«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жасыл экономика» тұжырымдамасы – жарқын болашақтың тұғыры

«Жасыл экономика» тұжырымдамасы – жарқын болашақтың тұғыры
Автор
Бүгінде дамыған елдердің дені баламалы энергия көздерін арттырып, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін энергия ресурстарын өндіру ісіне айрықша мән беруде. Жалпы баламалы энергия көздері немесе «Жасыл экономика» термині 2012 жылдың маусымында Бразилияда өткен РИО+20 саммитінен кейін халықаралық нарықта жеке мемлекеттердің даму бағдарламасында қолданыла бастады.

Біздің елімізде де «Жасыл экономика» секторы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. «Баламалы энергия» деп қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін табиғи таза энергия өндіру көздерін айтамыз. Мұндай энергия көздері экологияға ешқандай нұсқан келтірмейді, мұнай мен көмір тәрізді пайдалы қазбаларды игеруге қажеттілік тудырмайды. Расында да ауа ластанып, қуат таусыла бастаған шақта басқа балама көздерді іздеген дұрыс екені бесенеден белгілі. Бірақ бұл терминді әркім өзінше түсінеді. Шындығында, «Жасыл экономика» дегеніміз не?

Біріншіден, бұл – табиғи қорларды тиімді пайдалану.

Екіншіден, экологиялық жағынан таза өнімдер шығару.

Үшіншіден, халықтың әлауқатын арттыру.

Төртіншіден, бұл –экономиканың заманауи тың саласы. Бесіншіден, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтыну.

2022 жылы мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік экономикалық форум қатысушыларына бейне үндеу жолдаған сөзінде: «Жасыл экономиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия секторын дамыту біздің төмен көміртекті даму стратегиямыздың басымдықтары болады, ол 2060 жылға қарай шығынсыз оңтайлы жолды қамтамасыз етеді», – деп атап көрсеткен болатын.

Жалпы мемлекетіміздің «Жасыл экономика» саясатын дамыту ісін осыдан бірнеше жыл бұрын белсене қолға алғаны белгілі. 2013 жылдың мамыр айында еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу жөнінде арнайы тұжырымдамасы қабылданды. Маңызды құжаттың үш кезеңді қамтитынын айта кету керек. Үш кезең бойынша да жүзеге асырылатын міндеттер қомақты. Бұл орайда Қазақстан үкіметі «Жасыл экономиканы» дамытудың жеті бағытын атап көрсетті.

Бірінші – су ресурстарын дұрыс пайдалану, екінші бағыты – халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп, жоғары өнім беретін ауыл шаруашылығы саласын дамыту, үшінші бағыты – энергия көзін пайдалануда оны үнемдеу және энергияны тиімді тұтынуды арттыру, төртінші бағыты – электр энергетикасын дамыту, бесінші бағыты – әртүрлі өндірістен қордаланып, жиналып қалған қалдықтарды жою. Алтыншы бағыты – улы газ қосындыларынан және әртүрлі қалдықтардан, ластанып бара жатқан ауаны тазарту, жетінші бағыты – саланы тиімді басқару.

Аталмыш тұжырымдаманың бірінші кезеңі 2013 жылы басталып, 2020 жылы аяқталды. Енді екінші кезеңі 2020-2030 жылдарды қамтыса, үшінші кезең 2030-2050 жылдар аралығына жоспарланған. Тұжырымдаманың бірінші кезеңінде мемлекет «жасыл» инфрақұрылымды құруға, ресурстарды оңтайландыруға, сондай-ақ табиғатты қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға басымдық берді. Яғни, 2013 жылы Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының бірінші кезеңін іске асыру бойынша ісшаралар жоспары қабылданды.

Жоспар 141 іс-шарадан тұрды. Оның ішінде нормативтік, институционалдық және кадрлық қамтамасыз ету, су ресурстарын үнемді пайдалану шаралары, тұрақты және жоғары өнімді ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, атмосфералық ауаның ластануын азайту, биологиялық ресурстарды дамыту, сақтау және үнемді пайдалану, жылу электр станциялары шығарындыларын тазартуды және өндірісте және күнделікті өмірде соңғы технологиялар негізінде энергияны кеңінен үнемдеуді енгізу бойынша шаралар мен жобалар қамтылды.

Тың бастамалар мен жобаларды мақсат еткен тұжырымдама толыққанды орындалса, еліміз «Жасыл экономиканы» дамыту саласында толайым табыстарға сөзсіз жететіні анық. Мемлекет алдына міндет қойып отырған соң, ол тұжырымдама жоспарлар күмәнсіз орындалады деп ойлаймыз.

Тұжырымдамадағы 3 кезең 7 міндеттің түйіні осы. Егер аталған бағыт бойынша жасалынатын міндеттер уақытылы әрі тиянақты орындалатын болса, Қазақстан мемлекеті мен халқы бұдан орасан зор табыстарға қол жеткізеді. «Жасыл экономика» бағдарламасы елдің жалпы ішкі өнімін арттырып, халықтың табысын көбейтеді. Сонымен қатар экологиялық тұрғыдан ауа тазарады. Қуат көздеріне қатысты шығындар азаяды. Қысқасы, «Жасыл экономика» әл-ауқатымызды көтереді.

«Жасыл экономиканы» дамыту жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес біздің облысымызда да кешенді жұмыстар қолға алынған. Мәселен, елімізде бүгінгі таңда барлығы 3032,12 мегаватт қуатты құрайтын 153 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істесе, облысымыздың аумағында жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 нысан бар. Бұлардың қатарында жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегеваттық 6 күн электр станаларын атап өтуге болады. Жалпы облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда екенін де атап өту ләзім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру жалғасатындығын айрықша атап көрсетті. «Біз «Жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде.

Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімнің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүгінде облысымыздың аумағында осы бағытта қолға алынған жобалардың қай-қайсысы болсын өз жемісін бере бастады. Келесі маңызды құжаттардың бірі – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы.

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген мемлекеттік маңызды жобаның санатына кіреді. Осы арқылы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделіп отыр. Құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Тұтастай алғанда, Ұлттық жобада 11 міндет қарастырылып, соған сәйкес 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалды.

«Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналған.

Еліміздің «Жасыл экономика» саясатын жүзеге асырудың құқықтық аспектілерін жүргізу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң энергетика саласын қолдау және дамыту тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, жаңартылатын энергетика саласында шағын генерацияны дамыту үшін «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын масштабты объект» (бұдан әрі – шағын масштабты ЖЭК) ұғымы енгізілді. Мұндай типтегі обьектілердің санатына қуаты 200 киловаттан аспайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр және жылу энергиясын өндіретін техникалық құрылғылар жатады. Шағын масштабты ЖЭК иелері осындай объектілер өндірген электр энергиясын немесе жылу энергиясын өз қажеттіліктеріне қазіргідей пайдалана береді және артық электр қуатын энергиямен жабдықтаушы ұйымға сата алады. Ал аталған ұйым оны Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейтін шекті бағамен сатып алады.

Еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2023 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген, жиынтық қуаты 10 мегаваттан аспайтын шағын гидроэлектр станцияларының (бұдан әрі – ШГЭС) өндірген электр энергиясын жабдықтаушы ұйымдарға тікелей, яғни бірыңғай сатып алушының қызметіне жүгінбей өткізуге рұқсат етіледі. ШГЭС өндірген электр қуатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Энергетика министрлігі белгілеген шекті тариф бойынша басым тәртіппен сатып алады. Тариф әр жеті жыл сайын қайта бекітіліп отырады.

Сонымен қатар Заңда отынның баламалы түрі ретінде газды пайдалана отырып, энергия өндіретін қондырғылар салу арқылы бұрынғы электр станцияларын жаңғыртуға, реконструкциялауға немесе кеңейтуге арналған инвестициялық келісімдер жасау шарттары түзетілді. Бұдан бөлек, коммуналдық меншіктегі өңірлік электр желілік компанияларға электр желілерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға бюджет есебінен кредит беру тәртібі енгізіледі. Кредит беру қағидаларын энергетика министрлігі қаржы министрлігімен келісе отырып бекітеді.

Естеріңізге сала кетсек, Сенат депутаттары 2024 жылдың 6 маусымында екі оқылымда жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі аталмыш заңды мақұлдады. «Жасыл экономика» термині қолданылғанда, балаламалы энергия көздері жайлы айтпай кету мүмкін емес. Баламалы энергияны өндірудің бірнеше көздері яғни түрлері бар. Сол секілді баламалы энергияның да бірнеше түрлері көп. Алайда адамзатқа қаржылық жағынан тиімді әрі экологиялық табиғилығы басым энергия көздерін игергені әлдеқайда дұрыс.

Гидроэлектроэнергия. Күн, жел, ағыс, геотермальды энергия түрлері сарқылмайтын қуат көзіне жатады. Ал ядролық энергетика уран мен өзге де ауыр элементтерден алынатындықтан, таусылмас қуат кені бола алмайды. Күн мен желден өндірілетін энергияның болашағы зор. Ең бірінші, бұлар сарқылмайтын қазына болса, екіншіден, оларды өндіру де адамзат үшін аса қиындық тудырмайды. Су электр станциялары (СЭС) арқылы өндірілетін бұл энергияны барлығымыз жақсы білеміз.

Тау өзендері мен сарқырама, жасанды каналдардың жағасына үлкен СЭС немесе гидроэлектрикалық тоған салынады. Ағысы қатты су айналып тұрған турбина арқылы өтеді де электр энергиясын өндіретін арнайы қондырғылар одан қуат алып, оны электр энергиясына айналдырады. Қазіргі таңда Қазақстанда қуаты жоғары Өскемен СЭС-і (қуаты 331,2 мың кВт) және Бұқтырма СЭС-і (қуаты 675 мың кВт), Іле өзенінде Қапшағай СЭС-тері (қуаты 434 мың кВт) орналасқан. Ядролық энергия немесе атом энергиясы. Уран және өзге де радиоактивті элементтерден өндірілетін энергия түрі.

Радиоактивті бөлшекті суға қайнатқан кезде, буға айналады. Кейін оның атомдарын жарып, энергияға айналдыруға болады. Бұл үрдіс атом электр станцияларында жүзеге асады. Дегенмен атом энергиясы өндіріске тікелей байланысты, яғни, атомды жару үшін энергия керек. Оны мұнай мен көмірден алуға тура келеді. Оның үстіне, АЭС апатқа ұшыраса үлкен радиоактивті шығын келетіні сөзсіз. Сондықтан аталмыш энергия әдісі адамзаттың болашағын жасай алмайды. Күн энергиясы. Күннен тікелей алынатын энергия түрі. Күннен келетін сәулені электр энергиясына айналдыру тәсілі. Кремний төсемелерінен жасалған фотоэлектрикалық ұяшық өзіне түскен сәулені электр энергиясына айналдырады. Сонымен қатар күннен келетін сәуленің жылуын да электр энергиясына айналдыруға болады, мұны күн жылу энергиясы деп атаймыз. Жел энергиясы. Ауа қозғалысынан өндірілетін энергия түрі.

Желдің қатты жылдамдығы алып жел турбиналарын қозғалысқа түсіреді де, кейін одан электр энергиясы өндіріледі. Нидерланды мен Дания елдері ежелден диірмен қолданады, қазір алып диірмен құрылыстарын салып, жел энергиясын өндіріп отыр. Геотермальды энергия. Жер қыртысындағы белсенді геологиялық құбылыстар (гейзер, ыстық бу, жанартау лавасы) да электр энергиясын өндіруге пайдалануға болады. Жанартау маңындағы жерасты суы өте ыстық келеді, қайнау температурасынан да артық. Мұндай белсенді геологиялық аймақтарға ұзын құбырлар немесе мұржалар орналастырылады. Ыстық бу осы мұржалар арқылы өтеді де мұржа ішінде орналастырылған турбиналар негізінде электр энергиясы өндіріледі. Биомасса. Өсімдіктен май өндірілетінін білеміз. Ал майдан жанармай алуға болады.

Сол тәрізді этанол мен глюкозадан, саңырауқұлақ, бактерия мен балдырдан жанармай жасалады. Бұл – бензинді алмастыра алатын сұйықтық. Сутек. Сутегі – ғарыш пен жер бетінде көп кездесетін элемент. Мәселен, судың өзі сутек бөлшегінен тұрады. Бұл – газ тектес элемент. Ал сутектің жануы үлкен энергия береді. Суды сутекке бөлу арқылы көгілдір газ аламыз. Ал бұл газ іштен жанатын қозғалтқыштың отыны болады. Баламалы энергия көздерінің дамуы да ұдайы ізденіс пен технологияны қажет етеді.

Ғылыми технологиялық ізденістердің нәтижесінде бүгінде адамзат баламалы энергия көздерін тұтынуды жолға қоя бастады. Мәселен, 2019 жылы адамзаттың энергетикалық қажеттілігінің 41,3 пайызын көмір, 21,7 пайызын табиғи газ құраса да, 16,3 пайызын гидроэлектроэнергия мен 10,6 пайызын атом энергиясы, сарқылмайтын энергия көздері (күн, жел, биомасса) 5,7 пайызын өтеген. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 2-3 есе аз болатын. Нақты айтсақ, гидроэлектроэнергия – 4,8, атом энергиясы – 2,45, сарқылмайтын энергия көздері – 1,2 пайызды құраған болатын. Әрі соңғы жылдары баламалы энергия көздеріне көшу туралы халықаралық келісім көбейе бастады. 2009 жылы Еуропа Одағы Сарқылмайтын энергия көздері жөніндегі Нұсқауға қол қойған мемлекеттер 2020 жылға дейін баламалы энергия түрлеріне көшуге уағдаласқан болатын.

Еуропадағы кейбір мемлекеттер бұл жағынан үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мәселен, Дания мемлекеті мұны артығымен орындаған. Жел энергиясы елдің электр энергияға деген мұқтаждығын толықтай өтеп (140 пайызынын құраған, яғни 40 пайыз артық электр энергиясын өндірген), артылған көлемді Германия мен Швеция мемлекетіне тасымалдауда. Ал Исландия 2012 жылы-ақ геотермальды энергияны игеру арқылы электр энергияға деген сұранысты толықтай қамтамасыз еткен. 2016 жылы Германия мұнай мен атом энергиясынан бас тарту жөнінде саяси шешім қабылдады.

