Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана
- author «Ақ жол»
- 18 желтоқсан, 2025
- 427
Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана
Әулиеата жері – ежелден-ақ ғұлама ғалымдар мен ойшылдардың мекені. Сол рухани дәстүр жалғасын тауып, өңірдегі шығармашыл жандарға қолдау көрсетіліп келеді. Жыл басында жобаның ресми ашылуында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді сақтау – аса маңызды. Жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту – біздің басты мақсатымыз. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байытатын ең құнды құрал, оны ешбір ақпарат көзі алмастыра алмайды», – деп атап өткен болатын.
Осы мақсатта жүзеге асырылған «Ең үздік ауылдық кітапхана», «Үздік оқырман», «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауларына қатысушылардың материалдары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар LED экран арқылы жоба аясындағы негізгі бағыттар мен байқаулар таныстырылды. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» кітап экспозициясы ұйымдастырылып, жергілікті 24 ақынжазушының еңбектері де салтанатты кеш барысында көрсетілді. Жиынды ізгі тілегімен бастаған ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр Дария» облыстық газетінің бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионов жобаның маңыздылығына тоқталды.
– «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы еліміз бойынша бірегей бастама. Тыңнан түрен салған жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті. Мойындауымыз керек, бүгінде біздің халқымыз, әсіресе жастарымыз кітап оқудан қол үзіп қалғандығы шындық. Бірер аға буын өкілдері болмаса әдеби кітапты қолға ұстап, парақтауға екінің бірі бара бермейтін жағдайға жеткенбіз. Кітап оқуға шақырған жоба халықтың мәдени, рухани қажеттілігін өтеумен айналысатын біраз мекемелердің жұмысын жандандырды. Қай кезде де біздің ақын-жазушыларымыздың шығармашылық таланты көзден таса болған емес, десек те «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жергілікті қаламгерлердің шығармашылық еңбегіне жаңа өріс ашылды. Кітапханалармен қоса Ш. Мұртаза атындағы тарихтану және руханият орталығында апта сайын жергілікті ақын-жазушыларымыз бен журналистеріміздің жаңа кітаптарының тұсауы кесіліп, шығармашылық кештер ұйымдастырылып, оқырман қауымға рухани нәр сыйланды. Жасанды интеллект, цифрландыру алға озып, күллі әлемнің рухани әлеуеті алақандай гаджеттің қуысқуысына сыйып кетіп тұрған уақытта жаппай кітап оқитын ұлт қалыптастыру оңай шаруа бола қоймас. Сондықтан аталған жоба бір жылдық сипатқа ие болмау керек, ынталандыру шараларын қолданған жөн деп ойлаймын. Кітап, газет оқыған адамның ойөрісі кең, рухы биік болатынын ұмытпауымыз керек. Кітап оқымаған адам кез келген бетпе-бет пікір алмасуда ойын жеткізуге қиналып, қызмет барысында адамдармен байланыс жасауда ұтылып жатыр. Кітап оқымайтын адам рухани сақау, жүдеу болады. Тағы бір мәселе – біз мемлекеттік тілді дамытуда билікті кінәлаймыз, алайда кінә өзімізден болып жатқанын мойындағымыз келмейді. Мемлекеттік тіліміздің өрісі кеңеюіне көбіміздің кітап, газет-журнал оқымайтынымыз кедергі келтіріп жатыр. Осындай кемшіліктерді түзеу үшін де аталған жоба секілді бастамаларымыз баянды болуын тілеймін, – деді Жаңабай Миллионов.
Білімге, руханиятқа, парасатқа ұмтылған елдің айғағы болған жоба аясында жыл бойы «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Кітапхана – мәдениет ордасы», «Ойыма ой қосқан шығарма», «Book & Art», «Anime», «Кітап мұхитындағы аралдар», «Жастар – кітап әлемінде», «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Өміріме әсер еткен бір кітап», «Отбасымызбен бірге оқимыз», «Жазғы демалыс кітаппен бірге», «Жүзден жүйрік» және тағы да басқа іс-шаралар кешені өткізілді. Соның нәтижесінде құнды қазынаға деген көпшіліктің қызығушылығы оянып, кітапханаға баратындардың қарасы қалыңдады.
– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың 3-отырысында «Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткен болатын. Кітап, әсіресе көркем әдебиет, адамның ой-санасын тәрбиелеп, дүниетанымын кеңейтеді. Осы асыл мұратты негізге ала отырып, өңірімізде де руханият пен әдебиетті дамыту, қаламгерлерге қолдау көрсету, кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде насихаттау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүзеге асып келеді. Бүгін қорытындыланып отырған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы тек кітап оқуды насихаттауға бағытталған бастама ғана емес, рухани жаңғырудың білім мен мәдениеттің дамуына серпін берген маңызды жоба. Осы жоба аясында кітапханалар жаңарып, жастар мен оқырмандардың белсенділігі артты. Қазіргі уақытта цифрлық жүйе өмірімізге кеңінен еніп, кез келген нәрсе мобильдік қосымша арқылы қолжетімді болуда. Соның бір дәлелі – биыл іске қосылған «Әулиеата кітапханасы» мобильді қосымшасы. Өңіріміздің рухани өміріне серпін беретін бұл жоба облыс әкімінің қолдауымен іске асырылып, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттауға бағытталды. Қазіргі таңда қосымшаға 115 қаламгердің шығармалары енгізілген. Облыс көлемінде жыл бойы ұйымдастырылған «Ой шебері» зияткерлік ойыны барысында қатысушылардың барлығы осы мобильдік қосымшаны қолданып, көркем шығармаларды сол платформа арқылы талдады. Жалпы, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыс кітапханаларында 7 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылып, 210 мың оқырман қамтылды. Нәтижесінде кітап оқуға ынталы жастардың көбейіп келе жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Осы игі жобаға атсалысқан баршаға алғыс білдіремін. Бүгінгі жоба қорытындысына арналған салтанатты жиын да рухани серпіліс сыйлап, жаңа бастамаларға жол ашады деген сенімдемін, – деген облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай жоба аясында белсенділік танытып, үлес қосқан үздік оқырмандар мен кітап жанашырларын марапаттады.
«Үздік автор» номинациясымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және өлең өлкесіне өзіндік лебімен, өрнегімен келген ақын, газетіміздің жауапты хатшысы Нұржан Қадірәлі марапатталды. Ауыл тұрғындарының рухани орталығына айналған, жаңа идеяларымен ерекшеленген үздік ауылдық кітапханалардың да еңбегі еленді.
«Ең үздік ауылдық кітапхана – 2025» облыстық байқауының бас жүлдесі Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылдық кітапханасына бұйырса, І орынды Т. Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылдық кітапханасы, ІІ орынды Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық кітапханасы, ІІІ орынды Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылдық кітапханасы иеленді. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» атты облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары да сый-сияпатқа ие болды. Сонымен қатар кітапқа деген сүйіспеншілігімен, үздіксіз ізденісімен және белсенділігімен көзге түскен, өз ортасына кітап оқуды үлгі ететін «Үздік оқырмандар» да марапатталды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жүрегімен жыр жазып, жігерімен жарқылдаған
- 20 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




