«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үнемдеу – ресурстарды сақтап, экономиканы ілгерілетеді

Үнемдеу – ресурстарды сақтап, экономиканы ілгерілетеді
Автор
Су тіршілік көзі болғаны секілді бүгінде электр энергиясы, көгілдір отын да күнделікті тұрмыстың бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Себебі, қазір көптеген жұмыстар электр қуатының, газдың көмегімен іске асады. Сондықтан бүгінде энергия тиімділігін ұстану аса маңызды болып отыр.

Энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану, үнемдеп ұқсату экономиканы да ілгерілетеді. Күнделікті тұтынатын энергияны тиімді үнемдеуді жүзеге асыру жеке отбасылық шығынды да азайтады әрі болашаққа қалдырар қазынаны да арттырады. Біз электр қуатын үнемдеудің қаншалықты маңызды екендігі туралы үнемі естиміз. Энергетикалық проблема экологияға да қатты әсер ететіні жасырын емес, ол атмосфераға, гидросфераға және литосфераға да зиянды әсер етеді. Көптің көкейінде «Энергияны үнемдеу экологияға қалай көмектеседі?» деген сұрақтың тууы заңды. Мұның бірнеше себептері бар. Мәселен, ресурстарды сақтау, электр энергиясы әртүрлі көздерден, соның ішінде қазба отындарынан, яғни көмір, мұнай және газдан өндіріледі.

Бұл ресурстар шектеулі ғана емес, сонымен қатар оларды жағу кезінде қоршаған ортаға зиянды. Электр қуатын үнемдеу арқылы біз энергияны тұтынуды және осы ресурстарды пайдалануды азайтамыз, бұл қоршаған ортаға теріс әсердің төмендеуіне жеткізеді. Энергияны үнемдеу мен экологияға көмектесудің тағы бір себебі – парниктік газдар шығарындыларын азайту. Яғни, электр энергиясын өндіру көбінесе жаһандық жылынудың негізгі себебі болып саналатын көмірқышқыл газы (CO2) сияқты парниктік газдар шығарындыларымен бірге жүреді.

Біз электр қуатын неғұрлым көп пайдалансақ, соғұрлым оны өндіру қажет болады. Бұл парниктік газдар шығарындыларының көбеюіне әкеледі. Электр қуатын үнемдеу арқылы бұл сұранысты азайтамыз және климаттың өзгеруімен күресуге көмектесу арқылы шығарындыларды төмендетуге көмектесеміз. Сонымен қатар электр қуатын тиімді жолмен аз мөлшерде қолдану энергияны үнемдейтін технологияларды дамытуға және пайдалануға мүмкіндік береді. Компаниялар мен өндірушілер заманауи экологиялық таза шешімдерді жасау үшін үнемі жұмыс істеп келеді.

Нәтижесінде компаниялар жалпы энергия тұтынудың төмендеуіне және энергия тиімділігінің жақсаруына әкелетін технологияларды енгізеді. Яғни энергия үнемдеу жүйесі бар ақылды үйлер қолданысқа келеді. Үнемшілдіктің экологияны жақсартуға жеткізетін тағы бір жолы – әлеуметтік жауапкершілік. Энергияны үнемдей отырып, біз қоршаған ортаға теріс әсерді азайтамыз. Анығырақ айтқанда, өмір сүру сапасын арттырамыз және адамзат үшін салауатты, тұрақты болашақты қамтамасыз етеміз. Электр қуатын үнемдеу бұл – қуатты үнемдейтін шамдар мен құрылғыларды пайдалану, пайдаланылмаған кезде электрониканы өшіру, бөлмеден шыққан кезде шамдарды өшіру және осы секілді басқа да әрекеттер.

Ең бастысы – өзіңнен баста, сонда ғана әлем көркейеді. Енді осындай энергияны үнемдеудің жеке отбасылық бюджетке келтірер пайдасына тоқталсақ, коммуналдық қызметтерге төленетін ақының азаятынымен түсіндіре аламыз. Мұны нақтырақ жеткізу үшін Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің атқарып отырған жұмыстарына тоқталған жөн.

– Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің негізгі қызметі табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеуге, табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылауға бағытталған. Сонымен қатар, табиғи монополиялар заңнамасы аясында департаменттің негізгі мақсаттары – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру, тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету. Департаменттің тарифтік саясаты – тұрақты түрде табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің тарифтерімен бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жұмысты жүргізу. Департамент облыста табиғи монополиялар субъектілерінің Мемлекеттік тіркелімінің Жергілікті бөліміне енгізілген қызметтердің 56 түрін көрсететін 37 табиғи монополия субъектісін реттейтін орган болып табылады. Табиғи монополия субъектілерінің 19-ы сумен жабдықтау кызметтері бойынша, 9-ы сарқынды суларды бұру қызметі, біреуі табиғи газды тасымалдау, 18-і жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау, 7-еуі кірме темір жолдары, екеуі электр энергиясын беру және бөлу бойынша қызмет көрсетеді. Биылғы жыл басынан бері департаментке 24 табиғи монополиялар субъектілерінен 77 тарифті бекітуге қатысты 77 өтінім және 2 қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен бағаларының шекті бағадан жоғары көтерілуі тұралы 2 хабарлама келіп түскен. Түскен өтінімдер мен хабарламаларды қарау нәтижесінде 77 өтінім бойынша 24 тариф бекітілді, 2 өтінім бойынша қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен бағаларының шекті бағасы келісілді, 26 өтінімді қараудан бас тартылды, 19 өтінім субъектімен өз еркімен кері қайтарылды, 6 өтінім қаралуда, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитет облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Бек Момбаев.

Бекітілген инвестициялық бағдарламаның және тарифтік сметаның орындалуын талдау қорытындысы бойынша қайта қаржыландыру құнын ескере отырып, өткен жылы 3 табиғи монополия субъектісінің негізсіз табыс сомасы 349989,75 мың теңгені құрапты. Оның 185787,52 мың теңгесі «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, 160557,44 мың теңге «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына, 3644,79 мың теңге «Көптас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруға байланысты 2 субъектінің инвестициялық бағдарламасына ЖАО бірлесіп өзгерістер енгізілген.

– Жоғарыда айтылғандай, департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта 2025 жылдың 10 айында департамент тарапынан 6 табиғи монополия субъектісіне қатысты 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жалпы сомасы 17388640 теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өңдірілді. Облыстың жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 2 табиғи монополия субъектілеріне қатысты тексеру жүргізіліп, оның ішінде 1 заң бұзушылықтар анықталды. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 2 нұсқама енгізілді, қазіргі таңда орындалды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 39/НҚ бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне» сәйкес, департаментпен 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олар – «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру», «Егер мәміле жасалатын мүліктің ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, табиғи монополия субъектісінің мүлкіне қатысты өзге мәмілелер жасасуға келісім беру». Сондай-ақ «Табиғи монополиялар субъектілерін қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім беру», «Мемлекеттік тіркелімге табиғи монополиялар субъектілерін енгізу және одан шығару». Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 5 маусымдағы №47 бұйрығымен бекітілген «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына» және Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы №73 бұйрығымен бекітілген «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына» сәйкес, департамент мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Биылғы 10 айда департамент 20 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның үшеуі «Егер мәміле жасалатын мүліктің ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, табиғи монополия субъектісінің мүлкіне қатысты өзге мәмілелер жасасуға келісім беру» бойынша болса, біреуі «Табиғи монополиялар субъектілерін қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім беру». Ал, 16-сы «Мемлекеттік тіркелімге табиғи монополиялар субъектілерін енгізу және одан шығару» бойынша болды, – дейді Бек Түлендіұлы.

Бүгінгі күнге департамент атқарып отырған ең маңызды жұмыстың бірі – тұтынушылардың назарына табиғи монополиялар субъектілерінің жасап жатқан жұмыстарының, инвестициялық бағдарламада қарастырылған іс-шаралардың орындалуын, сол жұмыстардың нәтижесін жеткізу. Департамент қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатымен биылғы жылдың басынан бастап депутаттардың, Amanat партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және тұтынушылардың қатысуымен 82 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 10-ы тұтынушылардың қоғамдық қабылдауы болса, 10-ы азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке қабылдау, үшеуі баспасөз туры, 20-сы жария тыңдау, 16-сы семинар, үшеуі дөңгелек үстел, тағы үшеуі брифинг. Сол секілді тарифтік саясат жөніндегі кеңес жанындағы табиғи монополиялар саласындағы тариф белгілеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның 17 отырысы өткізілген.

Сондай-ақ тұтынушыларды атқарылып жатқан жұмыс және қабылданған шешімдер бойынша хабардар ету мақсатында департамент қызметкерлерімен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмыс жүргізілді. Барлығы 345 материал жарияланып, сұбхаттар берілді. Оның ішінде 22- сі газеттерде, 130-ы комитеттің сайтында шықса, алтауы «Jambyl» облыстық телеарнасында және радиода 15 сұхбат, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде 172 материал жарияланған. Жыл басынан бері департаментке 1099 құжат келіп түссе, оның 1059-ы шығыс құжат, барлығы белгіленген мерзімде орындалыпты. Сонымен қатар, 2025 жылдың 9 айында департаментке 166 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері келіп түскен, жеке тұлғалардан 124, заңды тұлғалардан 42 өтініш түссе, оның ішінде 118-і өтініш, біреуі шағым. Барлық өтініштер тиісті мерзімде қаралған, мерзімі өтіп кеткен немесе орындалу мерзімдері сақталмаған немесе қайта түскендері болмапты.

Департамент жоғарыда көрсетілген жұмыстармен қоса, әрі қарай табиғи монополия субъектілерінің және тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, тарифтік саясатты жүзеге асыра бермек. Әйткенмен, әр азамат энергия ресурстарын пайдалануда өзіндік жауапкершілігін сезініп, үнемдей білсе, болашақ үшін де қамқорлық жасағаны болар еді. Энергия тиімділігін ұстана отырып, біз бүгінімізді пайдалы, келешегімізді жарқын ете алатынымызды ұмытпайық.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар