«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елмен бірге есейген ұрпақ – еркіндіктің ең үлкен жемісі

Елмен бірге есейген ұрпақ – еркіндіктің ең үлкен жемісі
Автор
«Өткенін ұмытқанның – өскені өнбейді». Қазақстан тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген ұрпақ үшін егемендік – тарихтағы құрғақ дерек емес, тағдырмен біте қайнасқан ұғым. Олар азат елдің алғашқы қадамымен бірге есейіп, қоғамның өзгерісін көзбен көріп, санамен түйсінді. Бүгінде сол тәуелсіздік құрдастары елдің әр саласында еңбек етіп, мемлекеттің тірегіне айналып отыр.

Өнерде – ұлт рухын тірілтіп, құқық қорғау саласында – тыныштықты күзеп, журналистикада – шындықтың шырағын жағып, медицинада – адам өмірін сақтап, білімде – келешекке бағыт беріп жүрген бұл буынның жолы бір-ақ ұғыммен түйінделеді. Ол – елге адал қызмет ету.

Ұлттық өнердің жүгін арқалаған Айжан

«Өнер – халықтың жаны» дейді дана халқымыз. Осы сөздің салмағын терең сезінетін өнер иелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының бас балетмейстері, «Ақ кербез» би ансамблінің жетекшісі Айжан Қонарбаева. Ол қазақ биі саласында жиырма жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келеді. Айжан Қонарбаева үшін би – кәсіп ғана емес, тағдыр.

Халық қимылынан тарихты, мінезді, ананың әлдиі мен даланың үнін сезінген ол ұлттық бидің табиғи болмысын жоғалтпауға бар ғұмырын арнап келеді. Оның мақсаты – ғасырлар сүзгісінен өткен қазақ биін бүгінгі сахна тілімен сөйлету, бірақ түп-тамырынан ажыратпау. Тәуелсіздік жылдары қазақ биі жаңа тыныс алды. Айжан Санатқызы жетекшілік ететін «Ақкербез» ансамблі осы жолда биік белестерді бағындырды.

2025 жылы Түркістандағы республикалық байқауда жеңіске жету, Алматы қаласындағы Республика сарайы сахнасында өнер көрсету, Италия мен Сауд Арабиясындағы халықаралық фестивальдерге қатысу – көпжылдық еңбектің айғағы. «Тамыры мықты ағаш ғана дауылға шыдайды» дегендей, оның шығармашылығы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімінен қуат алады.

Қоғам тыныштығы – тұрақтылық кепілі

Қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген екен. Бұл қағиданы өмірлік ұстаным еткен Тараз қаласы Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция капитаны Фархат Имашев құқық қорғау саласында он жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді. Оның басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, әр азаматтың қауіпсіздігін қорғау.

Қауіпті жағдайларда қабылданған жедел шешімдер, адам өміріне тікелей әсер ететін сәттер бұл мамандықтың ауыр жүгін айқындайды. Фархат Имашев тәуелсіздік жылдары полиция жүйесінде ашықтық пен кәсібилік артқанын айтады. Оның пайымынша, халық сенімінсіз тәртіп те, тұрақтылық та болмайды.

Шындықты ту еткен сөз майданы

«Сөздің қуаты – шындықта». Жуалы аудандық «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Айгүл Аманқұл журналистика саласында он бес жылға жуық еңбек етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын газет дизайнері ретінде бастаған ол уақыт өте келе қаламды жанына серік етті.

Айгүл Аманқұлдың мақсаты – халық сенетін ақпарат көздерін дер кезінде, айна қатесіз оқырманға жеткізу. Ол ауыл өмірі, әлеуметтік мәселелер, қоғамдық жауапкершілік тақырыптарын ұдайы көтеріп келеді. Ол ақпарат тасқыны көбейген бүгінгі заманда журналистің басты міндеті – жалған мен шынның арасын ажырата білу деп санайды.

Кейіпкерімізге тәуелсіздік ақпарат саласына еркіндік әкелсе, сол еркіндікпен бірге үлкен жауапкершілік те жүктеді.

Медицина майталманы

«Аурып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», демекші, бұл сөздің мағынасын дәрігерден артық білетін жан жоқ. Облыстық көпбейінді орталық ауруханасында хирург болып он жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Алмас Крылдаков – тәуелсіздік буынының медицинадағы өкілі. Оның басты мақсаты – адам өмірін сақтау, ел ұрпағының дені сау болуына үлес қосу.

Күрделі операциялар, жауапты шешімдер оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Дәрігер үшін тәуелсіздік – өз халқына адал қызмет ету мүмкіндігі. Ол салауатты өмір салтын ұстануды ұлт болашағымен тікелей байланыстырады.

Ұстаз – ұлт рухының сақшысы

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» десек, Жамбыл ауданына қарасты Валерий Чкалов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Құлтаева білім саласында бірнеше жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Оның басты мақсаты – ана тілін құрметтейтін, өз ойын еркін жеткізе алатын, ұлттық рухы биік ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін қазақ тілі – ұлттың тамыры болса, әдебиет – рухани өзек саналады. Сабақ барысында тәуелсіздік идеясы, елдік пен бірлік ұғымы басты орында. Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттің санасында қалатын рухани із.

«Ел үшін еңбек еткен ердің еңбегі еш кетпейді». Өнер адамы, тәртіп сақшысы, журналист, дәрігер мен ұстаз – бәрінің жолы бөлек болғанымен, мұраты ортақ. Олар тәуелсіздіктің қадірін күнделікті еңбегімен дәлелдеп жүр. Тәуелсіздік құрдастары – бүгінгі Қазақстанның тірі тірегі. Олардың адал еңбегі – елдің ертеңіне қаланған берік негіз. Ал азаттықтың аманаты – сол еңбекте, сол жауапкершілікте.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар