Профессор Мекемтас Мырзахметұлының әдебиеттану ғылымына қосқан қомақты үлесі өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ғылымға терең жол ашып бергенін, Кеңестік кезеңдегі әдебиеттану ғылымының олқы тұстарын толықтырып едәуір олжа салғанын білеміз. Тек қана 1998 жылы жарық көрген «Түркістанда туған ойлар», 2002 жылы жарық көрген «Түркістан Тараз арасы» атты ғылыми-танымдық кітаптарының өзі ілім-білімге ұмтылған қанша жастардың санасын серпілтті. «Түркістанда туған ойлар» деп аталатын кітабының дәйектемесінде: «Белгілі әдебиетші-ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы бұл еңбегінде ежелден түрік халықтарының алтын бесігі саналған Түркістанның әлем халықтары мәдени, ғылыми, тарихи өміріне жасаған ықпал әсері туралы кең де пайымды әңгіме қозғайды. Шығыс пен Батыс елдерінің озық мәдени үлгілері Тұран жеріне қандай арналар арқылы таралды т.б. танымдық, философиялық толғаныстар, жер тарихы, отаршылдық топонимдер, тарихи тұлғалар туралы ой-пікірлері кітап мазмұнына арқау болған», – деп жазылыпты.
Санамызда серпіліс тудырған Мекемт ас Мыр захметұлының әдебиеттану мен педагогика саласына байланысты айтқан ойпікірлері филолог-ғалымдарымыз бен педагог-ғалымдарымызды ойландырып тастағаны рас. Ғалым қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу жайында да тұшымды ұсыныстар мен пікірлерін айтып, қазақ әдебиеті тарихының кезеңдерін қайта жазу туралы да көңілге қонымды біршама ой түсірді. Ал осы дәуірлеудің жаңаша қалпын қабаттастыра жүргізу жайын педагогика саласына да енгізуді ұсынды: «Бізде педагогика саласы орталықтың шеңберінен шыға алмай отыр. Еуропалықтардың табиғаты бөлек, біздің табиғатымыз бөлек. Бізді тұқыртып алып келіп солардың рамкасына с алады, оған біз сыймаймыз. Біз – тарихы терең Ұлы Халықпыз, біздің педагогикамыз термелерімізде, оған мән берілмейді. Бізге педагогиканың негізін сырттан іздеудің қажеті жоқ.
Қазақтың адамгершілік негіздегі адам тәрбиелеудегі ой-пікірлерін жүйелеп ұсынатын заман келді. Қазіргі педагогика – дәлірегі аты ғылыми, бірақ ұстайын десең ештеңе жоқ, пайда бермейтін «сухой» нәрсе. Еуропалықтардың табиғаты мүлде басқа халықтар, дүниетанымы да басқа. Біз Шығыс әлеміндегі педагогиканың оқуы қалай жүріп жатыр, солармен салыстырып барып, өзіміздің тұрақты жолымызды табуымыз керек». Ғалым Ерлан Жиенбаев қазақтың ұлттық дүниет анымы туралы былай деп жазады: «Қазақтың ұлттық дүниетанымы мен руханиадамгершілік құндылықтар әлеуеті тек өз ұлтының ғана емес, бүкіл адамзат баласына тура жол көрсетуге және үлгі болуға әбден лайықты. Түркілердің төл ұрпағы қазақтың ұлт ретіндегі мұраты – адамгершілік тәрбиесінде. Өкінішке қарай, сол қолда бар алтынның қадірін білмей, тағдырдың жазуымен ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан аманатқа қиянат жасап келе жатырмыз.
Мекемтас Мырзахметұлы бұл турасында былай дейді: «Мұндай жүйелі ілім әлемде жоқ, біздің қолымызда бар. Бірақ біз бұны кеш қолға алдық, енді ғана жан-жақты дамытып жатырмыз». Бұл қандай ілімдер жүйесі дейтін болсақ:
– «Ақи ілімі (б.з.д. VІІ ғасыр)»;
– Жүсіп Баласағұн, «Жауанәртлік ілімі (ХІ ғасыр)»;
– Иасауи, «Хал ілімі (ХІІХІІІ ғасыр)»;
– Абай, «Толық адам ілімі (ХХ ғасыр)»;
– Шәкәрім, «Ар ілімі (ХХІ ғасыр)».
Мекемтас Мырзахметұлының жасаған бұл ілімдер жүйесіне біз Ақжан Машановтың «Жар ілімін (ХХІ-ші ғасыр)» қостық. Педагогикадағы ең негізгі проблема осы – ұлттық дүниетаным. Ұлттық дүниетаным дұрыс жолға қойылса, қалған мәселелердің шешімі қиын емес...» (Ерұлан Жиенбаев, «Фараби аманаты», «Қазақ әдебиеті» газеті, 4 сәуір, 2025 жыл). Мекемтас Мырзахметұлының және бір қыры – қазақ әдебиеттану ғылымына арналған ғылыми еңбектері. ХІ-ші ғасырда Қашқарлық Махмұт (Махмұт Қашғари) жазған «Түрік сөздерінің жинағы» атты еңбектің қазақ тіл біліміне қатыстығын дәлелдеп, ғылыми еңбектер жазды. 1436-1437-ші жылдары жазылған тараздық Шейх Ахметтің (Шейх Ахмет Тарази) «Көркем сөз өнері» деп аталатын ғылыми трактатын қазақ тіліне аударуға ықпал етіп, тұңғыш рет жариялануына атсалысты. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Сүлеймен Демирел атындағы университеттің оқу-әдістемелік кеңесінде баспаға басылуға ұсынылған Алматыдағы «Таңбалы» баспасынан жарық көрген Шейх Ахмет Құдайдат Таразидің «Көркем сөз өнері» атты ғылыми трактатының ғылыми кеңесшісі болды.
Тараздық Шейх Ахмет Құдайдаттың қолжазба нұсқасы Ұлыбритания патшалығының Оксфорд қаласындағы Бодлеан кітапханасында сақтаулы тұр. Мекемтас Мырзахметұлы қазақ поэзиясы тарихындағы ғарузи түркі өлең өлшемімен жазылған шығармалардың өлең құрылысындағы орны туралы былай деп жазады: «Қазақ поэзиясы тарихында ХVІХІХ ғасыр ішінде орын алған ғарузи түркі өлең өлшемімен жазылған шығармалардың өлең құрылысындағы болмысын, ерекшелігін танып білу үшін Шейх Таразидің «Көркем сөз өнері» деп аталатын Х ғасыр ішінде (1436-1437 жылдар) дүниеге келген қолжазба трактаты біздер үшін таптырмайтын тікелей ғылыми тірек көзіне айналу үстінде тұр. Өйткені ертеде қазақ поэзиясында ғарузи түркі өлең өлшемімен жазылған ақындар шығармаларының өлең өлшемдерін ғарузи түркі өлең өлшемімен жазылғанын білсек те, олардың өлең құрылысындағы өзіндік ерекшеліктерді талдап, жіліктей алмай қиналатын едік. Енді, міне, Шейх Таразидің өлең құрылысы туралы жазылған теориялық ғылыми трактатына сүйеніп, кез келген шағатай тілінде жазылған поэзиялық туындылардың өлең уәзіні қандай өлең өлшемімен әрі оның қандай түрімен жазылғанын талдап, танып біле аламыз. Ол үшін қазақ тіліне кітап болып аударылып жарияланғалы тұрған Шейх Таразидің «Көркем сөз өнері» трактатын оқып, үйреніп, ондағы өлең құрылысындағы теориялық ұғымдарды, одан туындайтын шығыстық әдеби терминдерінің мән-мағынасын, оның түрлерін жете танып, меңгеріп алу шарты алдымызға қойылмақ...» (Шейх Ахмет Құдайдат Тарази, «Көркем сөз өнері», («Фонун әл-бәлағе»), оқу құралы, Алматы, «Таңбалы» баспасы, Аңдатпа, 4-бет).
Мекемтас Мырзахметұлы ежелден келе жатқан түркі халықт арының мәдени мұрасы болған Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің мәні мен маңызына жете үңілген ғалым болды. Бүкіл дүние жүзі халықтарының алдында түркі халықтарының ежелгі дәуірден бері тілі мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен мәдениеті барлығын, жалпы адамзат жаралғалы өркениет ұстындарын қолданып, әлемде үлкен мәдени жестістіктерге жеткендігіне оқымысты қауымның назарын аударды: «Бір ғана, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің табылуы және оның Қазақстан мен Қырғызстан жерінде көптеп кездесуі, олардың оқылып зерттелуі, түрік халқының бәріне ортақ орта ғасырлық саяси әлеуметтік ойсанамыз бен тарихымыздың қаншама ақтаңдақ беттерінің қайта оқылып, ашылуы бүкіл әлем алдында көне ата мұрамыздың, мәдени, рухани ойымыздың айғақты тарихи айнасына айналып отыр. Арғы бабаларымыз ойма жазуын ойлап табуы арқасында түркі тілді халықтардың бәрі де тіл, поэзиясы жетіліп, дүниетанымы тереңдеп, қоғамдық ой-санасы биік деңгейге көтерілген халықтар санатына жататыны анықталды.
Түрік халқы осы кезеңнің өзінде-ақ рухани дамуын жетілдіріп, политеизмнен монотеизмге өту кезеңіне көтеріліп қалған қалпын танытты...» (М. Мырзахметұлы, «Түркістанда туған ойлар», Алматы, «Санат» баспасы, 1998 жыл, 41-42-беттер). Ал араб басқыншылығының зардапт ары жөнінде, әсіре с е түркілердің дүниетанымын өзгертуге, оны өзгерту үшін салтын, әдетғұрпын, дәстүрі мен тілін, ділі мен дінін өзгертуге күш салғаны белгілі. Мекемтас Мырзахметұлы түркі халықтарына жасалған идеологиялық қысымның астарына үңіліп, ғылыми тұрғыда өз ойын былай деп өрбітеді: «Жергілікті діни дүниетанымды, тілді, әдет-ғұрып, салт-сананы істен шығарып, қуғындау ісін жедел қолға алып, ол әрекетті де қатты қарқынмен жүргізді. Олардың орнына өздерінің исламдылық дүниетанымын, тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын ендіріп, орнықтырған әрекеттерінің ізі дәл бүгінге дейін сақталып келе жатыр...» (сонда, 43-бет).
Ислам діні араб халқының салтдәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен қатып қалған догмалық дін емес, біздің оқымысты түркі ғұламалары кейінгі өскелең ұрпақтарымызға түркілердің ғажайып дүниетанымымен Ислам дінінің қағидаттарын біріктіріп, исламдық түркілік дүниетанымы мен ислам дінінің бірігу аясында араб халқы мен түркі өркениетін жақындастырды.
Біздің халқымыз қазіргі таңда исламдық-түркілік, немесе арабтықтүркілік мұсылмандық дәстүрлермен қатар өмір сүріп жатыр. Мекемтас Мырзахметұлының исламдықтүркілік ой-пікірлері осы тұрғыдан алғанда мәңгілік құндылығымыз болып қала бермек. ХІІІ-ші ғасырдағы моңғол басқыншылары туралы айтар болсақ, Мекемтас Мырзахметұлының пікірінше, түркілердің ежелден келе жатқан дүниетанымына күйретерліктей шабуыл жасамаған: «Ал ХІІІ ғасыр басында дәл осындай басқыншылық жорығын жасаған моңғолдар тілге, дінге, рухани болмысымызға өз іздерін қалдыра алмаған, қалдырса да ол мүлде әлжуаз күйде жеткен тәрізді.
Бұдан шығатын қорытынды – моңғолдар саяси мақсат қоя келсе де, тікелей халықтың жадын жоюды идеологиялық мақсат етіп қоймаған тәрізді. Өйткені орыс халқын үш жүз жыл билеген моңғолдар олардың тіліне, дініне, дүниетанымы мен әдет-ғұрпына, жазуына тікелей өзгерістер ендіруге бармаған. Осыдан келіп араб басқыншыларының өздері жаулап алған елдердің, алдымен, діні мен тіліне, дүниетанымы мен әдет-ғұрпына алмастыруға бар күшін салудағы көздеген саясиидеологиялық мақсатының сыры неде жатыр деген ой оралады.
Шынында, неге бұлай болған?» (сонда, 43-бет) – дейді де оған былайша жауап береді: «Бұлай болудың мән-мағынасы – отарланған халықтарды ұзақ уақыт уыстан шығармай ұстаудың кілті қара күште емес, олардың санасын жаулау арқылы рухани құлдықта ұстау үшін, олардың азаматтық сезімі мен ұлттық санасының оянуына жол бермейтін сенімді кедергі қоюды көздеуінде жатыр. Осы себепті ұрпақтан ұрпаққа ауысып, дәстүрлі жалғастық таба берер халықтың тарихи жадын үзудің, оны келмеске жіберудің шешуші буыны – сол халықтың ғасырлар бойы пайдаланып келген жазу таңбаларын жойып жіберуден басталады екен.
Міне, осы себептен де араб басқыншылары Тұран өлке сін отарлап алысымен-ақ өз мәдениеті мен дүниетанымының өзегі болған Ислам дінін араб тілі мен жазуын күштеп ендіруге барған. Ұрпақ пен ұрпақты рухани танымы жағынан тікелей ұштастырудың шешуші құралы болған ойма жазуын араб жазуы таңбасымен алмастыруда алысты көздеген саясиидеологиялық мақсат жатыр. Яғни жергілікті халықтың ғасырлар бойы пайдаланып келген дәстүрлі жазу таңбаларын сыртқа теуіп, оны араб жазуына әкелу арқылы сол халықтың жаңа буын жасөспірімдерін екі-үш ұрпақ алмасқан соң өткен тарихынан айыру көзделген.
Жаңа буын жас толқынның өз ата мұрасы – ойма жазуын оқи алмауы, келе-келе ойма жазуымен жазылған рухани қазына көздерінен мүлде қол үзуі, ұмытуы олардың қаласын-қаламасын өткеніне салғырт қарап, өз тарихына бейтарап болып қалыптасуына алып келеді. Бұл жол оларды тарихы мен тіліне, дініне, ата-мұрасына қалай болса солай қарайтын қалыпқа түсірмей қоймайды. Қандай түрде болса да империялық отаршылдық саясат атаулының көздейтіні осы түпкі мақсаттан еш уақытта да алыс кетіп көрген емес...» (сонда, 44-бет).
Бірнеше ауыр нәубеттерден аман өткен қазақ халқының ілімге, білімге, өнерге деген құлшынысын келер ұрпаққа жеткізе отырып, ғылымның қай саласында да өзге халықтармен бірге біте-қайнасқан өміршеңдігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, өзі де сол сан қилы салалардың тылсым сырлары мен құпияларын зерттеп, зерделеп жол ашып берген Мекемтас Мыр захметұлының с ан қилы еңбектері халқына қызмет етуде.
Махметғали САРЫБЕКОВ
Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ
Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры
Ұқсас жаңалықтар
Біз шынайы өмірден алыстап барамыз ба?
- Бүгін, 03:41
Әкесіне еліктеп әскери болған
- 11 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




