Іс-шара «MART» ойынсауық орталығында өтіп, қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік осал топ өкілдерін, пробация есебінде тұрған тұлғаларды, атқарушылық құжаттар бойынша берешегі бар азаматтарды, сондай-ақ оқу орындарының түлектері мен NEET санатындағы жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Айта кету керек, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және еңбек адамына қолдау көрсету жөніндегі басым бағыттарымен үндес. Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев өз сөзінде жәрмеңкенің тек жұмыс табу алаңы ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алуға, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шара екенін атап өтті.
Сонымен қатар «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында мұндай ісшаралардың маңызы зор екенін жеткізді. Келесі кезекте сөз алған «Жібек жолы» ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова тұрғындарды жұмыспен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі екеніне тоқталып, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді байланыстың нәтижесінде көптеген азаматтардың жаңа жұмысқа орналасуына мүмкіндік туатынын айтты.
Жәрмеңкеге Тараз қаласындағы 30-ға жуық ірі, орта және шағын кәсіпорындар қатысты. Жұмыс берушілер өнеркәсіп, құрылыс, көлік, медицина, білім беру, әскери қызмет, қызмет көрсету және өзге де сұранысқа ие салалар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Қатысушылар түйіндемелерін қалдырып қана қоймай, тікелей сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар іс-шара барысында прокуратураның «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды. Тұрғындар құқықтық, әлеуметтік, тұрғын үй және қаржылық мәселелер бойынша кеңес алды.
Кеңес беру алаңына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, Тараз қаласының прокуратурасы, аудан әкімдігі, әділет департаменті, жеке сот орындаушылары, пробация қызметі, Отбасы банк, Мансап орталығы, ішкі саясат бөлімі мен Жаст ар ре сурстық орталығының өкілдері қатысты. Бұдан бөлек халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында еріктілер сауда орталығына келушілерге ақпараттық материалдар таратып, интернет алаяқтықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, жәрмеңкеге 300- ден астам қала тұрғыны қатысты. Бұл бастама жұмыс берушілерге ынталы әрі білікті қызметкерлер табуға, ал азаматтарға өз кәсібін бастауға немесе тұрақты жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік берді. Сонымен бірге өңірдегі қылмыс деңгейін төмендетуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін маңызды қадам болды. Еңбек – елдің ертеңі. Ал осындай игі бастамалар әрбір азаматтың өз орнын табуына жол ашатыны сөзсіз.
Макпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Таразда жазасын өтеушілерге құқықтық көмек көрсетілді
- 11 желтоқсан, 2025
Бұрын сөзбен шешілетін мәселе қазір құжатпен шешіледі
- 9 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




