Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекетіміз экономикалық дағдарысты өткергені баршаның есінде. Сол ауыртпашылықтарға қарамастан Қазақстан – егемендігін алған сәттен бастап өз қандастарын атажұртына шақырған әлемдегі жалғыз мемлекет. Тәуелсіздік бақыты бұйырған 1991 жылдан бері елімізге 1 миллион 152 мыңнан астам этникалық қазақ оралған. Тек биылдың өзінде 4427 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жыл басынан елге келген қандастардың 45,8 пайызы Қытайдан, 40,9 пайызы Өзбекстаннан, 5,4 пайызы Түрікменстаннан, 3 пайызы Моңғолиядан, 2,3 пайызы Ресейден және 2,6 пайызы басқа елдерден келген. Елімізге көшіп келген этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер қатарында Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған. Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2309 адамды құраған.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары яғни, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш – 275,2 мың теңге мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш – 59-дан 118 мың теңгеге дейінгі мөлшерінде ұсынылады. Жыл басынан бері 339 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 136 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді. Ал өз өңірімізде яғни, облыс аумағына 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін 20324 отбасыдан құралған 66369 қандас қоныс аударыпты.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиевтің айтуынша, биылғы 1 желтоқсанға дейін 454 отбасыдан тұратын 813 адамға қандас мәртебесі берілген. Сондай-ақ 63 отбасыдан тұратын 79 адамға қандас мәртебесі ұзартылған.
– Биылғы жылы қандастардың басым бөлігі яғни, 81,8 пайызы көршілес Өзбекстаннан, 7,2 пайызы Қырғыз Республикасы және Түрікменстаннан, қалған 4,8 пайызы басқа да елдерден келген. Мемлекеттер бойынша айтсақ, Өзбекстаннан 361 отбасында 665 адам, Қырғыз Республикасынан 43 отбасында 59 адам, Түрікменстаннан 27 отбасында 49 адам, Тәжікстаннан 19 отбасында 36 адам, Ресей Федерациясынан 1 адам оралды. Келген қандастардың негізгі бөлігі 33,7 пайызы Байзақ ауданына, 20,7 пайызы Қордайға, 20 пайызы Тараз қаласына, қалған 25,6 пайызы басқа аудандарға орналасты. Қала, аудан бөлінісі бойынша айтсақ, Тараз қаласында 97 отбасында 163 адам, Байзақ ауданында 158 отбасында 274 адам, Қордай ауданында 95 отбасында 168 адам, Жамбыл ауданында 27 отбасында 49 адам, Жуалы ауданында 14 отбасында 28 адам, Меркі ауданында 24 отбасында 49 адам, Талас ауданында 24 отбасында 66 адам, Т. Рысқұлов ауданында 13 отбасында 14 адам қоныстанды. Қандас мәртебесін беру жөніндегі мемлекеттік қызмет цифрландырылғанын атап айтқым келеді. Қазіргі уақытта қандас мәртебесін алу мақсатында өтініш беруші «Enbek Migration» мобильді қосымшасы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы белгіленген тәртіппен өтініш бере алады. Өтінім келіп түскен күннен бастап жергілікті атқарушы орган оны тиісті құзырлы органдарға тексеру үшін жолдайды. Қандас мәртебесін беру туралы шешім арнайы комиссияның қарауымен 30 жұмыс күні ішінде қабылданады. Қандас мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі сондай-ақ алты айға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Қандас мәртебесін растайтын куәлікті алғаннан кейін азаматтар Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқылы. Сондай-ақ осы санаттағы азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алуға, қайтарымсыз гранттарға қатысуға және тегін білім алу құқықтарына ие болады. Соңғы үш жыл ішінде 169 қандас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, қайтарымсыз гранттар алған. Атап өтер болсақ, 2023 жылы 44 адам тұрақты жұмысқа, 25 адам уақытша жұмысқа тартылды. 2024 жылы 40 адам тұрақты жұмысқа, 26 адам уақытша жұмысқа тартылды. Ал 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша тұрақты жұмысқа 25 адам, уақытша жұмысқа 9 адам орналастырылды. Соңғы 3 жылда 9 адам қайтарымсыз гранттар алды. Нақтыласақ, 2023 жылы 4 адам, 2024 жылы 2 адам, 2025 жылы 3 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Сонымен қатар олар басқа да әлеуметтік көмек түрлерін алуға, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет алуға құқылы. Жалпы, Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың шілдесінен бастап шетелде тұрып жатқан қазақтарға арналған арнайы «Ата жолы» карталарын беру үрдісі қолға алынды. Әзірге облысқа «Ата жолы» бағдарламасы аясында этникалық қандастардан өтініш түскен жоқ. Аталған картаның негізгі басымдықтары шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасының аумағында он жылға дейін тұруға және еңбек қызметін жүзеге асыруға, әлеуметтік қолдау шараларын алуға, тегін білім алуға, кәсіпкерлікпен айналысуға сондай-ақ келген елінің азаматтығын сақтай отырып еңбек қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беру болып табылады, – дейді Самат Болатұлы.
Басқарманың мәліметінде биылғы 1 желтоқсандағы дерек бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге 93 отбасы яғни, 387 адам қоныс аударыпты. Қоныс аударушылардың арасынан 156 адам еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, олардың 35-і тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған. 18-35 жас аралығындағы жастардың саны 84 адамды құрайды. Мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 226 бала мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру ұйымдарындағы орындармен қаматамасыз етілген. Қоныс аударушы отбасылар толық көлемде қабылдаушы өңірдің өңірлік квотасына енгізіліп, олардың барлық мүшелеріне белгіленген тәртіппен субсидиялар төленген. Сондай-ақ жалдамалы тұрғын үйге де қол жеткізген. Қабылдаушы болып табылатын солтүстіктегі Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерінен көмектің бірнеше түрлері қаралған.
Атап айтсақ, 70 айлық есептік көрсеткіш – 275240 теңге көлемінде бір реттік көшуге арналған қаржылай көмек отбасындағы әрбір мүшеге тиесілі. 12 ай бойы жалдамалы баспана мен коммуналдық төлемдерге арналған жәрдемақы, қалалық жерге көшкендерге 20-30 айлық есептік көрсеткіш, ауылдық жерге көшкендерге 15-21 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, экономикалық ұтқырлық сертификаты – тұрғын үй сатып алуға арналған 1160 айлық көрсеткіш – 4561120 теңге көлеміндегі қолдау беріледі. Жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығына жер алуына және жеке кәсіп ашуына мүмкіндік қарастырылған.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
«Таңымыз нұрлы, шуақты болсын!»
- Бүгін, 06:21
«Қасиетті қара шаңырақта жемісті еңбек ете беремін»
- Бүгін, 06:11
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




