Бүгінгі қоғам ақпараттық технологиялардың жедел дамуы, медиа саласының маңыздылығы мен жастардың цифрлық кеңістіктегі белсенділігінің артуымен сипатталады. Мұндай жағдайда оқушылардың ақпаратты дұрыс қабылдау, талдау, сұрыптау, шынайы дереккөздерді ажырату, өз ойын сауатты жеткізу сияқты қабілеттерін қалыптастыру – заман талабы. Осы қажеттіліктерді ескере отырып құрылған «Мектеп LIFE» медиа жобасы – білім беру мекемесі үшін жаңа деңгейдегі кешенді шығармашылық алаң.
Жоба жас тілшілерді, болашақ журналистерді, операторларды, режиссерлерді, спикерлер мен медиа саласына қызығушылық танытқан барлық оқушыларды біріктіретін орталыққа айналмақшы. Жоба шеңберінде мектеп өмірінің ақпараттық ашықтығы күшейтіліп, оқушыларға өзіндік пікір қалыптастыру, қоғамдық көзқарас білдіру, зерттеу жүргізу, репортаж жасау, бейнеролик түсіру, журналистік мәтін құрастыру, подкаст жүргізу сияқты кәсіби дағдыларды меңгеру мүмкіндігі беріледі.
«Бұл студияны біздің мектебімізге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сыйға тартқан еді. Енді сол сыйлықтың рәтін оқушы балалар көріп отыр» деді мектеп басшысы.
Жобаның құрылымымен таныстыру барысында 7 бағыттан тұратын медиа бағдарламалар топтамасы және сол бағдарламаларды жүргізетін 14 жас тілші сахнада бағдарламаларды таныстырып, медиа менеджерлердің қатысуымен салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шара барысында облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт сөз алып, қазіргідей баспасөздің оқылуы мен маңызы баяулап тұрған уақытта мұндай жаңашыл жобалардың берері көп екеніне тоқталды.
Облыстық «Jambyl» телеарнасы бас директорының орынбасары Айбол Қараш, «Taraz-24» телеарнасының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Зарина Қуатова өздері басқаратын құрылымдардың ішкі ерекшеліктерін айта келіп, жас оқушы журналистерді тәжірибе алмасуға қонаққа шақырды.
Журналист, айтыскер, Мәдениет саласының үздігі, осы жолдардың авторы да ойымен бөлісті. Мұнан соң аталған медиа құрылымдар мен № 66 орта мектеп арасында байланыстар жасау үшін келісім құжаттарына қол қойылды.
Жаңа жоба туралы жұмыстардың ұйымдастырушысы, ақын Қарлығаш Қуанқызы:
«Оқушы кезімде әр бейсенбі сайын көшеге қайта-қайта қарап, пошташы атайды асыға күтуші едім. Ол кезде үйіме «Қазақстан пионері» газеті келетін, газетпен бірге үнемі «Сәлеметсің бе, жас тілші?!» деген хат келуші еді. Бір аптаға арналған газетті екі сағатта оқып шығып, хаттағы жауапқа қуанатынмын. Әлі есімде «Келесі жолы тағы шығармашылығыңды күтеміз», – деген Жолдасбек Дуанабай деген журналистің жауап хатын оқып, бірнеше хаттарды жинап қойып жүруші едім. Содан бірнеше мәрте өлеңім жарияланды. Республикалық «Пионер» журналына да бірнеше жазған мақалаларым құрастырған кро ссвордтарым шығып, жауап хаттар алып қатты қуанатынмын. Одан кейін мектептерде тәрбие ісінің орынбасары болып жүріп, бірнеше оқушының облыстық балалардың «Балдаурен – балғын шақ» газетіне материалдарын апарып беріп, үлкен жиын жасап оқушылармен редакция өкілдерінің кездесу жиындарын өткізетінбіз. Солардың біразы бүгінде журналистика саласын таңдап, қызмет атқарып жүр. Осы жобаға қатысқан оқушылар арасынан да сондай танымал тұлғалар шығарына сенемін» – деді.
Бұл білім ошағында «Мектеп Life» интернет газеті, «Мектеп news» жаңалықтар топтамасы, «Достар» podcast, «Талант Time» tv ток-шоу, «Ұстаз voice» мұғалімдермен сырсұхбат бағдарламасы, «Future Lab» ғылым мен технология бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл оқушылардың талантын ашуға үлкен мүмкіндік.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа өркениетке сенімді қадам
- 20 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




