«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күреспен өткен күндерімді бақытым деп санаймын

Күреспен өткен күндерімді бақытым деп санаймын
Автор
Немере інісі болып келетін Тұрлықұл қария Мекемтас ағамыздың төлқұжатында 1930 деп көрсетілген туған жылы туралы деректің, шын мәнінде 1928 жыл екендігін айтқаны бар. 1941 жылы елдегі азаматтардың барлығы соғысқа аттанып жатқанда Сейтқұл деген немере ағасы: «Біз майданнан ораламыз ба, оралмаймыз ба Алла біледі. Оралмай қалған жағдайда, артымызда әулетіміздің отын сөндірмейтін інілеріміз қалсын...», – деп аудандық кеңсеге арнайы кіріп інісі Мекемтастың туған жылын 1930 деп жаздыртып беріп кеткен. «Кейін сол төлқұжат өзгертілмей қалып қойды ғой», – деп ағайдың көзі тірісінде айтқанын естігенім бар. Соған қарағанда, Мекемтас ағай тоқсанның жетісін толтырып барып өмірден озған екен.

Әкемнің мені әуелете жоғары көтеріп, бетіме күліп тұрған бейнесі еміс-еміс есімде қалыпты деп отыратын. Ақ сақалы белуарына түсіп, аузынан Алласын тастамайтын әкесі тақуа жан болыпты. Зергерлікпен айналысқан. Темір терсекпен жұмыс жасаса да, ол кісінің бой басына шаң жуытпай таза ұстайтын, ел-жұрт, ауыл-аймағына сыйлы болғандығын жергілікті көнекөз қариялардан естідік. Халықты қынадай қырған саяси зобалаң Мырзахмет зергердің де шаңырағын шайқалтыпты. Бірде қызыл жағалылар баса-көктеп кіріп келіп «Халық жауысың» деп шаруасымен айналысып отырған жерінен Мырзахметті айдап әкетеді. Сол кеткеннен біраз уақытқа дейін қамауда болған Мырзахмет қария науқасқа шалдығады. Сөйтіп әкесінің орнына кепілдікке үлкен ұлы қамаққа алынып Мырзахмет қарияны тұтқыннан босатады. Бірақ сол науқастан айыға алмаған күйде әкесі өмірден озады. Кейін ағасы да сол қамаудан ауырып келіп, көп ұзамай ол да көз жұмады. Ал қандықол қызыл жағалылар «зергердің үйінде тығып қойған алтын-күмістер болмауы мүмкін емес» деп, отбасының өз қолдарымен соққан екі қабатты ағаш үйлерін өртеп жібереді.

Осылайша тағдырдың жазуынан, әлде адамзаттың азғындығының кесірінен күйреген шаңырақтың орнында қос құлыншағын бауырына басқан Зәуре ана сопиып жалғыз қалады. 31-ші жылғы аштық жас ана Зәуренің де алқымынан алады. Өзінен бұрын перзенттерінің қамын ойлаған Зәуре ана көрші ауылға тұрмысқа шыққан сіңлісін іздеп жолға шығады. Жолай аш қасқырлардың шабуылына тап болып, амалының жоғынан қолындағы құндақтаулы қызы Ажарды қалдырып қашып құтылады. Сол оқиғаны айтқан сайын ағайдың жұмыр жүрегіне шер боп қатқан қасіретті мұңның табы жанарына үйірілетіні байқалатын...

Мекемтас ағай он төрт, он беске келген шағында анасы Зәуре кенеттен аяғын мертіктіріп, ақыры сол аурудан көз жұмады. Содан кейін-ақ жетімдіктің зардабы басталады. Бастапқыда ауылдағы жамағайындарының үйін паналап жүреді. Бала жасынан білімге жаны құштар Мекемтас Мырзахметұлы ауылдан алты шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылдағы мектепке барып оқиды. Ауыл балалары топтанып мектепке шыққанымен, орта жолдағы қамысты көлдің жанына келгенде үйрек, қаз атып, соны отқа қақтап жеу үшін басқалары қалып қояды екен. Аштық пен жетімдік титықтатқан бала Мекемтас Жамбылдағы есеп техникумына келіп оқуға түседі.

«Сондағы менің техникумға келуімнің бірінші себебі, онда оқитындарға күнделікті екі жүз грамнан тегін нан беріледі екен. Екіншіден, есепші мамандығын меңгеріп алып, банкир болсам ең болмағанда тамағым тоқ болар» деген ой ғой» дейтін ғалым. Тура сол жылы қыс қатты болады. Үстіндегі өзі көнетоз, өзі жұқа күртесімен әупірімдеп күнелтіп жүргенінде Бүркітбай деген қалада аты шулы жігіттің құрығына ілінеді. Ол өзінің қол астына кілең жетім балаларды жинап алады да төбелестің тактикаларына жаттықтырады. Күн батқан соң қыстың қақаған аязында Талас өзенін белуардан кештіріп балаларға ұн тасытқызады. Әрқайсысы елу килограмм болатын ұн қаптарын балалар бастарына қойып тасиды. Сөйтіп жүріп ол ұнның диірменнен ұрлық жолмен шығарылатынын біліп қалады. Енді қалайда бұл бұзақы топ құрамынан шығып кетудің амалын ойластырып жүргенінде күтпеген жерден Бүркітбай өзін-өзі поездың астына тастапты деген суық хабарды естиді. Сол су кешкеннен бойын суық алып қалған бала Мекемтас мұрттай ұшады. Ұзақ уақыт әлсіреп, зорға дегенде оңалады да көрші ауылда тұратын әпкесі Күләнданыкіне барады. Сөйтіп сай-салаларда орылмай қалып кеткен шөптерді шауып, онысын сатып жол қаражатын қамдап алады. Ендігі мақсаты арман қуып Алматыға жол тарту.

Әуелінде ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Бірде дәріс оқып тұрған оқытушы «Жақында коммунизм болады. Сол кезде заң мамандарына сұраныс тоқтап, сендер жұмыссыз қаласыңдар», – дейді. Оны ести салып құжатын алады да, ҚазПИдің филология факультетіне барып оқуын жалғастырады. Оқуда озат, тәртіпті және үнемі мұнтаздай таза жігітке қыз біткен қызыға қарайды. Сол көп арудың арасынан Бағира апайға сезімі оянады. Ойы мен көңілі үндескен екі жас шаңырақ көтереді. Оқуды үздік дипломмен бітірген жас жұбайларға Шымкенттегі педагогикалық институтқа жолдама беріледі. Алайда оқу орнының басшылығы сенің мамандығың бойынша сағат жоқ деп, Мекемтас ағайға атеизм пәнін жүргізуге бұйрық шығарады. «Не нәрсенің де қайыры бар дегендей, сол атеизмнен сабақ беру барысында діндердің тарихы, философиясы туралы көп ізденіп, көкірек көзім ояна бастады», – дейді ағай. Кейін Шыршықтағы педагогикалық институтқа оқытушылық қызметке ауысады. Сол жерде қызмет істеп жүріп күтпеген жерден Бауыржан Момышұлымен танысудың сәті түседі.

Студенттермен кездесуге шақыртылған Бауыржан Момышұлын Сарыағаштағы демалып жатқан санаторийіне шығарып салады. Жолда Баукең жөн сұраса келе бұл кісінің Түлкібастағы Мырзахмет зергердің ұлы екендігін естігенде: «Мен милицияда істеп жүргенімде жұмыс бабымен іссапарға баратын болдым. Жолға шығарда әкем сен барғалы жатқан маңда Мырзахмет деген сыйлы кісі бар. Мүмкіндік болса арнайы соғып, сәлем бере кеткенің жөн. Менен сәлем айтарсың деген еді. Сол кезде әкеңнің көзін көргенмін», – дейді. Санаторийге келген соң Алматыдағы Ғылым академиясының тіл әдебиет институтын басқарып отырған Мәлік Ғабдуллинге телефон шалып, аспирантураға түсуіне көмектеседі. Сол уақытта мектеп директоры болып қызмет істеп жүрген Бағира апай үйдегі төрт баланы алдыға тартып жатпастан, күйеуінің оқуға баруына қолдау білдіреді. Аспирантурада жүргенде Бауыржан Момышұлының үйінде тұрған ағай, батыр ағасының жанынан тастамай алып жүретін сенімді досына айналады.

«Сол кездердегі Баукеңнен алған тәлімім менің өмірлік көзқарасымды түбегейлі өзгертті», – дегенді ағайдың аузынан жиі еститінбіз. Аспирантурада профессор Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен «Абайтанудың тарихы» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Ғылым жолында тұтас бір саланың жарты ғасырлық тарихын тауыса зерттеген диссертантының алғырлығына тәнті болған профессор оған докторлық диссертация жазуға кеңес береді. Сөйтіп енді Абай «жұмбағының» сырын табуға кірісіп кетеді.

Мекемтас ағай ғылымда «Абайдың ақындық кітапханасы» деген теорияны негіздеп берді. Оның зәрулігі нанымды дәлелдермен тұжырымдалды. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілген» Абайдың алып дүниетанымы төрткүл дүниенің әр тарабынан тоғысқан т аным дестелерімен қордаланғанымен, кімнен, нені оқып білгені жайында атын атап, түсін түстерлік мәлімет жоқ. Сол құпияның сырына бойлаудағы ғылыми негізділікті ғалым классикалық шығыс поэзиясындағы көркемдік дәстүр және ондағы тақырыптық, жанрлық, стильдік ерекшеліктердің Абай поэзиясындағы белгі-бедерлері арқылы байыптап көрсетті. Шығыс қисса-дастандарының ықпалымен етек алған нәзирагөйлік дәстүр Абайдың шығармашылық мұрасында өзіндік тың өрнек тауып, әдебиетімізді түрлендіре түскендігін нақтылады. Ақын аудармаларындағы нәзирагөйлік дәстүрге тән шығыстық мақамдардың айрықшаланып көрсетілуі «ақындық кіт апхана» ауданын еселендіре түсті.

«Ақындық кітапхана» мәселесінде М. Әуезовтік ой тұнбаларының көздерін ашу шеберлігімен қоса, М.Мырзахметұлының ғылымдағы таптаурын жолдан оқшаулап, өзінше тыңнан түрен салатын әдістері аз емес. «Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар» деп ақынның өзі айтқанындай, қарапайым оқырманға көзтаса тұстарға контекстік желі тұрғысынан көңіл аударады. Мысалы, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде аты аталатын шығыстық ғұлама Ғұламаһи Дауани мен Абайдың арасындағы сабақтастық төңірегіндегі ғылыми талдаулар барысынан кезіктіреміз. Бұл жерде көркем шығармадағы ақынның өз сөзі яғни, басыңқы мағынада айтылған ілмек сөз негіз етіп ала отырып, аталған ғұламаның дүниетанымы, оның жазған еңбектеріндегі ойпікірлер, ұстаным, жеке көзқарас тағы басқа кеңінен қамтылған түрде тарқатылып талданады. Нәтижесінде, бұл ғұлама туралы Абайдың таным білігі сырттай емес, керісінше оның рухани мұраларымен толықтай танысып шыққандығының нанымды дәлелдерін келтіре отырып түсіндіреді. Осылайша М.Әуезовтің «Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ, Батысқа келгенде арқасын Шығысқа ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келді», – деген дәйек сөзінің ғылыми негізділігіне қанығамыз.

М. Мырзахметұлының методологиясындағы жаңашылдық абайтанудың М. Әуезовтен кейінгі дәуіріндегі жетістіктерге жол ашты. Сөйтіп «ақындық кітапхана» масштабын анықтауда А.Машанов Абай мен әл-Фараби дүниетанымдарындағы үндестікті тарқатса, Ғұламаһи Дауанимен рухани байланыс С. Оразалиевтің зерттеуінде ізерленді. Қ.Салғарин Абайдың тарихи таным-көзқарастарындағы шығыс тарихшыларының әсер ықпалын өнімді түрде дәйектеп шықты.

Абай мен Ж.Баласағұндағы рухани тамырластық, дәстүр жалғастығы және жаңашылдық туралы кең көлемдегі зерттеулерімен өнімді зерттеу жүргізген М. Әліпхан. Ал сопылық ілім орайындағы А.Ясауи мен Абайдың арасындағы іліктестік жайында М. Мырзахметұлынан кейін ара-тұра бірқатар татымды ой-пікірлер бой көрсеткенімен, бұл мәселені жеріне жеткізген еңбек әлі жоқ. Абай мен Гетенің бастары тоғысқан ойшылдық орманын Г.Бельгер барлап шықса, Ө.Күмісбаев Абай мен Шығыс шайырларындағы сарындастыққа шолу жасапты. Жаңа тұрпатты бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының барлығында да М. Мырзахметұлының ой бағдары басшылыққа алынған. Басым бөлігі тікелей М. Мырзахметұлының ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылды. Бүгінде отандық ғылым бағының жайқалуына үлес боп қосылып жатқан Мекемтас Мырзахметұлы мектебі өкілдерінің беталысы ғылым жолындағы ұстаз идеяларын дамыта зерттеу.

Әдебиеттану ғылымының ғана емес, жалпы ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абай әлеміне жетелеп әкелген ғылымның құдіретін сезініп, киесін сезіну биігіне көтерілген, Алланың бір сипаты Ғылымға ғашық Мекемтас Мырзахметұлы. Абай айтқан ғашықтық адамның ақыл-ой еңбегінің нәтижесінен туындап шығатын рухани өре. Ақтық сапарға аттанардан бірер күн бұрын Әз Ұстаздың: «Атқарылуға тиісті екі жұмысым қалып тұр. Біреуі – Баукеңнің қолжазба күйіндегі бірер дүниесін компьютерге теріп бастыру. Себебі ол кісінің жазуын өзгелердің түсінуі қиын, ал мен танып оқи аламын. Екіншісі, өмірбаянымды жазып шығуым керек. Ондағы мақсатым – өмірбаяным арқылы заманның шындығын ашып беру», – дегені бар...

Алқымнан алған қарттыққа дес бермей, алдына қойған мақсатқа деген талпынысына қарап іштегі рухани кемелділіктің өрісі семіп, сөнбейтіндігін толық сезіндім. Тоқсанның жетісіне табан тіреген шағында бойдағы тән қуатын ұрлаған кәріліктің, адамның жан әлемін нұрландырып тұратын рухани өрісқуатты ұрлауға әлі жетпейтіндігін ұқтым. Ал рухани кемелділіктің ең биік сапасы – ғашықтық деп аталса, оған жетелейтін күш – ғылым екен. Ғашықтық ғаламаты деген осы шығар.

 

Рахат САЛАМАТОВА

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Ұқсас жаңалықтар