Байзақтықтар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылды
Айта кетейік, биылғы жоспарға сай өңіріміздегі 24 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын үй алабында ауыз су нысандарының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 19 елді мекен мен 5 тұрғын үй алабындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, әулиеаталықтар тіршілік нәріне қол жеткізді. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту көрсеткіші – қалаларда 99,8, ауылдық елді мекендерде 99,6 пайызды құрап отыр.
Бұдан бөлек бұл күнде 3 елді мекен мен 4 тұрғын үй алабындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері қолға алынған. Сонымен қатар қалған 2 нысанда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалды. Ал күні кеше Байзақ ауданындағы Жаңасаз ауылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Сазтерек ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің бірі саналатын аталған ауылда 50-ден астам түтін бар. Бір қуанарлығы, бұған дейін дәл осы елді мекенде әлеуметтік мәселелер рет-ретімен өз шешімін тауыпты. Нақтылай түссек, аядай ғана ауыл тұрғындары үшін газ құбыры тартылып, жарық шамдары орнатылған. Енді міне, жаңасаздық жұртшылық көптен күткен ауыз суға да қол жеткізіп отыр. Қарапайым халықтың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Олжас Баққараевтың айтуынша, алдағы уақытта шалғайдағы елді мекендерге балалар ойын алаңшалары мен футбол алаңдарын салу жоспарда бар.
– Шын мәнінде, әлеуметтік мәселелердің өз шешімін табуы – тұрғындардың сол ауылдарда тұрақтануына өз септігін тигізері сөзсіз. Ал жұртшылық жиналған жерде елді мекеннің көркейіп, халықтың әл-ауқаты артады. Өздеріңізге белгілі, биыл республикалық бюджеттен ауданымызда жаңа 3 ауыз су имаратын салуға және құбырларды жөндеуге қаржы бөлінді. Бүгінде аудандағы 17 ауылдық округте 40 елді мекен бар. Қазіргі таңда байзақтықтар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Себебі бүгін соңғы нысан ел игілігіне беріліп отыр. Бастысы, Президент тапсырмасы орындалды, – деді Олжас Елебекұлы.
Атап өтейік, жобаның жалпы құны – 435 миллион теңгені құрайды. «Грандстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізген нысан тәулігіне бірнеше текшеметр ауыз су өндіруге қауқарлы. Осы ретте ауыл қариясы Жұмахан Жәдіков жаңасаздықтардың талап-тілегіне құлақ асқан жергілікті билік өкілдеріне өз ризашылығын білдірді.
– Біздің ауылда ауыз судан басқа мәселе жоқ. Тіршілік нәрінің болмауы – жаңасаздықтарға айтарлықтай ауыртпашылық салды. Әсіресе қыстыгүні қатты қиналатынбыз. Тіпті осы мәселенің шешілмегенінен қажып, ауылдан көшіп кеткендер де болды. Сәтін салып, бүгін ауылымызға таза ауыз су беріліп отыр. Жалпы, ауыл болып қуанып отырмыз. Осы істің басқасында жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз, – дейді Ж. Жәдіков.
Естеріңізде болса, бірер апта бұрын аталған аудандағы Төрткөл ауылы да орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған еді. Ал Дихан ауылының ауыз су құбырын қайта жаңғырту жобасы бойынша аудандық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бұдан бөлек Бурыл, Сарыкемер және Мәдімар ауылдарында ауыз су құбырларын жаңғырту бойынша жобалықсметалық құжаттамалары әзірленуде.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




