«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық шаруалардың ісі алға басып келеді

Жамбылдық шаруалардың ісі алға басып келеді
Автор
Жамбыл өңірі табиғаты жайлы, топырағы құнарлы болғандықтан да негізінен ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Шаруаларды қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, өңірдегі біраз диқандар мен малшылар ісін ілгерілетіп отыр. Бұл сөзіміздің дәлелі – мал басының артуы, күзгі жиын-терін көлемінің өсуі.

Айталық, Жуалы ауданында ет өндіру көлемі 8797,2 мың тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 101,4 пайызды құрапты. Сүт өндіру көлемі 27632,5 мың тоннаға жеткен, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27192 мың тонна болған екен. Жұмыртқа өндірісі 6801,4 мың дана болып, өткен жылдың деңгейінен 100,2 пайызға өскенін байқатты. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында аймақта мал шаруашылығы саласында өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң нәтижелер көрсеткен.

– Мал басының өсуіне нақтырақ тоқталсақ, мүйізді ірі қара – 51303 бас, бұл өткен жылмен салыстырғанда 92,3 пайызды құрайды. Оның ішінде аналық мал саны 19988 басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,4 пайызға артқан. Қой мен ешкі – 240149 бас, бұл өткен жылғы көрсеткіштің 93,3 пайызын құрайды. Жылқы басы 18949- ға жетіп, 110 пайызды көрсетті. Құстар саны – 79738 бас, бұл өткен жылдың деңгейінен 90,9 пайыз көрсеткіш берді. Өздеріңізге белгілі, биылғы қуаңшылыққа байланысты шаруалар қолда бар мал азығына қарай мал басын реттеп, артық малын сатуда. Оның үстіне жем-шөптің аз болуы оның бағасының күрт өсуіне әкелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9680 миллион теңгеге орындалуда. Ауданның негізгі әлеуметтікэкономикалық көрсеткіштеріне тікелей әсерін тигізетін көрсеткіштердің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері – 216306 гектар, оның ішінде 95435 гектары егістік, жалпы суармалы егістігі – 8460 гектар. Шабындық – 2046 гектар, жайылым – 109439 гектар, көпжылдық екпелер – 265 гектар, басқа да жерлер – 2128 гектар. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 95435 гектарды құрап, өткен жылдың деңгейінде сақталды. Негізгі дақыл түрлері бойынша қалыптасқан көрсеткіштерге тоқтала кетейін. Бидай егісінің көлемі – 11206 гектар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 109,5 пайыз. Жаздық арпа – 28 192 гектар, майлы дақылдар – 18 467 гектар, көпжылдық шөптер – 4 500 гектар, картоп – 2 554 гектар, көкөністер – 706 гектар, дәндік жүгері – 183 гектар, бақша дақылдары – 13 гектар, сүрлемдік жүгері – 708 гектар, мал азықтық дақылдар 28 906 гектар жерді қамтыды, – дейді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.

Ал Шу ауданында ауыл шаруашылығы саласында 61,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Алайда шаруашылықта кездесетін мәселелер де жоқ емес.

– Өзекті мәселелердің бірі – жайылым жерлер. Жайылым жерлердің пайдалануына тұрақты түрде зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысымен 9926 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері мемлекеттің жер қорына қайтарылды. Оның ішінде 3970,3 гектары тәлімді егістік, 5951,3 гектары жайылымдық, 5,2 гектары өзге жерлер. Биылғы жылдың соңына дейін 13000 гектар жер қайтаруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, бүгінгі күнге 11211 гектар жер қайтарылды. Келесі маңызды мәселе – ирригациялық жүйелерді жақсарту. Бұл бағытта ауданымыздағы жалпы 95 каналды кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланған, оның үшеуі магистралды, 92-сі шаруашылық канал. 15 каналға қайта жаңғырту жұмыстары ПУИД-2 жобасы аясында темір бетондау жұмыстары толық аяқталып, 15 каналға су берілді. Сонымен қатар 80 каналға 3 кезеңде жөндеу жоспарланып, 15 канал ағымдағы жылдың қорытындысымен аяқталып, қалған 65 каналды кезең-кезеңімен 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр, – дейді Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков.

Табиғи құбылысқа қарай Сарысу ауданында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 23 миллиард 866,5 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 99,9 пайызға орындалыпты. Мұның себебін аудан әкімі Сәкен Мамытов егінге қажетті уақытта жауыншашынның аз болғанымен түсіндірді.

– «Қазгидромет» РМК ұсынған 2025 жылғы көктемде егіс жұмыстарының басталуына қарай топырақтағы ылғал қорының болжамына сәйкес, 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде қазанның бірінші онкүндігінен наурыздың бірінші онкүндігіне дейін жауын-шашын қалыпты межеден аз болды. Қар жамылғысының биіктігі нормадан аз болуына байланысты тау бөктерімен түскен жауын-шашын көлемі төмен болып, Түркістан ауылдық округіне қарасты тәлімдік егістік алқаптарға себілген ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы төмен, алынатын өнім көлемі де өте төмен болды. Ауылдық округ бойынша 75 шаруа қожалығына тиесілі 13734 гектар тәлімдік егістік алқабы бар. Оның ішінде бүгінгі күнде 13319 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 1352 гектар күздік бидай, 6322 гектар жаздық арпа, 380 гектар жаздық бидай, 2419 гектар мақсары және 2846 гектар көпжылдық шөптер. Осының ішінде 10500 гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі төмен болуда. Оның ішінде 1500 гектары бидай болса, 5200 гектары арпа және 3800 гектары мақсары. 10500 гектардың 6900 гектары оруға жарамсыз. Нәтижесінде жиналғандарды былтырғы жылмен салыстырғанда бидай 3402 тоннаға, арпа 3875 тоннаға, мақсары 120 тоннаға кем болды, – дейді Сәкен Үмбетұлы.

Биылғы жылғы ауқымды жобалардың бірі ретінде Жаңаталап, Байқадам, Игілік және Жайылма ауылдық округтеріне қарасты 10 канал қайта жаңғыртудан өтеді деп күтілуде. Жоба құны 11 миллиард теңгені құрайды. Жоба «Ислам даму» банкі арқылы қаржыландырылып, жыл соңына дейін жұмыстар басталады деп отыр жауаптылар.

– Аудан экономикасының басты бағыты – әрине, ауыл шаруашылығы саласы. Мемлекет басшысының Жолдауында «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет» деген міндеттер қойылды. Қазіргі таңда ауданымызда тіркелген 1542 шаруа қожа лығының 1421-і белс енді жұмыс атқаруда. Шаруашылықтарға 533442 гектар жайылымдық, 34230 гектар шабындық және 25031 гектар егістік жерлер берілген. Бүгінге дейін егістік алқаптарының 23149 гектарына дақылдар егіліп, 93 пайыз толығымен игерілді. Ал тәлімді егістік алқаптарына 1724 тонна тұқым себу қамтамасыз етілді. Шаруа қожалықтары тарапынан 1858 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Оның құнының 50 пайызы субсидиялауға жатады. Шаруашылықтар 1030 тонна жеңілдетілген дизель отынына қол жеткізді. Шаруа қожалықтарымыз биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында лизингке жаңадан 18 дана трактор және 18 дана қосалқы техника сатып алды. Жыл соңына дейін аудандағы техникалардың 6,5 пайызын жаңарту көзделіп отыр. Несиелендіру жұмыстарына тоқтала кетсем, «Саудакент несие серіктестігі» арқылы 21 шаруа қожалыққа 155,3 миллион теңге несие берілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 305 миллион теңгеге 42 жоба несиелендірілді. Алдағы уақытта 74,9 миллион теңгеге қосымша 7 жобаны қаржыландыру күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы игерілмей жатқан аудандағы 13000 гектар жайылымдық жерді кері қайтару жоспарланса, бүгінгі күнге 15146 гектар жайылымдық жер қайтарылып, жоспар 117 пайызға орындалды. Аудан бойынша жайылымдық жер жетіспеушілігі мәселесі толықтай шешілген, – дейді Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы аудан көлемінде комплексті ветеринарлық нысандардың құрылыстары жүруде. Атап айтқанда, 5 ветеринарлық пункт, 8 мал емдеу орны және 8 мал шомылдыру орны салынуда. Аталған жұмыстарға 238 миллион теңге қаржы жұмсалмақшы. Ал Жаңатас қаласында 18 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде. Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақовтың айтуынша, бұл шаруа қожалықтар 56 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Мал саны 420 басқа артты. Тарқата айтсақ, мүйізді ірі қара 218 басқа, жылқы 56 басқа және құс 62 басқа жетті. Қазіргі таңда 5 шаруа қожалығы асыл тұқымды шаруа қожалығы мәртебесін алған. «Абылай» шаруа қожалығы 90 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара және 4 шаруа қожалығы 3664 бас қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсіруде. Қала тұрғындары малдарын жаюға 4,5 мың гектар жайылым жер бекітіліп берілген. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында 2 әлеуметтік дүкен қызмет атқаруда. Жыл басынан бері қаламызда 13 мәрте азықтүлік жәрмеңкелері ұйымдастырылды, – дейді Ілияс Әлімбайұлы.

Жамбыл ауданында 2560 агроқұрылымдар жұмыс жүргізуде, оның ішінде екеуі өндірістік кооператив, 33-і ауылшаруашылық кооперативі және 2525-і шаруа қожалықтары.

– Биылғы қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 53 миллиард 610 миллион теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 38 миллиард 467 миллион теңгені, мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 14 миллиард 797 миллион теңгені құрады. Есепті жылы 52011 гектар ақ егіс және басқа да дақылдар егілді. Бүгінгі күнге 3041 тонна бидай, 8110 тонна жаздық арпа, 6644 тонна картоп, 238965 тонна көкөніс, 2828 майлы дақыл, 10912 тонна дәндік жүгері, 5250 тонна сүрлемдік жүгері, 19635 тонна бақша, 9714 тонна қант қызылшасы, 295131 тонна мал азығы жиналды. Әр гектардан түсім күздік бидай бойынша 7,6 центнерді, жаздық арпа 7,3 центнерді, 223,7 центнер картоп, көкөніс 424,5 центнерді, майлы дақылдар 10,2 центнерді, дәндік жүгері 56,6 центнерді, сүрлемдік жүгері 350 центнерді, қант қызылшасы 574,8 центнерді, бақша 276,6 центнерді құрады. Ауыл шаруашылығы техникаларының 94 данасы 758,4 миллион теңгеге алынды, ؘ– дейді Ерлан Қыдыралыұлы.

Айта кетейік, бұл ауданнан Тараз қаласына 721 агроқұрылым өткен. Оның ішінде екеуі өндірістік кооператив (Юнчи, Амангелді), екеуі ауылшаруашылық кооперативі және 717-сі шаруа қожалық. Меркі ауданында биылғы қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 41 миллиард 484,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 122,4 пайызды құраған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 31 миллиард 272 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 131,8 пайызды, мал шаруашылығында 10 миллиард 208,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 100,9 пайызды құраған. ؘ

