«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заң тұжырымдамасын терең ұғындыру керек

Заң тұжырымдамасын терең ұғындыру керек
Автор
Қала аумағындағы криминогендік жағдайды жақсарту мақсатында 2025-2026 жылдарға арналған «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында «Қоғамда заң мен тәртіп тұжырымдамасын терең орнықтыру» қажеттігі негізінде бастау алып отыр.

Алайда қазіргі уақытта қалада жалпы қылмыс саны 7,9 пайызға өсіп (2077-ден 2241-ге), кері динамика қалыптасты. Мысалы, ауыр қылмыстар 31,3 (675-тен 886-ға), адам өлтіру 10 (10-нан 11-ге), кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 4,9 (41-ден 43-ке) және топтағы жасалған қылмыстар 19,7 (157-ден 188-ге) кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 4,9 пайызға өскен (41-ден 43- ке). Бұл жобаның нысаналы индикаторларына қол жеткізілмегендігін көрсетуде.

Қала прокуратурасының бастамасымен «Ақбұлақ», «Қаратау», «Қарасу» шағынаудандарында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша құрылған мекемеаралық жұмыс тобының жоспарына сәйкес, шағынаудандарда бейне бақылау жүйесі, жарықтандыру, тротуар салу үшін бюджеттен қаражат қарастырып, кешенді шаралар қабылдау бекітілді.

Ағымдағы жылы «Қарасу» шағынауданында көпқабатты үйлер мен кіреберіс жолдары толығымен жарықтандырылғанымен, қазіргі уақытта басқа да шағынауданның периметрлеріне бейне бақылау жүйесін орнату бойынша бюджеттен тиісті қаражатты бөлу бойынша шаралар мүлдем қабылданбай отыр. Сондай-ақ қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алуға полиция органдарының патрульдеу жұмыстары нәтиже бермеуде. Биылғы жылы көңіл көтеретін орындарда орын алған құқық бұзушылықтар 44,7 пайызға (85-тен 123-ке) өсті. Бұл да алаңдатарлық жағдай.

Одан бөлек адам өлтіру және оған оқталу деректері бір деңгейде (9-9) болғанымен, қараша айының алғашқы 10 күндігінде 3 адам өлтіруге оқталу фактісі тіркелген. Орын алған қылмыстардың 6 дерегі күдікті тұлғалардың алкогольді масаң күйде болуы және есірткі қолдану арқылы жасаған. Қала көшелерінде 387 қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркеліп, оның 15-і түнгі уақытта жарықсыз көшелерде орын алды. Бұл құқықбұзушылық профилактикасы субъектілерінің қылмыстың алдын алу жұмыстарының формальді жүргізетіндігін көрсетті. Екіншіден, жасөспірімдердің арасында қылмыстылықтың алдын алуға ерекше назар аударылғанына қарамастан қылмыс жасау фактілері жиілеп, теріс динамика қалыптасуда. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 4,9 пайызға өскен (41-ден 43-ке). Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы және білім беру ұйымы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және анықтау жұмыстары назардан тыс қалып отыр. Маңызды бағыттың бірі – отбасы-тұрмыстық саладағы қылмыстардың алдын алу.

Ағымдағы жылы отбасы-тұрмыстық салада 2950 құқық бұзушылық тіркеліп, ішкі істер органдарымен 1619 қорғау нұсқамасы шығарылды. Соттармен 104 тұлғаға қатысты мінез-құлқына ерекше талаптар қойылғанымен қылмыс саны 3,3 пайызға (60-ден 62- ге) өсті. Осыған байланысты полиция органдарына отбасы-тұрмыстық қатынас саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, әкімшілік жауапкершілікке тарту және қорғау нұсқамасын шығарып профилактикалық жұмыстар жүргізу жұмыстарын күшейту қажет. Қала бойынша шетел азаматтарының заңсыз жүргендігін анықтау жұмыстары мардымсыз. Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Түрікменстан азаматы Сейидов кодекстің 517-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығару түріндегі жазаға тартылған.

Алайда қаулы күшіне енгеніне қарамастан, Сейидов бүгінгі күнге дейін әкімшілік жолмен шығарылмаған. Осы тектес деректер уәкілетті органдардың назарынан тыс қалуда. Шетелден келген бизнес-мигранттардың мәселелі бақылаудан тыс қалып отыр. Құзырлы органдармен алаяқтық фактілері бойынша профилактиканың формальді жүргізілуінен қылмыс 100,2 пайызға (425-тен 851-ге), интернеталаяқтық 349 пайызға (119-дан 535-ке) өсіп, азаматтарға 685 миллион теңге шығын келтірілген. Тіркелген интернет-алаяқтық қылмыстарының жартысынан көбі немесе 58,7 пайызы, яғни 329 қылмыс ашылмаған.

Бұл қылмыстардың жаңа түрлері туралы қала тұрғындарына полиция мен жергілікті атқару органдары тарапынан тиісті деңгейде хабарландыру жасалмауда. Мысалы, соңғы уақытта «Қазпошта» арқылы тауар жеткізуге қатысты «СМС» кодын енгізуді талап ететін алаяқтық жағдайлар жиілеп кетті. Жалған сайттар мен акаунттар азаматтарға тауарларды төмен бағамен немесе туыстарынан келгендей етіп, жеткізу сылтауымен ұсынуда. Бұл – интернет алаяқтық.

Еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 2019 жылы 17 түлек, 2020 жылы 13 түлек, 2021 жылы 7 түлек, 2022 жылы 7 түлек, 2023 жылы 4 түлек, 2024 жылы 18 түлек бітіріп шыққан. Атап айтқанда, 66 түлектің ішінде тек 4 түлек жұмыспен қамтылғаны, қалған 62 түлек жұмыссыздардың қатарында екені анықталды. Салдарынан жұмыссыз түлектердің арасында қылмыс өршіп, күнкөріс таба алмаған түлектер оның басқа жолдарын іздеп, көбінесе қылмыспен пайда табу жолдарын іздеуге көшкен.

Аталған проблемалық мәселелердің өзектілігін ескере отырып, оларды шешу бойынша шаралардың дер кезінде қабылданбауы қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтың өршуіне алып келеді. Тараз қаласы полиция бөлімі мен оның құрылымдық бөлімдерінің есебіне 603 (568) бұрын қылмыс жасағандар (жазасын өтеуден шартты түрде босатылғандар, әкімшілік қадағалау орнатылғандар, форма льді түрде әкімшілік қадаға лауға алынатындар, соттылығы жойылмағандар) алынған.

Полицияның мәліметіне сәйкес 2025 жылғы 10 айда полиция есебіндегі жазасын өтеуден шартты түрде босатылғандармен қайта қылмыс жасаудың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға азайған. Алайда аталған статистикалық мәлімет шындыққа жанаспайды, себебі бұл тізімге олармен әкімшілік қадағалауға жататын және формальді түрде әкімшілік қадағалауға жататындар есепке алынбағаны анықталды. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» №28 заңына сәйкес, әкімшілік бақылау қоғамдық тәртіпті, адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін үнемі бұзған және өзге де құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарға ғана емес, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болғандарға белгіленеді. Осы ретте, қарсы тексеру нәтижесімен есептегі 603 сотталғанның 57 қасақана (18 ауыр, 5 аса ауыр қылмыс) қылмыс жасағаны анықталғанына қарамастан, әкімшілік қадағалау тек 27-сіне белгіленген. Яғни, полициямен әкімшілік қадағалау орнатылуға жататын 30 сотталғанға қатысты әкімшілік қадағалау белгіленбеген.

Бұл заң бұзушылықтар, есептегі сотталғандардың қайта қылмыс жасауына алып келгені сөзсіз. Қалада қаңғыбас иттермен байланысты жағдай жақсармаған, иттердің тістеуінен зардап шеккен қала тұрғындарының саны азаймай жатыр. Қала аумағында ағымдағы жылы 1215 ит тістеген адамдар тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 531. Тіпті, мектептердің маңында жүрген иттер оқушыларға шабуыл жасаған фактілер де орын алды. Қаңғыбас иттердің проблемасына жергілікті тұрғындар үнемі наразылықтарын білдіріп, шағымдануын тоқтатпауда. Өйткені бұл проблема жылдан жылға ұлғайып, арнайы ұстау орны (питомник) да ашылды. Алайда оның қызметі бүгінгі күнге дейін жолға қойылмаған. Ветеринариялық бөлімнің азаматтардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау міндетін бұзғанын көрсетеді.

Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде орын алған оқыс оқиғалар тұрғындар тарапынан жергілікті атқарушы органның жұмысына деген теріс пікір тудырады. Есепті мерзімде қала аумағында 295 өртену фактілері орын алған. Өрт алудың басты себебінің бірі – электр тоғы сымдарының қысқа тұйықталуы. Бұл бағытта халық арасында түсіндірме жұмыстарын жандандырып, жоба аясында қосымша жұмыстарды ұйымдастыру керек.

 

Нұржан БОРАНБАЕВ

Тараз қаласының прокуроры

Ұқсас жаңалықтар