханиятының абызы
Автор
Өмірден кім өткенін білесіз бе?

CАХНА САҢЛАҒЫ СОҢЫНА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРДЫ

Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады.

 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Президенті

ТҰТАС БІР ДӘУІР ӨТКЕНДЕЙ...

Ардақты ағайын!

Ұлт руханиятының абыз ақсақалы, қазақ мәдениетінің алып тұлғасы Асанәлі Әшімов ағамыз келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды. Барша Алаш жұртына, ағамыздың әулеті мен ағайын-бауырларына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтамын. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Асанәлі ағамызбен бірге тұтас бір дәуір өткендей. Ерек талантымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерін бір биікке көтеріп, қалың қазақтың қадірлісіне айналды.

Көпжылдық еселі еңбегі үшін Президентіміздің қолдауымен Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Мен де ағамызбен етене жақын араласып, сыйлас-сырлас болдым. Әкемнің көзін көріп, дәмдес болғанын жиі айтып отыратын. Айналасына қамқор, кісілігі мен кішілігін сақтаған, жүрегі кең жан еді. Бар ғұмырын қазақ театры мен кино өнерінің өсіп-өркендеуіне арнап, соңында соны соқпақ, өшпес із қалдырды. Көптеген талантты жасқа қолдау көрсетіп, үлгі-өнеге болды.

Асылдардың көзіндей, алыптардың сөзіндей болған өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын!

 

Аида БАЛАЕВА

ҚР Премьер-министрінің орынбасары

Мәдениет және ақпарат министрі.

ӨНЕРГЕ АДАЛДЫҚТЫҢ ӨЛШЕМІ ДЕР ЕДІК

Қазақ киносы мен театрының асқақ шыңы, сахна мен экранда тұтас бір дәуірдің болмысын бедерлеген алып тұлға – Асанәлі Әшімовтің дүниеден өткені туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Аңызға айналған ағамыз тек жамбылдықтардың ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы, руханиятымыздың абызы еді.

Асанәлі Әшімұлы – өнерді өмірінің мәніне айналдырған, әр рөлі арқылы халықтың жан дүниесіне терең үңіле білген шынайы шебері болды. Оның сомдаған бейнелері ұлт жадында мәңгі сақталып, көрермен жүрегінде өшпес із қалдырды. Ол қазақ руханиятының биік болмысын танытқан символ, өнерге адалдықтың өлшемі дер едік. Тау тұлғаның жары Бағдат апайымызға, ұлы Асанәліге, туған-туыстарына, сондай-ақ барша қазақ халқына жамбылдықтар атынан қайғыра көңіл айтамын. Қазақ халқы барда Асанәлі Әшімовтің асыл есімі мен мол мұрасы ешқашан өшпейді.

Марқұмның иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпағына, туған-туыстарына сабыр мен ұзақ ғұмыр тілеймін.

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ

облыс әкімі

ОРНЫ ТОЛМАС АУЫР ҚАЗА

Қазақтың аңыз актері, Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің дүниеден өткені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бұл – ел мәдениеті мен руханияты үшін орны толмас ауыр қаза. Асанәлі Әшімов – ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, сахна мен экранда мәңгілікке айналған образдар галереясын жасаған дара тұлға еді. Оның шығармашылығы бірнеше буын көрерменнің рухани әлемін байытып, қазақ өнерінің биік деңгейін айқындады. Өмір жолы мен өнердегі өнегесі халық жадында мәңгі сақталады.

Асанәлі Әшімовтің отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына, сондай-ақ барша өнерсүйер қауымға қайғыра көңіл айтамын. Марқұмның жаны жәннатта болсын. Ауыр қайғыларыңызға ортақпын.

 

Нұржан НҰРЖІГІТОВ

Қазақстан Республикасы Су шаруашылығы және ирригация министрі

 

Ұқсас жаңалықтар