Облыс әкімі сала мамандарына көлік кілттерін табыс етті
Алдымен аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта Үкімет жетекшісі өңір диқандарын айтулы мерекемен құттықтап, қажырлы еңбектерін атап өтіпті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында әрқашан отандық агроөнеркәсіп саласының дамуына ерекше мән беріп, ата кәсіпті ардақ тұтқан ауыл еңбеккерлерінің де лайықты құрметке ие болуы керектігін атап көрсетуде. Диқандарымыздың қажырлы еңбектерінің арқасында биыл күзгі жиын-терін науқаны берекелі болып, ел қамбасына 27 миллион тонна дәнді дақыл жиналды. Аграрлы өңірлердің ішінде Жамбыл облысы биылғы жылы 3 миллион тоннадан астам өнім жинап, еліміздің дамуына мол үлес қосты. Бұл орайда ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі – ауылдың игілігі жолында, әсіресе егіншілік саласында толайым табыстарға қол жеткізген шаруалар қауымына ризашылығымды білдіремін. Қазіргі таңда отандық ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгені құрады. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 40 пайызға жуық артты. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты. Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан саланы дамытуға оңтайлы жағдай жасау одан әрі жалғасатын болады. Біздің алдымызда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2030 жылға дейін екі есе арттырып, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру және оны жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту міндеті тұр. Осының барлығын сапалы іске асырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне адал еңбектеріңізбен үлес қосасыздар деп сенемін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еселі еңбектеріңізге табыс тілеймін!», – деп ізгі тілегін жеткізген.
Бұдан әрі облыс әкімі ауыл шаруашылығы қызметкерлерін шын жүректен құттықтап, саланың даму көрсеткішіне тоқталды.
– Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Елімізде мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы нәтижесінде облыстың өндірістік көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 48,6 миллиард теңге бөлініп, 5 мыңнан астам шаруаға қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде бүгінгі күні ауыл шаруашылығында 485,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 39,6 миллиард теңге инвестиция салынды. Егістік алқабы 640 мың гектарға жетіп, 3,3 миллион тонна өнім жиналды. Сонымен қатар 858 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, жаңғырту деңгейі 6,3 пайызды құрады. Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт көлемі 1,7 пайызға артты. Шет елдерге 410 мың тонна пияз экспортталып, облыс республикада көш бастады, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі сөзінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы өндірісі бағытында іске асып жатқан ірі жобаларға тоқталып өтті. Ербол Шырақпайұлының айтуынша, Шу ауданында жүгеріні терең өңдеу зауыты салынуда. Аталған өндіріс орны Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі болмақ, толық қуатында жұмыс істеген кезде жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал Байзақ ауданында елімізде Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы заманауи қант зауытының құрылысы басталып отыр.
Зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, сондай-ақ меласса және жом сияқты қо салқы өнімдер өндіретін болады, 350-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Аталған бағыттағы жобалар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, өнім өндірушілерге қолайлы әрі тиімді жағдай туғызатыны сөзсіз.
«Биыл ветеринария саласын қаржыландыруға 4,6 миллиард теңге бағытталды. Облыстық бюджет қаражатына 50 автокөлік сатып алынып, табысталды, бүгін тағы 50 автокөлік табыстағалы тұрмыз. Қалған қажеттілік (40 көлік) 2026 жылы қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, табиғат қорғау саласының, оның ішінде орман шаруашылығы саласына ерекше тоқталғым келеді. Аталған сала мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында өткен 4 жылда 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінсе, бүгін осы мекемелерге жалпы сомасы 606 миллион теңгенің техникасын табыстайын деп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке 1,8 миллиард теңгеге өртке қарсы 60 техника алу жоспарланған болатын. Бүгінде міне, соның 15 JAC маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөліктері келді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 45 техника табысталатын болады. Сондай-ақ демеушілер есебінен «Жамбыл табиғат» қоғамдық қоры арқылы 14 автокөлік және 15 пилотсыз ұшу аппараттары мен 17 мотоцикл алынды. Облыс әкімдігі табиғат қорғау мекемелерінің материалдық техникалық базасын жаңартып, нормативтерге сәйкестендіру бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізетін болады», – деп атап өтті Ербол Шырақпайұлы.
Осыдан кейін салтанатты іс-шара марапаттауға ұласты. Облыс әкімі алдымен облысымыздың агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үле с қосқан ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбеккерлері мен мамандарына мемлекеттік – «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» және «ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерін, «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» медалі мен Премьер-министрдің Алғыс хатын және басқа да марапаттарды салтанатты жағдайда тапсырды.
Осыдан кейін салтанатты жиынның маңызды кезеңі басталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының материалдықтехникалық базаны нығайту мақсатында ветеринария және орман шаруашылығы қызметкерлеріне арнайы «Нива» автокөліктері табысталды. Яғни әр ауданға 5 «Нива» автокөлігі берілді.
Бұдан бөлек, орман шаруашылығы қызметкерлеріне 9 «Газель», 4 «Тойота Хайлюкс», 16 «JAC» кіші өрт сөндіру автокөлігі, 16 мотоцикл, 16 пилотсыз ұшу аппараттары табысталды. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Азаматтар интеграцияның нақты пайдасын көруі керек
- Бүгін, 01:59
Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылордада өтеді
- 22 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




