«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлтын сүйген қайраткер – дара тұлға

Ұлтын сүйген қайраткер – дара тұлға
Автор
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қайраткер Міржақып Дулатұлының есімі ел ішінде құрметпен аталады. Себебі, ол өз халқын білім мен ғылым, даму жолына бағыттауда орасан зор іс атқарып кетті.

Ол қадамдар – қазақтың үлкен олжасына, ұлағатты жолына айналды. Осы орайда М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті журналистика және филология кафедрасының ұйымдастыруымен «Алаш арысы Міржақып Дулатов және бүгінгі ғылым мен білім саласындағы жаңашыл басымдықтар» атты республикалық ғылымитәжірибелік конференция өтті. Іс-шараның ашылу рәсімінде аталған университеттің филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Гүлнұр Ис абекова сөз сөйледі.

«Бүгінгі конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық тұлғаларды дәріптеуге шақыруын қолдау мақсатында ұлт тәуелсіздігі жолында жан аямастан күрескен қазақ сөз өнерінің алыптарының бірі – Міржақып Дулатұлының адамдық асыл қасиеттерін, тарихи құндылықтарын ашуға арналып отыр. М. Дулатовтың қайраткерлік тұлғасы мен азаматтық ұстанымы, ақындығы мен жазушылығы, ғалымдығы мен журналистігі қазақ тұлғатану саласында әлі де тереңдете зерттеуді қажет ететін тың сала болып тұр. Әсіресе «Міржақыптану» саласында қайраткердің өзгелерден оқ бойы озық тұратын таным әлемін зерттепзейіндеу әдебиеттану ғылымы үшін қашанда өзекті болмақ. Осы ғылыми конференция ұлттық білім беру жүйесіне жаңаша көзқараспен қарауға, салыстырмалы талдау жүргізуге және алдыңғы қатарлы елдердің оң тәжірибелерін игеруге жол ашатыны анық», – деді ол.

Мұнан соң Е. Букетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақ Білім Академиясының академигі Жандос Смағұлов «Ұлт әдебиетін зерттеудегі М. Дулатовтың ғұмырнамалық мақалалары» тақырыбында, әлФараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Білім Академиясының академигі Өмірхан Әдиманұлы «Міржақып ақын жырлары – тәуелсіздік таным бастауы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Олардың тұжырымды ойлары жиналғандарға үлкен әсер сыйлағаны рас. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры Жангелді Шайкенов «Ұлтжанды болып туған арлы қазақ», І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің доценті Әсел Тоқтанова «Алаш ғалымдары еңбектеріндегі тілдік рефлексия мәселесінің зерттелуі» тақырыптарына терең бойлады. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Зиба Құламанова «Ономастикалық атауларды тарихи-диахрондық әдіс арқылы зерттеу мәселелері», филология ғылымдарының кандидаты Рахат Саламатова «М. Дулатовтың Абай туралы мақаласының идеологиялық мәні» тақырыбын кеңінен аша білді.  

Маңғыстау облысынан келген Жұлдыз Мамбеталина, маңғыстаулық тіл маманы Бақытгүл Боранғали да конференцияға маңыз беріп, ой қозғады. Конференцияға студент жастар да белсене қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырған және жиынды жүргізген филология ғылымдарының докторы, аталған кафедраның меңгерушісі Меруерт Көпбаеваның есімін ерекше атап өткен жөн.

Конференция барысында қазақтың рухын оятқан дара тұлғалар есімі ұмытылмайтынына, Міржақып мұралары мәңгілік екеніне көзіміз жетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар