«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

54мың өтініштің 70 пайызы шешімін тапқан

54мың өтініштің 70 пайызы шешімін тапқан
Автор
Amanat партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, сондайақ бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты. Фракция отырысын партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Фракция отырысында алдымен Amanat партиясының облыс бойынша 2023- 2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасындағы 2025 жылға межеленген көрсеткіштердің орындалу барысы қаралды. Бұл бойынша облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндама жасап, негізгі нәтижелерге тоқталды. Атап айтқанда, Жол картасы аясында өңірде 5 басым бағыт, 18 міндет және 103 нысаналы көрсеткіш белгіленген. 2025 жылға дейінгі меженің ішінде биыл 78 көрсеткішті орындау жоспарланған.

Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, оның нәтижесі өңір экономикасының өсіміне оң әсер етіп отыр. Әсіресе инвестиция тарту, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және тұрғын үй құрылысы бағыттарында нақты ілгерілеу байқалады. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде өңірде партияның «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы 2025 жылы жо спарланған шараларды іске асыруға 136,8 миллиард теңге бағытталған. Әлеуметтікэкономикалық дамуға тоқталсақ, облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9 пайызға өскен.

Он бір айда қысқамерзімді экономикалық өсім 109,4 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 16 пайызға, ауыл шаруашылығы – 1,4, құрылыс жұмыстары – 20,4, тұрғын үй – 1,1, көлік – 2,9, байланыс – 9,5, негізгі капиталға инвестиция 33,1 пайызға артты. Жыл басынан бері 1,2 триллион теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 10,9 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімі өндірісінің шамамен 62,1 пайызы өңдеу секторына тиесілі, ондағы кәсіпорындармен республика бойынша 100 пайыз натрий триполифосфаты, натрий цианиді, аммофос, сары фосфор және 40 пайыз қант өндіріледі. Жыл басынан бері салаға 203,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты 1,5 есеге ұлғайды.

– Жыл басынан облыс экономикасына 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, оның 82 пайызы жекеменшік қаражат. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі жеке инвестициялар үлесі бойынша облыс көшбасшы бестік қатарында. Өңірге тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша республикада үшінші орындамыз. Облыста іске асырылуы 2029 жылға дейін қарастырылған 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы құны 4,1 триллион теңге құрайтын 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды, оның 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен. Жылдың соңына дейін 161 миллиард теңгеге 1,1 мың жұмыс орны құрылатын 26 инвестициялық жоба іске асырылады. Биыл жыл басынан 27,5 миллиард теңгеге 21 жоба іске асырылып, 550 жұмыс орны құрылды. «Тараз» индустриялық аймағының аумағында 1300 жұмыс орны құрылатын 113 миллиард теңгеге 23 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 11,3 миллиард теңгеге 9 жобасы пайдалануға беріліп, 200 жұмыс орны ашылды, – дейді облыс әкімі...

Сондай-ақ бизнесті дамытуға облыстың қаржы институттарымен 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 миллиард теңге несие берілді. Берілген несиелердің ішінен мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 миллиард теңгеге 1218 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 18,1 пайызға артты. Үкіметтің қолдауымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік жайлары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып, онда 1,7 миллиард теңгеге 3 жоба жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 485,4 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 640 мың гектарға жетті. Өңірде 3,3 миллион тонна өнім жиналды.

Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт 1,7 пайызға артты. 61,8 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы бағытындағы жер телімі қайтарылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылды. Суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша облыста 66,5 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Өңірдің 6 ауданында 37,2 миллиард теңгеге 625 шақырым болатын 322 су нысаны қайта жаңартылуда.

Облыста су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында бірнеше жобалар іске асырылуда. Өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағын аудандар салынуда. Жыл басынан 642,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2190 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі. Жылдың соңына дейін 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалаларының 9 тұрғын алқабы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Нәтижесінде, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Газдандыру аясында облыстың 6 ауданында 20,5 миллиард теңгеге 14 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, газбен жабдықтау деңгейі 91,3 пайыздан 91,8 пайызға дейін жетеді. Биыл әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 46,6 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге артық. Президенттің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау есебінен 18,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 25 миллиард теңгеге 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде.

Жыл басынан 10 мектеп пайдалануға берілді, оның 4-і «Келешек мектептері» жобасы аясында. Жыл соңына дейін тағы 3 нысан құрылысы аяқталады. Биыл 4,1 миллиард теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 3-і пайдалануға беріледі. 3,1 миллиард теңгеге 21 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, 3 спорт кешені мен 90 спорт алаңы пайдалануға берілді. Тараз қаласында 3,5 миллиард теңге бюджеттен тыс қаржы есебінен балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиясының құрылысы басталды. Мәдениет пен туризм саласына да тиісті көңіл бөлінуде. Мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жүргізіліп, есепті кезеңде 10 нысан, оның ішінде Тектұрмас тарихи кешенінде «Ежелгі Бекініс» нысаны пайдалануға берілді. Туризм саласында 6 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылуда. 1,2 миллиард теңгеге 3 туристік нысанға ұзындығы 34,8 шақырым автомобиль жолдары салынды. 353 елді мекен мобильді интернетпен қамтамасыз етілді. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 12 антенналық-діңгекті құрылғылардың құрылысы жүргізілуде. Тараз қаласында 5G-мен 45 базалық станция іске қосылды.

Ербол Шырақпайұлы тұрғындардың өтініштері қашанда аяқсыз қалмайтынын, жыл басынан бері тіркелген 54 мың өтініштің 70 пайызы оң шешімін тапқанын, өткізген 21 жеке қабылдауда 272 азаматты қабылдағанын айтты. Онда тұрғындар тарапынан көтерілген 1981 сұрақ пен ұсыныстың 1436-сы оң шешім тапқан. Фракция жиынында депутаттар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар жолдап, тұшымды жауаптар алды. Сондай-ақ жиында игерілмеген және заңсыз пайдалануға берілген жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды қайта айналымға енгізу мәселелері қаралды.

Биыл облыс көлемінде 90 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны атап өтілді. Ендігі кезекте осы жерлердің мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қатаң бақылауда ұстау маңызды. Әсіресе жайылымдық жерлерді пайдалану бағытында нақты тәртіп пен жер пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет екені айтылды. Жиын барысында фракция мүшелері жыл бойы атқарған жұмыстары бойынша есеп беріп, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Осылайша, фракция отырысында жылды қорытындылап қана қоймай, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер де айқындалды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар