«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Көк куәліктің» қандай көмегі бар?

«Көк куәліктің» қандай көмегі бар?
Автор
Ана болу – үлкен ерлік, ал көпбалалы ана атану – нағыз ерліктің ерен үлгісі. Баланы әр ана өзі үшін дүниеге әкеледі. Десе де демографияға үлес қосып отырған алтын құрсақты аналарымыздың әлеуметтік жағдайы қандай? Олардың көпбалалы ана екенін дәлелдейтін «көк куәлігінің» көмегі бар ма? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Жалпы, көпбалалы ана дегеніміз кім? Заң бойынша Қазақстанда бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар көпбалалы болып саналады. Алты баласы бар аналар «Күміс алқа», ал 7, не одан да көп баласы бар аналар «Алтын алқамен» марапатталады. Бүгінде облысымызда 43 мыңнан астам көпбалалы ана болса, олардың 5 мыңға жуығы «Алтын алқа», 12 мыңға жуығы «Күміс алқа» иегері екен.

Сонымен негізгі тақырыбымызға оралсақ. «Көк куәліктің» беретін бірінші мүмкіндігі – көпбалалы отбасы ретінде 2 пайыздық мөлшерлемемен баспаналы болу. Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаеваның айтуынша, көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылар және І, ІІ топ мүгедектері «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы бойынша несие рәсімдей алады.

– Жалпы, көпбалалы аналар өздеріне берілетін «көк куәлікті» зейнетақы төлеу орталығынан алады. Құжатты алу үшін тек жеке куәлігі мен фотосы ғана қажет. Тараз қаласы бойынша көпбалалы аналардың «Бақытты отбасы» бағдарламасымен пәтер алуына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жағдайы төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке ие болады. Негізінен еліміздің әр қаласында көпбалалы аналарға берілетін көмек түрі әрқилы. Яғни, облыстың, қаланың бюджеттік қаражатының көлеміне байланысты, – дейді Г. Олжабаева.

Осы орайда «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалына хабарласып, көпбалалы аналарға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын сұрап білдік.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 37000- нан астам өтінім қабылданды. 1064 қатысушы «Отбасы банкінен» 12 миллиард теңге көлемінде несие алды. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасы саны – 703, ал көпбалалы отбасылар, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» I және II дәрежелі наградалары бар немесе «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар – 282, толық емес отбасылар – 79. Өңірлер бойынша несиенің басым бөлігін Астана қаласының тұрғындары алды. Олардың қатарында облысымыздан 84 ана бар, – дейді облыстық филиалдың клиенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова.

Маман айтып өткендей, шынында да еліміздің әр өңірінде «көк куәліктің» көмегі әртүрлі екен. Мәселен, Астана қаласында «көк куәлігі» бар аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сондайақ тіс жөндету және басқа да емнің кез келген түріне 50-70 пайыз жеңілдік қарастырылған. «Экспо» көрмесіне, түрлі демалыс орталықтарына да жеңілдікпен кіре аласыз. Айрықша атап өтер жайт, еліміздің кез келген өңірінен елордаға барған көпбалалы ана аталған жеңілдіктерді пайдалана алады.

– Астана қаласына көшіп келгелі 15 жылдың жүзі болды. Мұнда көпбалалы аналарға жақсы жағдай жасалған. Жақында ғана көпбалалы ана ретінде 1,5 миллион теңге грант жеңіп алдым. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек аламын. Қоғамдық көлікте тегін жүремін. Бала-шағамды Астанамыздың көрікті жерлеріне қыдыртқым келсе, көк куәлікті пайдаланамын, – дейді астаналық тұрғын Индира Бекқұлиева.

«Көк куәліктің» екінші мүмкіндігі – аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек берілуінде. Әрине, атаулы әлеуметтік көмекті жағдайы төмен отбасылар ғана ала алады. Баршаға бірдей емес. Дегенмен аты айтып тұрғандай аз қамтылған отбасының балаларына аталмыш куәлік орта мектептерде көпбалалы отбасылардан шыққан 1-4-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасын беруге жарамды.

Астана қаласында бірнеше жыл тұрған журналист Гүлжан Рахманның да тақырыпқа байланысты өз айтары бар. Әріптесіміз Гүлжан 6 баланың анасы. Айтуынша, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иелеріне алтыншы немесе жетінші сәбиі бір жасқа толғанда ғана беріледі екен.

– Біріншіден, әр балаға бөлінетін жәрдемақы мөлшері өте аз. Ал жәрдемақыны төртінші балалы болған кезіңізде ғана бергені тіпті дұрыс емес. Әрбір отбасы тұңғышы дүниеге келген кезінен бастап алсын. Екіншіден, көпбалалы аналарға еліміз бойынша қала ішінде жол жүру ақысын тегін етіп қою керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда аталған жеңілдік Астана қаласында ғана бар. Дәл сол тәртіпті барлық өңірде орнату қажет. Сонымен қатар көпбалалы аналар жылына бір рет шипажайда демалу мүмкіндігіне ие болғаны жөн. Тағы бір мәселе – «Күміс алқа», «Алтын алқа» төңірегінде. Бұл статусты анаға алтыншы баланы босана сала беру керек деп ойлаймын. Ал бізде баланың 1 жасқа толғанын күтеді. Құжатын өткізіп қойып, кемі алты ай тағы күтеді. Не үшін? Алтыншы, жетінші баласын босанып жатқан анаға рақмет айтып, статусты бірден беру керек емес пе? Базаны неліктен автоматты түрде жаңартпайды? Менің ойымша, демографиялық саясатымызға үлкен өзгеріс керек, – деп түйді әріптесіміз.

Әр бала – индивид. Ол мемлекет үшін адам капиталы. Ана баласын өмірге әкелу жолында денсаулығын береді. Қазір қарасаңыз, көп бала босанған қай әйелдің болсын денсаулығында кінәрат бар. Сондықтан көпбалалы аналарға шын мәнісінде мемлекеттен мықты қолдау керек. Кемшілік уақыт өте келе жойылып, кілтипандар шешімін табады деп үміттенейік.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар