«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күләш ақынның қабірінде күмбезді мазар тұрса

Күләш ақынның қабірінде күмбезді мазар тұрса
Автор
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Тараз қаласының Құрметті азаматы.

Күләш апам дүниеден озған күні былай деп жазыппын:

– Осыдан біраз жыл бұрын «Бірі – ақыл, парасат, бірі – дарын!» деп ақ апам, ақын апам Күләш жайлы толғанып едім. Түнде ақ апамның үйіндегі Қайырбек көкеме, Жарқын ініме көңіл айтып, қастарында отырғанымда сол толғауым есіме оралды. Сондағы ақ апамның риза болып телефон шалғаны, ұзақ әңгімелескені есіме түсіп, көзіме жас үйірілді. Ақ апам ылғи телефон шалып тұрушы еді. «Көсемжан» деп бастайтын жіңішке үні де құлағымда тұр. Енді ол дауысты естімейтінімді ойлағанда, жүрек шіркін қарс айырылғандай болады. Қош, ақ апа! «Таланттар ауылда туып, астанада өледі» деген сөзді жоққа шығарып, қасиетті Әулиеатаңа келіп ақтық деміңді алған, ақ апам! Жырдағы тұсауыңды кескен Әулиеата ғана емес, күллі Алаш жұрты қазаңызды естіп, күңіреніп кетті. Әлеуметтік желінің беті аңырап тұр. Бірақ өлмейтін жыры бар ақ апам өлген жоқ. Ол жүрегіндегі жыры мен сырын халқына ақтарып болып, қасиетті Тектұрмастың басына демалып, бір сәт мызғып алуға кетті. Содан кейін қайтып оралады. Киелі Әулиеатада екі арудың сәукелелі екі мазары тұрады енді. Оның бірі – Айша бибі ананың, екіншісі – ақ апам Күләш арудың күмбезі! Қош, ақ апа, ақын апа!». Ал бүгін айтайын дегенім, ақ апамыздың, ақын апамыздың қабірі Тектұрмастың ең биігінен бұйырғанын, енді сол қоңырқайған қабір үстінен ақын жанына тән ақ сәукелелі күмбезі бар мазар орнатуды ақылға салу. Тектұрмаста небір мазарлар тұр. Бар адамдардың, бақуатты адамдардың мазары екенін сәні мен салтанатынан бірден аңғарасың. Ақын жаны да баймын, бармын дегендерден кем емес. Өйткені ақынның жүрегі мен құшағына бар әлем, барша халық сыйып кетеді. Күллі қазағын айтпағанда, ақ апамыз бір қолымен әлемді, бір қолымен қазағын тербеген жаны нәзік ақын болды. Қуаты сарқылғанша халқына бойындағы барын да, нәрін де берді. Жырын да, сырын да ақтарды. Ендігі кезек халқында. Халықтың ес тұтары – бай-бағыландарында. Аса өзенінің бір жағында Айша бибі, Талас өзенінің бір жағында ақын апамыз Күләш мазарының күмбездері бір-біріне сәлем жолдағандай, көк тіреп тұрса қандай жарасымды. Ақын әруағына Құран бағыштау үшін алысжақыннан келген қонақтар алдында да жерге қарамас едік. Сол биікке арнайы жол салып, баспалдақтар жасалса, Қайырбек ағамен бір шаңырақ астында қос аққудай жарасып, елу жылдан астам адал махаббатпен өмір сүрген Күләш апамыздың басына жас жұбайлар да «жұғысты болсын» айта барып, зиярат етер еді. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген.

Ғасырлар өтсе де мызғымайтын ақын мазарын салуға жергілікті билік бас болса, ал бақуатты кәсіпкерлер қолдаса, бұл да бір Алла тағаланың шапағаты жауатын игі, иманды іс болмақ.

Ұқсас жаңалықтар