«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Айтқан ұсыныстарыма Президент құлақ асып, жауаптыларға тапсырма берді»

«Айтқан ұсыныстарыма Президент құлақ асып, жауаптыларға тапсырма берді»
Автор
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барша ауылдық округ әкімдерімен диалог-платформасында жиын өткізгені белгілі. Сол жиында Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы Президенттің алдында сөз сөйлеп, бірқатар өзекті мәселелерді көтерген болатын. Осыған орай Жуалы ауданына барып, Жанар Нұрмұратқызымен сұхбаттасқан едік.

– Жиынды телеарналар мен әлеуметтік желіден көріп, газеттерден де ақпарат білдік. Сіздің сөзіңіз шартарапқа жайылды. Сізге таңдау қалай түсті?

– Мемлекет басшысының алдында сөйлеу – барлық адамның арманы деп ойлаймын. Президенттің алдында сөйлеймін деп ойлаған да жоқ едім. Бәрі ойламаған жерден болды. Осы қазан айының аяғында Тараз қаласында «Әкімдер мектебінде» оқыдық. Сол кезде Amanat партиясы облыстық филиалы және құрылым басшыларымен кездесу болды. Олар округ әкімдерінен қандай мәселе бар екенін сұрады. Мен сол кезде округ әкімдерінің аяғына тұсау болатын, істейін десе заңға қайшы келетін жағдайлар бар екенін, әр округке арнайы заңгер штаты берілуі тиімді екенін айтқан едім. Менің осы ойларым Президенттің алдында сөйлеуіме жол ашып кеткен секілді. Жиында сөйлейтінім алдын ала белгілі болды. Қуанған жоқпын десем, әрине, өтірік болады. Жауапкершілікті сезініп, 3 минуттық сөздің өзіне ұзақ дайындалдым. Оның үстіне облыс аумағынан жалғыз өзім сөйлейтін болғандықтан, шекара маңындағы ауылдық округтердің де өзекті мәселелерін қамтып кеттім. Сөзімді батырлығы аңыз болған Бауыржан Момышұлы туған топырақтан келгенімді айтып бастағаным сәтті шықты деп ойлаймын. Президентпен кездесу көңіліме қанат бітірді.

– Дайындық басқа, нақты жағдай басқа. Президенттің алдында сөйлеуге шыққан кезде өзіңізді қалай сезіндіңіз?

– Сөзіме әбден, мұқият дайындалған едім, алдымдағы қағазда да сөздерім жазылып тұрған. Бірақ мінберге шыққан кезде үлкен толғаныс болып, қағазға қарай алмадым. Өзіңіз ойлаңыз енді. Президент бастаған еліміздің ең ірі саяси басшылары алқада отыр. Көз алдымда ҚР Президент аппаратының жауапты адамдары, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, министрлер мен облыс әкімдері. Өзге де лауазымды тұлғалар, менің жүздеген әріптестерім қарап отырғанда толқымау мүмкін бе? Содан қобалжып, дайын баяндамама қарай алмай, барлық сөзімді жатқа айтып шықтым. Сөйлеуімнің қызық сәттері осы болды.

– Шекара маңындағы ауылдық округтердің мәселелері қандай еді? Қозғай алдыңыз ба?

– Қысқаша айтып өттім. Ол былай. Жоғарыда айтып өткенімдей «Әкімдер мектебінде» курста оқып жүргенімде шекаралық аймақтағы бір округ әкімінің уәжі бәрімізді ойландырған еді. «Бір жолы шекарадан көрші мемлекеттің 120 қойы өтіп кетті. Заң бойынша 6 айға дейін ол иесіз малға тиісуге құқымыз жоқ. Сол мал үшін әр шаруа қожалыққа бір өтініп, әуреге түстік» деген еді ол. Ондай иесіз малды іздеушілерді 15 күн күтіп, осы уақыт аралығында ешкім келмесе, ауылдық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі мүшелерін қатыстыра отырып, құжат жасап, бір шешімін қарастыру керек деп ойлаймын. Сонымен қатар бізде қатты қалдықтарды жинау деген міндет бар. Біз оны аудан орталығындағы арнайы полигонға көлікпен жеткіземіз. Бірақ сол полигонда да қатты қалдықтар өңделмейді. Осы бағытта бір құрылым ашылса. Ең болмағанда бөтелкені бір бөлек, баклажкасын бір бөлек, қағаздарын бір бөлек жинақтап, тазалап, басқа қалаларға өңдеу кәсіпорындарына жіберсе. Мен осы мәселені де көтердім. Қуанышты жағдай Президент сөзімізге құлақ асты. Ол кісі өз сөзінде жауаптыларға жиында айтылған ұсыныстарды жинақтап, талдап, нақты шешім қабылдауды тапсырды. Сол ұсыныстар аясында «Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Әрине, ол кезде біздің біраз мүддеміз ескеріледі деген сенімім зор. Диалогплатформасын өткізудің маңызы мен мақсаты, жемісі осы жағдайда айқын көрінеді.

– Қарасаз ауылдық округіне әкім болғаныңызға 4 жылдан асып барады. Осы жылдар ішінде нақты атқарған істеріңіз қандай?

– Төрт жыл деген аз уақыт емес қой. Орындалған жұмыстар да бірқатар екен. Біздің округтің құрамында 5 ауыл бар, тұрғындардың жалпы саны – 3587 адам. Жергілікті ұлт өкілдерінен бөлек 13 ұлттың өкілдері тұрады. Орыс, украин, әзербайжан және басқа да ұлт өкілдері тату, ынтымақты күн кешіп жатыр. Тұрғындардың өтініштеріне құлақ асып, біраз істі оң жағына шығарғаныма көпшілік куә. Қарасаз және Ақбастау ауылдарының ауылішілік жолдары ескіруіне байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Атап айтқанда, Қарасаз ауылындағы Жамбыл, Абай, Нұрлыжол, Ы.Алтынсарин көшелері және Бірлік көшесінің 1 және 3-бұрылыстары, Ақбастау ауылында Төле би, Қойгелді, Береке және Береке көшесінің 1-ші бұрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылы Ақбастау ауылының Төле би, Береке көшесінің 1-ші бұрылысы және Қойгелді көшелерінің жолдарын орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы «Қарасаз ауылындағы Жамбыл көшесі бұрылыстарымен, Абай мен Бірлік көшесінің жапсарлас бөліктерімен, Ы.Алтынсарин және Бірлік көшесінің 1 және 3-бұрылыстарының жолдарын орта жөндеу жұмыстары жүзеге асты. Округ бойынша 15 көшенің 1-еуі облыстық деңгейдегі жол, 1-еуі аудандық деңгейдегі жолдар болса, 13-і ауылішілік жолдар. Бүгінгі таңда 13 ауылішілік жолдардың 12-і асфальттанса, 1 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын қажет етуіне байланысты жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптама қорытындысы алынып, бюджетке сұраныс жолданды. Мен округті басқарғалы 8 көше асфальттанды. Барлық көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бірқатар көшелер заман талаптарына сай 100 вт. диоттық шамдарға ауыстырылды. А.Пушкин орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Қарасаз ауылының орталық саябағын заман талабына сай жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында эскиздік жобасы дайындалды. Облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес елді мекенге жақын маңдағы жайылым жерлерді қайтару қажет. Зерделеу барысында 12 шаруаға тиесілі 763 гектар жайылым жерлер нақтыланды, заңды тұрғыда басқа жерден жайылым жер ұсына отырып, халыққа қайтару бойынша жұмыстар жүргізілді. 2021-2025 жылдар аралығында жайылым жерлерді кері қайтару арқылы 1229 гектар жайылымдық жер кері қайтарылды. Нәтижесінде елді мекендерге қарасты 1484 гектарға 1229 гектар жер қосылып, 2713 гектарға ұлғайтылды. Сонымен жайылым жерлерді артық айдаған шаруа иелеріне заң талаптарына сәйкес шара көріліп, артық жер кері қайтарылды. 50 балаға арналған спорт клубы ашылды. Бүгінде күрес, бокс және тағы басқа спорт түрлері болашақ чемпиондар жаттығып жатыр. Қарасаз ауылына «Билайн» мұнарасы орнатылды. Округ аумағынан «Транстелеком» желісі өтіп, әр аулаға интернет тартылды. Округ шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен Назым Қалдыбекке «Асар» бағдарламасы бойынша 3500000 теңгеге тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, табысталды. Жұрымбай ауылының тұрғыны Инга Бальчунайте де асарлату арқылы тұрғын үйге қол жеткізді. Атқарылған жұмыстарды, әрине, жалғастыра беруге болады. Сайлауалды бағдарламамдағы барлық жоспарларым шетінен орындалып жатыр. 2025 жылы да бірқатар жұмыстар жоспарға сай жүзеге асты. Алдағы уақытта да жоспарлы жұмыстар көп. Қарасаз ауылында саябақ ұйымдастырсақ, Ақбастау ауылында шағын спорт алаңшасын салдыруға ықпал етсем деп ойлаймын. Округтің барлық мәселелерін назарға алып, тер төге береміз. Осы ретте үнемі ісімізге қолдау білдірген Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаға халықтың атынан алғысым шексіз. Округтің жұмысы ауқымды. Осы орайда маған бас мамандарым, мектеп директорлары мен мекеме басшылары, шаруа қожалық төрағалары көмекке келуде. Сонымен қатар округтік қауымдастар алқасының төрағасы Ермахан Қойлыбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмат Баетов, сыйлы ақсақалдар Сағын Тоқбергенов, Асқар Назарбеков, Нұртаза Омаров, Есімхан Сеңгірбаев, Мәдібек Тұрмағанбетов та үнемі қолдау көрсетіп келеді. Ауыл жастарына да сеніп, оларды пайдалы істерге ынталандырып келеміз. Алдағы уақытта да ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдық округімізде игі істер қарқынды жалғаса береді деп сеніммен айта аламын.

– Ауданда басшылық құраммен мәслихаттағы әйел адамдардың үлесі қаншалықты деп ойлайсыз? Басшылықта жүрген азаматшалармен байланысыңыз қалай?

– Әйел азаматшаларға сенім артылса, әрқашан сенімді ақтайды. Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық мәслихат депутаты Эльмира Әбішева, Нүрила Нұрлыбекова, аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева ханымдармен байланысым өте жақсы. Тұрғындар мүддесі жолында жұдырықтай жұмылып жатырмыз. Облыста үлкен жауапты қызметте болған Рахия Тұрмағанбетова да үнемі бізбен әңгімелесіп, қолдап, тәжірибесін бөлісіп отырады.

– Енді өзіңіздің жеке басыңызға тоқталсақ. Ата-анаңыз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз...

– Әкем Нұрмұрат – қарапайым еңбек адамы болды. Әртүрлі салада еңбек етті. Кейінгі жылдары әр ауылдан сүт өнімдерін жинаумен айналысты. Анам да қарапайым еңбек адамы болды. Мені қайын атам мен қайын апам үнемі демеп отырды. Өкінішке орай, ол кісілер қазір бақилық боп кеткен. Жолдасым Ерлан Арыстанұлы да үнемі қолдап келеді. Екі қыз, бір ұлымыз бар. Қызметтен тыс кезде сиыр сауып, құрт жайған, дастарқан әзірлеген ауылдың келінімін. Өзім осы округтегі Жұрымбай ауылының қызымын, Ақбастау ауылының келінімін. Бұл округке қалай жаным ашымайды. Алдағы уақытта да Президенттің, облыс және аудан әкімінің тапсырмаларын жүзеге асыруда аянбай тер төгіп, халықтың өтінішін мүмкіндігіміз келгенше жүзеге асыра бермекпін.

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар