Қалыбек аға 1954 жылы 3 наурызда облысымыздың Тұрар Рысқұлов ауданындағы Қазақ ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Каменка орта мектебін бітіріп, еңбек жолын осы аудандағы «Путь к коммунизму» колхозында тракторшы болып бастайды. Содан 1970-1972 жылдары Меркі ауданындағы «Қазақстан» сельпосында және «Гранитогорск автомобиль жөндеу зауытында» жұмысшы болып еңбек етеді. Кейін Тұрар Рысқұлов (бұрынғы Луговой) ауданындағы Абай атындағы орта мектепте 1972-1973 жылдары мұғалім болады. Алайда журналист болсам деген арманы алға жетелеп, сол кездегі ел астанасы Алматыға барып, 1973 жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.
Жоғары оқу орнын 1978 жылы үздік бітіріп, ең алғашқы журналистік жолын осы жылы «Лениншіл жас» яғни, бүгінгі күні 100 жылдан астам тарихы бар «Жас Алаш» газетінде тілші болып бастайды. Балалық арманы жетелеген ол осы салада жүріп, 1980-1998 жылдары Қазақ радиосында редактор, аға редактор, Шымкент облысындағы меншікті тілші қызметін атқарады. Ал 1998-2002 жылдары «Хабар» агенттігінің Өзбекстан Республикасы мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, 2002-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық телеарналарының директоры, 2010-2017 жылдары республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясы департамент директоры, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы, 2017-2018 жылдары Тараздағы «77 TV» телекомпаниясының директоры қызметтерін атқарады.
Қалыбек ағаның Жамбыл руханиятына да сіңірген еңбегі көп. Ол 2020 жылдың наурыз айынан бастап Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі болды. Осы кезеңдерде өзінің журналистикадағы тәжірибесінің арқасында Әулиеата өңірінің рухани және тарихи әлеуетінің кең насихатталуына атсалысып, көптеген тың деректердің жарық көруіне мұрындық болды. Ол адал еңбегінің арқасында Қазақстанның Құрметті журналисі, Телевизия және радио саласының үздігі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанды. Өзінің туған ауылы туралы «Бомбей» әңгімелер жинағы жарыққа шығарып, бұл кітап көпшіліктің іздеп жүріп оқитын туындысына айналды. Зейнет жасына жеткеннен кейін де облыстың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, мәдениет саласында да өз ізін қалдыра білген жарқын азамат болды. 2022 жылы Қалекеңнің ұлы Айдос әкесі туралы «Қазақтың Қалыбегі» деген естеліктер, әңгімелер мен эсселер жинағын құрастырды. Бұл жинақтың маңыздылығы – аптал азаматтың артында өшпес мұра, игі бастамалар қалдырғанында.
Кітапты құрастырушы Айдос Қалыбекұлы кітап кіріспесінде:
«Қазақтың Қалыбегі атанған әкеміз Калыбек Атжанның рухына арнап, естеліктер кітабын шығару бізге парыз!», – деді анашым Рахия Найманбайқызы белін бекем буып, айналасына ұл-қыз, немерелерін жинаған күйі ойлана сөйлеп.
«Тәуекел» деп игі істі бастап кеттік. Жинақта ой толғаған әкемнің аға-әпкелері, дос-жолдастары бірауыздан «Сен туралы естелік жазамын деп ойлап па едім» деп өкініш, қимас сезімдерін ортаға салды. Айтса айтқандай, қарымды қаламгер әкеміз көзі тірісінде ақ адал еңбегімен, шыншыл, талапшыл мінезімен өз ортасында сыйлы болды. Отбасындағы балалары біздерге қамқор, ақылгөй болуымен қатар, замандастарының ортасында да ел ағасы биігіне көтерілгенін көреміз. Еліміздің екі ірі облысы Шымкент пен Тараз теледидарында қызмет еткен, басшы болған жылдары осы өңірлердегі өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне белсене атсалысты. Қоғамдық ой-пікір қалыптастырды. Жаңа, жарқын бастамаларға ұйытқы болды» – деп ой қозғайды.
Айтса айтқандай, Қалыбек Жапайұлының өнегелі өмірі, азаматтық ұстанымы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық.
Фарида МЕТЕРҚҰЛОВА
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері.
Ұқсас жаңалықтар
«Таңымыз нұрлы, шуақты болсын!»
- Бүгін, 06:21
«Қасиетті қара шаңырақта жемісті еңбек ете беремін»
- Бүгін, 06:11
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




