Қала емханаларында ұзынсонар кезек, дәрігерлердің «дәрі жетпейді», «қолымызда укол жоқ» деген жауаптары әдеттегі құбылысқа айналды. Көп жағдайда дәрігер науқастың жағдайы ауыр болса да, қолында бар нақты емі жоқ болғандықтан, тек рецепт жазып беріп, ата-ананы дәріханаға жібереді. Ал дәріханаға барған тұрғынды басқа қиындық күтіп тұрады: бағаның бақылаусыз көтерілуі, чектің берілмеуі, бағаның көрсетілмеуі, тіпті бір күнде 200-300 теңгеге қымбаттап кететін дәрілер. Осындай сәтте өз баласының қызуы мен қауіпсіздігі үшін жанталасқан ата-ана бағаны сұрап та үлгермей, қолына түскен дәріні ала қояды.
Дәл қазір Тараздағы дәріханалардағы баға – өз алдына бөлек мәселе. Тұмау өршігенде дәрінің қымбаттауы қалыпты ма, әлде жасанды ма, яғни сұраныс туындаған сайын бағаны көтере беретін жүйесіз нарық па? Жауап әзірге белгісіз. Бір белгілісі – ауру баланың денсаулығы дәріхананың баға саясатына байланып қалмауы керек. Медицина саласы үшін ең басты құндылық – адам өмірі, әсіресе бала өмірі. Бірақ жедел жәрдемнің бірнеше сағаттап келмеуі, сүзгі кабинетінің тар дәлізі науқастардың айқайына толуы, дәрігердің кері қайтаруы мен дәріхананың еркін баға қоюы – баланың денсаулығы қоғам үшін емес, әр мекеменің өз тәртібі үшін ғана маңызды секілді әсер қалдырады.
Осындай ретсіздіктің нақ ортасына түскен – 80 жастағы зейнеткер Бақтылы Көпбаева. Ол немересінің қызуы түспей қиналған бір апталық оқиғасын редакциямызға келіп айтып берді. Бұл – бір отбасының ғана емес, Тараздағы мыңдаған атаананың басынан өтіп жатқан ортақ жағдай. Апаның жанайқайы – тұтас жүйенің шынайы көрінісі.
Бақтылы Көпбаева әңгімесін бастар-бастамастан-ақ көзіндегі қорқыныш пен шаршаңқылықты бірден сезіндік:
– Үшінші сыныпта оқитын немерем Әли мектептен қалтырап келді. Тамағы ісіп, жөтелі күшейіп, дене қызуы 38,9-ға жетті. Бірден қолымнан келгенін істедім: денесін сірке суы қосылған сумен сүрттім, қызуын түсіретін дәрісін бердім. Бірақ жағдайы жақсарған жоқ. Жедел жәрдемге қоңырау шалдым, – дейді ол.
Алайда жедел жәрдем қызметі дереу жетпеген. – «Науқастар көп, кезекке қоямыз» деді. Амалым не, күтуге тура келді. Олар 6-7 сағаттан кейін бір-ақ келді. Қолдарында не дәрі жоқ, не егетін дәрі жоқ. Тіпті өзімнен: «Баланы немен емдеп жатырсыз?» деп сұрап қояды.
«Тамағы қызарып тұр, дұрыс қарап жатырсыз» деді де, апыл-ғұпыл шығып кетті. «Қызуын түсіретін бір укол жасамайсыңдар ма?» десем, «қолымызда ештеңе жоқ, емді өзіңіз жалғастырыңыз» дейді.
Бұлай жалғаса берсе халықты кім емдемек? – дейді Бақтылы Көпбаева.
Апа немересін түні бойы бақылап, денесін сулап, қарап шыққан. Таң ата жағдайы оңалмаған соң, сүзгі кабинетіне апарады.
– Сағат екіге қарай бардым. Өздері тар дәлізге ондаған адамды тығып қойған. Үлкендер, балалар – бәрі араласып кеткен. Бұрын балалар емханасы бөлек еді, қазір бәрін біріктіріп жіберген. Бірбірімен соқтығысып, айқай-шу. Сонда кішкентай сәбилердің иммунитетін кім ойлап отыр? – дейді апа.
Кезегі әрең жеткен апаға дәрігер тек дәрілерді жазып беріп қайта қайтарған.
– Балам 39 градус қызумен тұр. Бірақ «мына дәрілерді дәріханадан аласыздар» деп шығарып салды. Не укол жоқ, не алғашқы көмек жоқ. Осылайша қолымызда бар ем-шарамды жасап жүріп, өзім де ауырып қалдым, – дейді Бақтылы апа.
Осылайша бірнеше күн жүгіріп, ақыры учаскелік дәрігеріне жеткен.
– Учаскелік дәрігер «мұндайда укол керек» деді. Сөйтіп, немеремді Сүлейменов көшесіндегі жаңадан ашылған «Халық» дейтін ем-шара кабинеті бар дәріханаға апардым. Укол алу үшін дәріні сол жерден алу керек екен. Тезірек салсыншы деп екі уколды алдым. Сол күні аз мөлшерін салып, толық дозасын да сонда салдырдық. Екі күнге 5 390 теңге төледім. Қымбат па, арзан ба – балам үшін дедім де, үндемедім, – дейді кейуана.
Бірақ ертеңінде барғанда баға тағы өзгеріп кеткен.
– Келесі күні барсам, бір түнде укол 320 теңгеге өскен. Бір укол 3395 теңге дейді. Бағасы неге көрсетілмеген? Прейскурант қайда? Дәріге баға неге жазылмаған? Түбіртекті неге бермейсіңдер? – десем, ешкім жауап бере алмады. Осы дұрыс па? – дейді апа ашынып.
Оған: «Бағаға қатысты шағымыңыз болса, Әйтиев көшесі 27-дегі фармбақылауға барыңыз» деп шығарып салған.
– Бір Таразда тұрамыз ғой. Қалада қаншама дәріхана бар?! Сонда халық әділдікті қайдан іздейді? Мына жағдайға кім жауап береді? Дәріханаларда бақылау жоқ. Дәрінің бағасы – ойыншық, халықтың қалтасы – есепсіз. Қажет болса, республикалық фармбақылауға да жазамын. Бір аптада көргенім осы болса, халық не көріп жүр екен?! – дейді Бақтылы Көпбаева.
Ол редакцияға арнайы келіп, мұның бәрін халық білсін, жауапты басқармалар естісін деп айтып берді. Бір апаның, бір ғана отбасының басынан өткен бұл оқиға – жүйедегі бір сәттік кемшілік емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан немқұрайлылықтың көрінісі. Бақтылы апаның немересінің қызуы түспей жан ұшырып жүгіргені – бүгінгі таңда Тараздағы мыңдаған ата-ананың күнделікті шындығы. Қымбаттаған дәрі, қолында уколы жоқ жедел жәрдем, тар дәлізге тығылған сырқат балалар, дәрі тізімін жазып берумен шектелетін дәрігерлер, бағаны еркін қоятын дәріханалар – бұлардың ешқайсысы баланың денсаулығын қорғауға бағытталған жүйе екенін көрсетпейді. Баланың өмірі мен денсаулығы – дәріхананың баға саясатына, емханадағы кезектің ұзындығына немесе бір мекеменің ішкі тәртібіне тәуелді болмауы тиіс. Ал дәл қазір Таразда жағдай керісінше болып тұрғаны анық.
Дәріханалардағы бағаға кім жауап береді? Жедел жәрдемнің кешігуі үшін кім есеп береді? Науқас балалар мен ересектерді бір дәлізге тығып қойған жүйе үшін кім жауапты? Осыған орай біз Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің облыс бойынша департаментінің жауапты мамандарымен тілдестік. Жауапты мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта апаның сатып алған дәрілерінің түбіртектері сақталған болса, департаментке келіп түбіртекті көрсете отырып дәріхананың атына арыз түсіруі тиіс екенін айтады. Сонда ғана, дәріхана жұмысы, дәрілердің бағасы түбегейлі зерделеніп, зерттеледі екен. Ал редакция тарапынан біз бұл мәселені назарда ұстаймыз.
Халықтың денсаулығы – ойыншық емес. Ал жүйе жұмысын қалыпқа келтірмей, мұндай жанайқайлар азаймайды.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- 6 желтоқсан, 2025
Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




