Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында есірткі қылмыстарымен күресті және оның алдын алуды ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындағаны белгілі. Бұл бағыттағы саясат өңірлерде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе облыстың географиялық ерекшелігі аталған мәселеге айрықша назар аударуды талап етеді. Себебі өңір аумағында есірткі заттарын дайындауға шикізат болатын жабайы қарасора өсетін Шу алқабы орналасқан.
Табиғи жағдайда 65 мың гектардан астам аумақты алып жатқан бұл өңір есірткі бизнесі үшін қолайлы аймақтардың бірі саналады. Осыған байланысты облыс прокуратурасы есірткі қылмыстарының алдын алу, олардың құқықтық салдарын түсіндіру және қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мемлекеттік органдармен, құқық қорғау құрылымдарымен, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жүйелі жолға қойылған.
Ағымдағы жылдың өзінде прокуратураның үйлестіруімен мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында 1003 дәріс оқылып, 112 профилактикалық акция, 60 семинар және 81 спорттық іс-шара өткізілген. Бұл – жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында есірткі қылмыстарының қоғамдық қауіптілігі туралы 600-ден астам материал жарық көрсе, әлеуметтік желілер мен ақпараттық ресурстарда 900-ден астам жарияланым орналастырылған. Прокуратура бастамасымен іске қосылған «Есірткісіз болашақ» профилактикалық жобасы да нақты нәтижелер беруде. Жоба аясында жабайы қарасора өсетін учаскелер анықталып, бір ғана жылдың ішінде 5 887 гектар аумақта 3 919 тонна есірткі құрамды өсімдіктер жойылған.
Бұл шаралар еліміздің басқа өңірлеріне есірткінің таралуын едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Егер алдыңғы жылдары ондаған дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш бір фактіге дейін төмендеген. Есірткі қылмыстарының қауіптілігі тек заң бұзушылықпен шектелмейді. Ол халықтың денсаулығына, қоғамдық мораль мен қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сонымен қатар есірткі құралдарының заңсыз айналымы ұйымдасқан қылмыстың өршуіне, жастардың қылмыстық ортаға тартылуына және өзге де ауыр қылмыстардың жасалуына себеп болады. Бірқатар фитозертханалар мен наркозертханалар әшкереленіп, халықаралық және өңірлік деңгейдегі есірткі жеткізу арналарының жолы кесілді. Синтетикалық есірткі өндірумен және таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті тоқтатылып, ірі көлемде есірткі заттары тәркіленді. Цифрлық кеңістіктегі есірткі насихатына қарсы күрес те күшейтілген. Облыс прокуратурасы әзірлеген «NarkoShekteuTaraz» телеграм-боты арқылы мыңдаған есірткі сайттары бұғатталып, қала көшелеріндегі граффити жазбалар жойылды. Сондай-ақ есірткі құралдарын насихаттау фактілері бойынша қылмыстық істер тіркеліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылуда.
Заңнамадағы өзгерістер де бұл бағыттағы күресті күшейтуге бағытталған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа бапқа сәйкес, енді есірткіні медициналық емес мақсатта тұтынудың өзі жауапкершілікке әкеледі. Ал Қылмыстық кодекске енгізілген «дропперлік» туралы бап есірткі бизнесінің қаржылық тетіктерін жоюға мүмкіндік беріп отыр. Заңсыз ақша аударымдарына қатысқан тұлғалар үшін қатаң жаза, мүлкін тәркілеу және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Кезде су соңында облыс прокурорының орынбасары есірткі қылмыстарына қатысудың ауыр салдары бар екенін еске салып, бұл індетке қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Прокуратура органдары алдағы уақытта да азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау жолында заңда көзделген барлық шараларды қабылдай бермек.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Шымкентте «MacCoffee» 3/1 дайындаған заңсыз цех әшкереленді
- 19 желтоқсан, 2025
Кереуеттің астынан есірткі табылды
- 18 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




