«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біз шынайы өмірден алыстап барамыз ба?

Біз шынайы өмірден алыстап барамыз ба?
Автор
Бүгінгі адамзаттың тынысы цифрлық кеңістіктің ырғағымен үндесіп барады. Біз ұйқыдан тұра сала телефонды қараймыз, жұмыста да, жолда да санамыз онлайн әлемнен ажырамастай күйге жетті. Цифрландыру өмірді жеңілдетті, ақпаратты қолжетімді етті, мүмкіндіктерді кеңейтті. Бірақ осы жеңілдіктің тасасында адам біртіндеп табиғи болмысынан алыстап, шынайылықтан ажырап бара жатқан жоқ па

Әсіресе жасанды интеллектінің ықпалы күшейген сайын виртуалды орта мен шынайы шындықтың арасындағы шекара көмескіленіп, адамзат жаңа қауіптің алдында тұрғандай әсер қалдырады. Қазіргі жасанды интеллект қуатты, жылдам, тиімді болуы мүмкін, бірақ оның табиғаты әлі де жасанды. Ол адам эмоциясын толық түсіне алмайды, өмірді сезіне алмайды, ал кейбіреулер оны адам бейнесіне келтіруге тырысқан сайын қоғамның санасы шатасып, шындықты жалғаннан айыру қиындай түсуде. Осы мақалада цифрлық шындыққа тәуелділіктің психологиялық әсері, жасанды интеллектінің тым жасанды табиғаты және deepfake технологиясының қауіптілігі туралы сыни көзқараспен талдау жасаймыз.

Цифрлық дәуір–адамзат тарихындағы ең үлкен бетбұрыс кезеңдерінің бірі. Бұл өзгеріс адамның өмір сүру дағдысын ғана емес, ойлау жүйесін, шешім қабылдау жылдамдығын, қарым-қатынас мәдениетін де түбегейлі өзгертті. Цифрлық әлем бізге ақпаратты бұрын-соңды болмаған қарқынмен ұсынып жатыр. Алайда ақпараттың көптігі – білімнің көбеюіне емес, көбіне стреске, шынайылықтан алыстауға әкеледі. Үздіксіз хабарлама, шексіз лента, тоқтаусыз жарнама – мұның бәрі адам санасын үнемі қоздырып, уақытты жұтып, назарды шашырататын құбылысқа айналды. Адам өзінің ішкі үнін естуден қалып, сыртқы цифрлық дауыстың жетегінде кетіп барады. Қазіргі адамның ең үлкен мәселесі – цифрлық әлемді шынайы өмірдің орнын басатын кеңістік ретінде қабылдай бастауы. Біз суретке түсіріп, оны жарияламасақ, демалғандай болмаймыз. Біз бір сәттік эмоцияны бөліспесек, сезбегендей күй кешеміз. Көп адам өз өмірін емес, әлеуметтік желідегі бейнесін реттеуге тырысады. Ал бұл бейне қай кезде де жасанды. Мұндай жасандылықтың артында жалғыздық, өзіне риза болмау, үнемі салыстыру, виртуалды мақсаттар мен жалған жетістіктер жатыр.

Жаңа технологиялар адам санасын өзгертумен қатар, шынайы эмоцияларымызды да электрондық форматқа көшіріп алды. Мұң, қуаныш, ашу, таңданыс – бәрін біз реакция, лайк, эмодзи арқылы білдіретін болдық. Осылайша адамның ішкі сезімі қысқарып, оның орнына цифрлық белгілер пайда болды. Бұл жеңіл қарым-қатынас адамның жан дүниесін жұтаңдатады. Адам бір-бірінің дауысын, көзқарасын, эмоциясын сезінетін табиғи байланыстар әлсіреп, орнын сүзілген, өңделген, монтаждалған диалогтар басып барады.

Жасанды интеллектінің дамуы да қоғамға екіұшты әсер етуде. Бір жағынан ол жұмысты жеңілдетті, білімді қолжетімді етті, шығармашылыққа жаңа мүмкіндіктер ашты. Бірақ екінші жағынан, оның тым жасанды табиғаты адамды адастырып жатыр. ЖИ – логика мен дерекке сүйенетін жүйе, ал адам – сезім мен тәжірибеге негізделген тіршілік иесі. Жасанды интеллектінің адам сөзін, интонациясын, дауысын, стилін қайталауы мүмкін, бірақ оның жаны жоқ. Ол күйінбейді, қуанбайды, ренжімейді, алданбайды. Сондықтан оның шынайылығы – иллюзия ғана.

Дегенмен бүгінгі қоғам осы иллюзияны шынайылыққа балай бастады. ЖИ-мен сөйлескенді достыққа теңейтін жастар көбейді. Кейбіреулер кеңес сұрағанда адамның емес, ЖИ-дің пікірін басым көреді. Мұның түбінде адамның өзара қарымқатынасқа деген сенімінің азаюы жатыр. Қоғам неғұрлым цифрланса, соғұрлым адамның адамға деген қажеттілігі төмендеп барады. ЖИ-дің дауысты, бейнені, эмоцияны құрастыру мүмкіндігі әбден күшейген сайын жаңа қауіпті құбылыс – deepfake проблемасы пайда болды.

Бұрын фейк ақпарат мәтін түрінде ғана болса, қазір ол бейне мен дауысқа айналды. Бұл қоғамды шатастырып, адамдарды жалған сенімге итермелейтін құралға айналды. Әжелерді боқтатып сөйлетіп, бөпенің дауысымен саяси мәлімдеме жасатып немесе ел басшыларын төбелестіріп қойған deepfake видеолары желіні жаулап барады. Ал мұндай контенттің пайда болуы – технологияның жетістігі емес, адам ниетінің әлсіреуі. Өйткені адамның ар-ұжданы технологиямен емес, тәрбиемен өлшенеді. Әжелердің бейнесін монтаждап, оларды тұрпайы, әдепсіз сөздер айтуға мәжбүрлеу – ұлт мәдениетіне жасалған соққы. Қазақ әрдайым үлкенді құрметтеген, олардың сөзін өмірдің даналығы деп санаған. Ал енді цифрлық әлем бұл қадірді аяқасты ететіндей жағдайға жетті. Қарт адамның мейірімді жүзін күлкі үшін қорлау – тек моральдық қана емес, ұлттық құндылыққа қарсы әрекет. Бұл видеолардың астарында жансыз әлемнің адамды ермекке айналдыруы жатыр. Ал бөпелерді сөйлетіп, олардың дауысымен әдепсіз әзілдер айту – қоғамның психологиялық шекарасын бұзу. Бала – ең таза бейне. Оның болмысы, үні, күлкісі – адамзаттың үміті. Ал deepfake арқылы сәбидің бейнесін жаман сөздерге пайдаланудың өзі адамгершілікке жат. Бұл қоғамды ермек пен шынайылықтың айырмасын ажырата алмайтын деңгейге түсіреді. Ең қауіптісі – президенттердің, саясаткерлердің немесе танымал тұлғалардың қатысуымен жасалған жалған видеолар. Олар бір-бірімен төбелесіп, балағаттасып жатқандай көрсететін бейнелер тек әзіл емес, элитаны масқаралау құралын ғана емес, қоғамды арандатудың ең қуатты тәсіліне айналуы мүмкін. Мұндай видеолар халықтың сенімін шайқалтып, ел ішіне іріткі салуы әбден ықтимал. Себебі бейне дәлелге ұқсайды. Адам көзімен көрген дүниеге көбірек сенеді, ал deepfake осы сенімді қас-қабағымен бұза алады.

Цифрлық иллюзия қоғамды біртебірте жалған ақпаратқа тәуелді етіп жатыр. Шынайы өмірдің орнына бізге өңделген шындық ұсынылады. Адамдар оқиғаның мәнін зерттемей тұрып-ақ желідегі бейненің әсерімен шешім қабылдайды. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі ойлау қабілеті азайған сайын қоғам жалған ақпараттың азығына айналады. Бұл құбылыстың тамыры тереңде жатыр. Әлем цифрлық ортаға көбірек еніп, адамдар уақытын интернетке арнаған сайын адамның өз өмірі мәнсізденіп, виртуалды әлем мәнді болып барады. Біз табиғатпен сырласудың орнына экранға үңілеміз. Жақын адаммен сөйлесудің орнына смайлик жібереміз. Қызметте бір-бірімізге қарап емес, монитор арқылы сөйлесеміз. Ал шынайы байланыс жоқ жерден рухани тереңдік болмайды.

Цифрлық әлемнің артықшылығы – жылдамдық. Бірақ адам табиғаты асығысты көтермейді. Адамның жүрегі баяу қобалжиды, ойы баяу қалыптасады, сезім де бірден пайда болмайды. Технология жылдамдап, адам баяулаған сайын осы екі әлемнің арасындағы алшақтық көбейе береді. Сол кезде рухани шаршау, жабырқау, мазасыздық, жалғыздық сезімдері күшейеді. Психологтар мұны цифрлық шаршау деп атайды.

Жасанды интеллектінің жасандылығы да осы тұста анық көрінеді. ЖИ – сұраққа жауап береді, мәлімет береді, мәтін құрастырады, бірақ адам жанын емдей алмайды. Ол кеңес береді, бірақ түсіне алмайды. Ол шешім табады, бірақ жауапкершілікті сезінбейді. Яғни оның білімінің астында адамдық қасиет жоқ. Сондықтан адамзаттың технологияға тым сеніп кетуі – өз табиғатынан алыстаудың бір көрінісі.

Шынайы өмірден алыстау – тек технологияның кесірі емес, адамның соған деген көзсіз сенімінің нәтижесі. Сондықтан цифрлық дәуірде ең маңыздысы – тепе-теңдікті табу. Технологияны пайдалану керек, бірақ оған бағынбау керек. Ақпаратты білу керек, бірақ оның жетегінде кетпеу керек. ЖИ-мен сөйлесуге болады, бірақ оны адаммен шатастыруға болмайды.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Цифрлық дәуір бізге көп мүмкіндік берді, бірақ көп жауапкершілік те жүктеді. Технология дамыған сайын шынайылықтың құны артты. ЖИ қуатты, бірақ ол адам емес. Ол жасанды, оның орны – құралдық деңгей ғана. Ал адам баласының қасиеті – оның жүрегінде. Deepfake-тер күлкі үшін жасалғандай көрінгенімен, оның артында әлеуметтік, моральдық, саяси қауіптің үлкен күші жатыр. Біз технологияны өз қолымызда ұстауымыз керек, оған рухани еркімізді тапсырып қоюға болмайды. Шынайы өмір – экранның ар жағында емес, дәл қасымызда. Сол өмірден алыстап кетпейік, құрметті оқырман. Ойланайық...

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар