Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, жүргізіп отырды. Өңір басшысы өз сөзінде кеңе стің күн тәртібіндегі вегетациялық кезеңде су тапшылығын болдырмау және «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру облыс экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан жүктелген міндеттер жоғары деңгейде орындалып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылады.
– Біздің өңір үшін су ресурстары – аса маңызды стратегиялық фактор. Мәселен, облыста суармалы судың 85 пайызы Қырғыз елінен алынады. Демек, бұл жағдай облыстың су қауіпсіздігіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Биылғы жылдың вегетациялық кезеңінде аймақта су тапшылығы сезіліп, шаруалар түрлі қиындықтармен бетпебет келгені бар. Уақыт өте бұл іске Үкімет араласып, көршілес мемлекет пен келіссөз жүргізудің нәтижесінде 586 миллион текшеметр су алынды. Қазіргі таңда облыс басшылығы су үнемдеу технологияларын енгізуге айрықша көңіл бөлуде. Есепті кезеңде шамамен 6,5 мың гектар алқапта тың әдістер пайдаланылған. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ең алғаш рет 2019 жылы облыста пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Қысқа мерзім ішінде өзінің әлеуметтік-экономикалық тиімділігін дәлелдеп үлгерген бағдарлама ауыл халқының табысын арттыруға, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығы жерлерін игеру деңгейін көтеруге, сондай-ақ техникалық жарақтандыруға нақты ықпал етті. 2024 жылы қайтарылған қаражат есебінен жаңа кәсіпкерлік жобалар іске қосылды. Бұдан бөлек өңірде алғаш рет тауарлы несие беру механизмі енгізіліп, ауыл тұрғындары үшін қолжетімді қаражат беру қалыптасты. Бұл Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыруға және шағын кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді. Аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, мәселе тікелей бақылауымызда болады, – дед Ербол Шырақпайұлы.
Жалпы, жиын барысында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, Ауыл шаруашылығы вицеминистрі Азат Сұлтанов, Су ресурстары ақпараттықталдау орталығының басқарма төрағасы Хайрулла Қайратғали мен облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек сөз сөйледі. Сонымен қатар кездесуде фермерлерге суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз ету мен су ресурстарын есепке алуды одан әрі цифрландыру үшін енгізіліп жатқан биллинг жүйесі туралы да айтылды.
Бұл – фермерлерді сумен қамтудың толық циклін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа. Оның ішінде өтінім беру мен келісімшарт жасасудан бастап, нақты тұтынуды есепке алу және төлем жасауға дейінгі функциялардың барлығы бар. Жүйе үдерістерді оңтайландырады, суды бөлу мен есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді сондай-ақ нақты көлемдерді дәл есепке алуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде вице-премьер Қанат Алдабергенұлы облыс әкімдігіне вегетациялық кезең басталғанға дейін диқандар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Оған қоса жергілікті басшыларға «Қазсушар» республикалық кәсіпорнымен бірлесіп, ылғалды көп қажет ететін дақылдарға бекітілген лимиттерге қатаң сәйкес келетін су беру шарттарын жасасу жүктелді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алдағы вегетациялық кезеңде «қара су нарығымен» күресті күшейту міндеттелді.
– Су тапшылығы қазірдің өзінде халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей кері әсерін тигізуде. Бұл жағдай су ресурстарын тиімді басқаруды талап етеді. Осы ретте қауіп-қатерлерді азайту және агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін технологияларды суару әдістері мен ирригациялық жүйелердің жағдайына мониторинг жүргізуді кеңінен енгізу қажет. Сонымен қатар егістік құрылымын әртараптандыруға, құрғақшылыққа төзімді және суды аз қажет ететін дақылдарды егуге ерекше көңіл бөлу керек. Өйткені облыстың су қоймаларындағы жиналған судың көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 134 миллион текшеметрге кем. Сондайақ алдағы кезеңде Талас өзені бассейні, Киров және Ащыбұлақ су қоймаларының толмау қаупі бар. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында суды көп қажет ететін дақылдарды егуді қысқартып, оның орнына суды аз қажет ететін дақылдарды егу керек, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Басқосуда «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Былтыр дәл осы бағдарлама шеңберінде жоспарланған қаржының бөлінбеуіне байланысты өңірде 160 ауылдық округ әкімдерін оқыту жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағыттағы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін жасақталған 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі ауыл тұрғындарына ұсынылыпты. Бұл ретте мысал ретінде сүтті қайта өңдеу цехтары, мал сою пункттері, бал өндірісін дамыту, құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы және тағы да басқа жоба түрлері қарастырылған. Ал 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін қайтарылған қаражат есебінен ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағытта 6,2 миллиард теңгеге 881 жоба қаржыландырылған.
Жиын соңында Қанат Бозымбаев «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» қанатқақты жобасы жөнінде азкем ақпарат берді. Қанатқақты жоба әуелі көршілес Қызылорда облысында жүзеге асырылмақ. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан іске қосылған. Жүйе әлеуметтікдемографиялық өзекті деректер мен әрбір үй шаруашылығына қатысты ақпаратқа нақты уақыт режимінде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформа әкімдерге біріктірілген деректер негізінде жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға жол ашады, ақпараттың шашыраңқылығын азайтып, әкімшілік жүктемені төмендетеді. Келер жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздегі барлық ауылдық округтерді жүйеге қосу жоспарланған.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- Бүгін, 06:57
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




