«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

МӘМС: Жаңа жүйе өз тиімділігін дәлелдеді ме?

МӘМС: Жаңа жүйе өз тиімділігін дәлелдеді ме?
Автор
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – халықтың денсаулығын қорғауға арналған жүйе. Ол сапалы медициналық қызметтердің кең ауқымына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отырғанын, Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұрғанын баса айтқан болатын. Осы ретте, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетовамен сұхбаттасып, Қор филиалының жұмысы, Президент тапсырмасының орындалу барысы, МӘМС заңына енгізілген өзгерістер мен МӘМС аясында көрсетіліп жатқан жоғары технологиялық медициналық көмектерге қатысты сұрақтарымызға жауап алған едік.

– Президент биылғы Жолдауында: «Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы біздің өңірде қалай жүзеге асып жатыр?

– Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына, соның ішінде Қор жұмысына ерекше көңіл бөліп келеді. Биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу үшін жаңа жүйе құру міндетін қойды. Осы бағыттағы стратегиялық мақсаттарды нақтылап берді. Атап айтқанда, медициналық көмектің сапасын арттыру және оны тұрғындарға қолжетімді ету үшін жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу міндеттелді. Алғашқы қадамдар жасалды. Бүгінгі күні республикалық деңгейде де, Жамбыл облысында да медициналық қызметтерді төлеудің бірыңғай жүйесі аясында «Мониторинг» модулі жасалды, ал 2025 жылғы 19 мамырдан бастап ол пилоттық режимде іске қосылды. Ал 1 шілдеден бастап жүйе толық жұмыс істей бастады. Бірыңғай төлем жүйесінің алғашқы кезеңі аясында 20-дан астам автоматтандырылған мониторинг алгоритмі енгізілді. Бұл жүйе арқылы медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтері заңнама мен стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан автоматты түрде тексеріледі. Кемшіліктер мен сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, жүйе бірден белгі беріп, жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл бізге нақты ақауларды уақытылы анықтап, қызмет сапасын бақылауды күшейтуге жол ашады. Жолдауда айтылғандай, 2025 жылдың соңына дейін жасанды интеллект негізінде толыққанды мониторинг жүйесін құру көзделіп отыр. Мұндай технологиялар тәуекелдерді болжауға, ресурстарды тиімді бөлуге және ең бастысы – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге сеп болмақ. Бұл сөзсіз денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады. Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджеттік реттеуші рөлін атқарып отыр. Осыған байланысты медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологиялары арқылы қадағалайтын жаңа жүйе құру уақытылы алдымызға қойылған міндет болды деп санаймын.

– Жаңа жүйе өз тиімділігін дәлелдеді ме? Қандай оң өзгерістер байқадыңыздар?

– Жаңа жүйенің нәтижесі жақсы деуге негіз бар. Айталық, медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі мен «Мониторинг» модулі іске қосылғалы жағымды өзгерістер байқап отырмыз. Ақаулар азайды, қызмет көрсету кезінде стандарттардың бұзылуы төмендеді. Сонымен қатар жалған жазбалардың саны күрт қысқарып отыр. Әрине, жүйе жаңадан енгізілген соң, алғашқы кезде медициналық ұйымдар тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар көп болды. Мәселен, ақауларды автоматты тіркеу, алгоритмдердің қалай жұмыс істейтіні туралы сұрақтар және келіспеген жағдайда қалай қарсылық білдіруге болатыны жиі көтерілді. Осыған байланысты филиалдың медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелердің мониторингі бөлімінің мамандары оқыту мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көптеген ұсыныстар ескеріліп, жүйеге өзгерістер енгізілді.

– Ғайни Төленқызы, биыл Президент МӘМС туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізді. Жаңа заң халыққа не береді?

– Мемлекет басшысы шілде айында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заңға енгізілген өзгерістерді бекітіп, құжатқа қол қойды. Бұл жаңалықтар ең алдымен халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Заңға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – 2027 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу.

– Демек 2026 жылы МӘМС жүйесінде әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған жаңашылдықтар бар деген сөз ғой...

– Әрине, МӘМС – ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген жүйе. Сондықтан медициналық сақтандырудың қазақстандық моделі ең алдымен әлеуметтік осал топтарды қорғауға бағытталған дер едім. Жүйе 2020 жылдан бастап қолданысқа енгеннен бері, сақтандырылған азаматтар жарна көлеміне қарамастан, қажет болған жағдайда кез келген медициналық қызметті тегін ала алады. Тіпті оның құны жоғары болса да, бұл көмек бәріне бірдей қолжетімді. Мемлекет өз тарапынан 15 жеңілдік санатына жататын азаматтарды жарна төлеуден толық босатқан. Олардың қатарында балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткерлер, ресми тіркелген жұмыссыздар, сотталғандар, алтын және күміс алқалы көпбалалы аналар, студенттер және тағы басқа санаттағы тұлғалар бар. Сонымен қатар халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2025 жылдың қыркүйегінен бастап профилактикалық скринингтік тексерулер барлық азаматтарға, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін жүргізіле бастады. Бұл да өз кезегінде азаматтардың денсаулығын ерте кезеңде бақылауға мүмкіндік беретін маңызды қолдау шарасы. 2026 жылдан бастап әлеуметтік әл-ауқат деңгейі төмен, нақтырақ айтқанда, «Д» және «Е» санаттарына жататын осал топтағы азаматтар МӘМС жүйесінде жергілікті бюджет есебінен сақтандырылатын болады. Мұндай қолдау халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз бөлігіне медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жергілікті атқарушы органдар осы азаматтардың сақтандыру мәртебесін бақылап, қажетті қаржыландыруды уақытылы жүргізуге жауапты болады. Жалпы, бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша сақтандырылған азаматтар саны 946 мың, яғни халықтың 80,5 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңға жуық адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Ал сақтандырылмағандар саны шамамен 224 мың адамды құрап отыр. Бүгінде облыс бойынша (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар саны 70 мыңның шамасында. Енді жергілікті атқарушы билікпен бірге бұл мәселені зерделеп, нақты жұмыстар атқаратын боламыз.

– МӘМС жүйесінен уақытша шығып қалған азаматтарға қандай да бір жеңілдік қарастырылған ба?

– Иә, өте орынды сұрақ. Жаңа заңға сәйкес, бұрын жарна төлемей қалған жағдайда азаматтардың сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталса, енді 5 жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеген азамат жұмыссыз қалса, мәртебесі 6 ай бойы сақталады.

– Жаңа заңда МӘМС пен ТМККК пакеттері бірте-бірте біріктіріледі деп жазылған. Жаңа реформа халыққа не береді?

– Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталады. Бұл бастама халыққа не береді деген сұраққа келсек, тұрғындар да, медицина қызметкерлері де ТМККК мен МӘМС-ті нақты ажырата алмай, жиі шатасып жатады. Бірігу жүйені айқын әрі дәрігерлер үшін медициналық құжаттаманы жүргізуді жеңілдетеді. Бұл – бір. Екіншіден, екі пакетті біріктіру арқылы аурулардың ерте профилактика жасау мүмкіндігі артады. Үшіншіден, жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, нақты сақтандыру моделіне жақындауға мүмкіндік туады. Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында азаматтардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» жасауға ерекше назар аударған болатын. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкоскринингтер ТМККК тізіміне өтеді және барлық азаматтарға тегін болады. Сонымен бірге күдік туындаған жағдайда бірқатар ауруларға (вирусты гепатиттер, бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық бұзылыстар, орфандық аурулар, инфаркт, инсульт) консультациялық-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі. Бұл өз кезегінде азаматтарды уақытында диагностикалауға, ауруларды кеш кезеңде анықтаудың алдын алуға мүмкіндік береді. Осылайша өмір сапасы мен ұзақтығы жақсарады 2026 жылдан бастап МӘМС базалық пакетіне амбулаторлық диализ, 13 созылмалы ауру бойынша консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілер, сондай-ақ жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек енгізіледі.

– Қазіргі таңда Қор филиалы Жамбыл облысындағы қанша медициналық ұйыммен келісімшартқа отырып, жұмыс істеп жатыр? Қаржыландыру көлеміне тоқталып өтсеңіз.

– Бүгінгі таңда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалы 108 медициналық ұйыммен келісімшартқа отырған. Оның 38-і – мемлекеттік, 70-і – жекеменшік мекеме. Медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесіне түскен барлық қаражатты ай сайын ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша көрсетілген қызметтер үшін медициналық ұйымдарға төлеп отырады. 2025 жылы өңірдің денсаулық сақтау саласының бюджетіне тоқталатын болсам, бұл 132,6 миллиард теңгені құрайды: оның 61,6 миллиард теңгесі – МӘМС-ке, 71 миллиард теңгесі – ТМККК-ге тиесілі. Салыстырсақ, 2024 жылы сатып алу жоспары 129 миллиард теңге болған, демек қаржыландыру 3,6 миллиард теңгеге немесе 2,8 пайызға өсті. Осы тұста ерекше атап өтетін жайт, МӘМС – жинақтаушы емес, әлеуметтік жүйе. Сондықтан сақтандырылған азамат жарнасының көлеміне қарамастан, қажетті медициналық көмектің барлығын толық ала алады.

– Бірнеше жылдан бері ЭКО процедурасы МӘМС есебінен қаржыландырылып келеді. Осы жылдар аралығында облыс бойынша қанша сәби өмірге келді?

– Елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтері жалғасуда. Бағдарлама іске асқалы бері отбасылардың бедеулік мәселесін шешіп, ата-ана болу арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді. Жамбыл облысында МӘМС аясында 2024 жылы бұл мақсатқа 334 миллион теңге бөлініп, 281 қызмет көрсетілген. Ал 2025 жылға 278 миллион теңге және 228 ЭКО қызметін қаржыландыру жоспарланған. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 150 жағдайға 183,6 миллион теңге жұмсалған. Бір қызметтің орташа құны – 1224057 теңге. Бұл қаражат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен ЭКО процедурасын өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, бағдарлама шеңберінде облыста 350-ден астам сәби өмірге келді. Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдау мен денсаулық сақтау саласындағы маңызды жетістіктердің бірі деп ойлаймын.

– МӘМС аясында ел азаматтарына жасалып жатқан жоғары технологиялық оталар мен медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігі туралы айтып берсеңіз...

– Облысымызда МӘМС есебінен күн сайын жоғары технологиялық оталар жасалады, олардың әрқайсысының құны бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді. Облыс бойынша 2025 жылдың 9 айы бойынша Жоғары технологиялық медициналық қызметтерге (ВТМУ) барлығы 2 миллиард теңге бағытталған. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық сынды күрделі операцияларға жұмсалуда. Бұл операциялардың құны 2-4 миллион теңгеге жетуі мүмкін, ал осы шығындар МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылады. Оңалту – МӘМС пакетінде ең сұранысқа ие әрі қымбат бағыттың бірі. 2019 жылмен салыстырғанда оның қаржыландыру көлемі бірнеше есе өсіп отыр: егер сол жылы 630 миллион теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл сома 4 миллиард 615 миллион теңгеге жетті. Өсім – 7,3 есе. Тек өткен жылы 32 мыңнан астам оңалту қызметі көрсетілді. Оңалтудан инсульт алған, жарақаттан кейінгі, күрделі операциялардан өткен, созылмалы аурулары бар ересектер де, түрлі диагноздағы балалар да өте алады. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында осы қызметтер 807,6 миллион теңгеге көрсетілді. Оңалту қажет болған жағдайда азаматтар өз емханасына барып, реабилитолог немесе комиссияның шешімімен жолдама алады. Реабилитацияны енгізу балаларымыздың өмір сапасын жақсартуға, олардың мүмкіндіктерін дамытуға, қоршаған ортаның әсеріне төзімді болуына мүмкіндік берді. Бұл ересек тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттырып, өз-өзіне қызмет көрсетуге, еркін қозғалуына және аурусыз өмір сүруіне жағдай жасады.

– Ел азаматтары МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесі тұрақты болу үшін не істеу керек?

– Көпшілік азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесінің жоқ екенін емханаға барғанда ғана біледі. Мұндай қолайсыздықты болдырмау үшін дәрігерге жүгінбей тұрып, мәртебені алдын ала тексеріп алған жөн. «Сақтандырылған» мәртебесі болуы үшін соңғы 12 айда МӘМС жарналары бойынша қарыз болмауы қажет. Демек, 12 айға дейін алдын ала төлеп, сақтандырылған мәртебесін алуға болады. Жарнаны уақытылы төлеу – ең алдымен науқастың өз денсаулығына қажет. Әр азамат өз мәртебесін msqory.kz ресми сайтында, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында немесе Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы ЖСН енгізіп біле алады. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры екінші деңгейлі банктермен және медициналық ақпараттық жүйелер жеткізушілерімен келісімдер жасасып, мәртебені тексеру және жарна төлеу сервисін кеңейтіп отыр.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар