Бас прокуратурада облыстардың және оларға теңестірілген прокурорлардың қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн-қосылуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында прокуратура органдарының 2025 жылғы қадағалау қызметінің қорытындылары талқыланды.
Бас Прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне қайта құру туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады.
Ол Мемлекет басшысымен прокуратураның алдына қойған міндеттердің үлкен жауапкершілік жүктейтінін және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесінде нақты қадамдар қабылдай отырып, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейде жұмыс істеуді талап ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, Бас Прокурор Берік Асылов 2025 жылдың 11 айында прокуратура органдары шамамен 200 мың азаматтың әлеуметтік құқықтарын қалпына келтіргенін айтты. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері мемлекетке келтірілген зиянның 1 триллион теңгеден астамы өтеліп, 215 млрд теңге бюджет шығындарына жол берілмеді.
– Сот саласында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Қадағалау шеңберінде мыңға жуық адамға қатысты сот актілері заң талаптарына сәйкестендіріліп, 150 сотталғанның жағдайы жақсартылды, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша шамамен 3 мың сот актісі түзетілді. Мемлекеттік айыптаушылардың алғашқы Халықаралық форумы өткізіліп, оның барысында прокурорлар ТМҰ-ға мүше және байқаушы елдердің әріптестерімен адам құқықтарын қорғау саласындағы ұсыныстар мен практикалық тәжірибемен алмасты. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық жобаларға құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Прокурорлар тарапынан 2 мыңға жуық инвесторға қолдау көрсетілді. Мәселен, Маңғыстау облысының прокуратурасы «Aktau Mall» ЖШС инвесторының (сауда-ойын-сауық орталығын салу) өтінішін қарау барысында Фронт-офис жұмысы шеңберінде инфрақұрылымды тартуға (кәріз жүйесі, жол) және нысанды пайдалануға беруге байланысты 3 проблемалық мәселені шешті. Қабылданған шаралар 20 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тарту арқылы 1 500 жұмыс орнын құруға бағытталған. Астана қаласының прокуратурасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Orbis Heavy Machinery» ЖШС-мен KIA брендіндегі арнайы автокөліктерді шығару жөніндегі келісім жасасуына құқықтық сүйемелдеу ұйымдастырды. Жоба аясында инвестиция көлемі 5,5 млрд теңгені құрып, 150 жұмыс орны құрылатын болады. «Almaty Museum of Arts» ҚҚ инвесторының өтініші бойынша Алматы қаласының прокуратурасы уәкілетті органның заңсыз әрекеттерінің жолын кесті. Аталған орган рұқсаттың болуына қарамастан абаттандыру жұмыстарын заңсыз тоқтатып, ағаш кесуге арналған құралдарды алып қойған (44 млрд теңге көлеміндегі заманауи өнер музейінің құрылысы). Қадағалау және тергеу органдары қызметін үйлестіру шараларының нәтижесінде бизнеске қатысты басталған қылмыстық істер саны екі есеге азайды. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру арқылы бұл бағыттағы жұмыс жаңа деңгейге шығып, ол инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және экономикалық өсімді күшейтудің жүйелі құралына айналады, — деді Берік Асылов.

Ұқсас жаңалықтар
Кереуеттің астынан есірткі табылды
- 18 желтоқсан, 2025
Жамбыл облысында "Жас сақшы" сыныбының оқушылары ант қабылдады
- 17 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