Халықаралық энергетика агентігі 2050 жылға дейін күн мен күн жылу энергиясы әлемдік сұраныстың 27 пайызын қамтамасыз ететіндігін есептеп шығарған. Агенттіктің есебі бойынша 2050 жылы пайдалы қазбаларды өндіру ісі біржолата тоқтайтынын да болжап отыр. Энергияны мұнай мен көмірден алу технократтық жаңалықтарды өмірге әкелгені белгілі. Алайда энергияны мұндай жолмен өндіру экологияға зиян келтіретіні кеш білінді.

Жердің климаттық өзгерісін тоқтату үшін ғалымдар баламалы, зиянсыз жолдармен қуат өндіру мәселесін жаппай талқылай бастады. Мәселен, қазіргі күннің өзінде Ирландия мемлекеті жердің геологиялық мүмкіндіктерін, яғни гейзерлерді пайдалану негізінде геотермальды энергия бағытын дамыту ісін мықтап қолға ала бастады.

Ғалымдар геотермальды энергия көздерінің небәрі 1 пайызы игерілсе, адамзаттың энергияға деген тәуелділігі мүлдем жойылады деген болжамдар жасауда. Ал Испания мен Италия, Нидерланды мемлекеттері территориясы кең аймақтарға күн энергиясын өндіретін алып аппараттарды орналастырып жатыр. Сол тәрізді АҚШ елі Флорида штаты мен Маями қаласының маңынан өтетін мұхиттағы ең үлкен Гольфистрим ағысынан энергия өндіруді жоспарлап отыр. Негізінде, ХХ ғасырдың басында-ақ океонографғалымдардың өзі мұхит кеңістігі энергия көзі ретінде игерілсе, адамзаттың миллиондаған жылына жетер энергияны өндіруге болатындығын алға тартқан.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы – ел дамуының болашақ бағытын айқындайтын стратегиялық маңызы зор бағдарлама. Бұл құжат тек экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жоспар ғана емес, сонымен қатар экономиканың жаңа моделіне көшуге жол ашатын ауқымды трансформациялық бастама болып саналады. «Жасыл экономика» принциптерін жүйелі түрде іске асыру Қазақстанға табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланып, қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – бүгінгі және келешек ұрпақтың өмір сапасын жақсартудың негізгі шарты.

Болашақта елдің энергетикалық жүйесі түбегейлі жаңарып, баламалы энергия көздері негізгі рөл атқара бастайды. Күн мен жел энергетикасының дамуы Қазақстанды аймақтағы экологиялық тұрғыдан таза энергия өндірудің жетекші орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергия тиімділігі артып, өндіріс орындары заманауи, қоршаған ортаға зиянсыз технологияларға көшу процесін жеделдетеді. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, өндірістік шығындарды азайтуға да ықпал етеді.

Экономиканың әртараптандырылуы мен жаңа жасыл технологияларға инвестицияның артуы Қазақстан үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге алып келеді. Инновациялық кәсіпорындар, қалдықтарды қайта өңдеу индустриясы, «ақылды қалалар» жүйесі және экологиялық ауыл шаруашылығы сияқты жаңа салалар қарқынды дами бастайды. Бұл жүздеген мың жаңа жұмыс орнының ашылуына және білікті мамандар даярлауға ықпал етеді. «Жасыл экономика» тек экологияны емес, адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартатын тиімді жүйе ретінде қалыптасады.

«Жасыл экономиканың» енгізілуі қалалық және ауылдық аймақтардың да көрінісін өзгертеді. Қалаларда экологиялық таза көлік, энергия үнемдейтін ғимараттар, тиімді жарықтандыру және таза ауағ а басымдық берілсе, ауыл шаруашылығында суды үнемдеу, органикалық өнім өндіру және жердің құнарын сақтайтын агротехнологиялар кеңінен қолданылады. Осы өзгерістердің барлығы елдің экологиялық қауіпсіздігін күшейтіп, табиғи тепе-теңдіктің сақталуына ықпал етеді. Жалпы алғанда, Қазақстанның «Жасыл экономика» тұжырымдамасы – болашақтың тұрақты, теңгерімді және озық технологияларға негізделген мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.

Бұл бағыт еліміздің жаһандық экологиялық үрдістерден қалыс қалмай, халықаралық қауымдастық алдында өз жауапкершілігін сезінетін, табиғатпен үйлесімді өмір салтын таңдаған мемлекетке айналатынын көрсетеді. Сондықтан «Жасыл экономика» – Қазақстанның табиғи байлығын сақтап, экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған болашағы жарқын, маңызы жоғары даму жолы.

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Ұқсас жаңалықтар