– Биылғы жылдың 10 айында өнеркәсіп саласынан басқа ауданның барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 93 254,1 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8773 гектарға ұлғайды. Оның ішінде бидай, арпа, жүгері, мақсары, картоп, көкөніс пен бақша дақылдарының көлемі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, күздік бидай 29999 гектарға, жаздық арпа 25615 гектарға, жоңышқа 24 714 гектарға, мақсары 4461 гектарға, жүгері 1979 гектарға, көкөніс 1796 гектарға егілді. 2699,5 гектарға қызылша егілді. Қазіргі таңда «Меркі қант» зауыты 152,9 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, өнімді өңдіруде. Меркі ауданы бойынша 31 қант қызылшасын жинайтын комбайн 2079 гектар алқапта тәтті түбір жинау жұмыстарын жалғастыруда. Осы орайда атап өткен жөн, биыл қызылшадан басқа да рентабельділігі жоғары дақылдарды өсіру мақсатында шаруалармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, биыл аудан бойынша 317 гектарға фасоль егілді. Жоспарланған 11050 тонна минералды тыңайтқыштың 10911 тоннасы алынып, орындалу деңгейі 100 пайызды құрады. Сонымен қатар биылғы жылы 1674 гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жалпы көлемі 7524 гектарға жетті. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында жоспарланған 50 техниканың 43-і алынып, жоспар 86 пайызға орындалды. Мал шаруашылығы саласында 42,9 мың ірі қара, 276,7 мың қой-ешкі, 22,3 мың жылқы және 57,3 мың құс тіркеліп отыр. Осы кезеңде аудан шаруалары 16,8 мың тонна сүт, 4,8 мың тонна ет және 1454,6 мың дана жұмыртқа өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсім көрсетті, – дейді Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов.

Меркі ауданы бойынша 110 канал бар. Оның ішінде 65 канал әкімдік теңгерімінде болса, 44 канал «ҚазСуШар» РМК Меркі өндірістік бөлімшесінің теңгерімінде, 1 канал «Байдаулет и К» шаруа қожалығының меншігінде. Солардың ішінде 66 каналды, яғни біреуі магистрал, 65 шаруашылық каналды кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 1 магистрал канал мен 19 шаруашылық каналға қайта жаңғырту жұмыстары «Ислам даму» банкі жобасы аясында жүзеге асыру көзделген. «Молалы» магистралды каналына бағдарламаның 1-кезеңі бойынша 2026 жылдың ақпан айында жөндеу жұмыстары басталады.

Жобалау сметалық құжаттары дайын 19 канал жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсынылған. Ал қалған 46 каналды кешенді жоспарға сәйкес, 2-кезеңде қайта қалпына келтіру жоспарланыпты. 1 - кезең–2027-2028 жылдар аралығында 16 каналды, 2-кезең – 2029- 2030 жылдар аралығында 30 каналды жөндеу көзделген. Нәтижесінде, 12391 гектар алқапты ағын сумен қамту күтілуде.

– Су қоймалары бойынша «Андас-1-2» су қоймаларының жұмысы 2024 жылы аяқталған. Жалпы жобаны қайта қарап, түзету енгізілді. «Андас-3» су тоғаны бойынша құрылыс жұмыстарына 2023 жылға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Жалпы келісімшарт құны – 1452,937 миллион теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында жобаға қайта түзету қажеттігі анықталды. Жоба түзетуден өтіп, кешенді сараптамалық қорытындының оң нәтижесі алынды. 2025 жылға 772623 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме, техникалық және авторлық қадағалаушылармен қосымша келісімдер жасалып, құрылысмонтаж жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 50 пайыз құрылыс-монтаж жұмыстары орындалды. «Молалы» су қоймасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 9,5 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Меркі ауданы Меркі ӨБ қарасты каналдардың Еуропалық қайта құру және даму банкі бағдарламасына кірген, қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша Меркі су жүйесі және Үлкен Шу каналын мердігер «АқтөбеНефтегазСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2019 жылы ұтып алып, құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтады. Еуропалық қайта құру және даму банкі бағдарламасы бойынша Аспара су жүйесінің жөндеу құрылыс жұмыстарын 2024 жылы қайта мемлекеттік сатып алу ісі жүріп, «АқтөбеНефтегазСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2 миллиард 800 миллион теңгеге жеңіп алды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 50 пайыз орындалып, жұмыстар жүргізілуде. Аяқталу мерзімі – 2026 жыл. Қазіргі уақытта «Еламан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ЕБРР бағдарламасы бойынша 46 ұңғыманы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Бөлінген қаражат – 4,3 миллиард теңге. Бұл жоба Үлкен Шу каналын толықтыру үшін 46 дана ұңғыманы және қираған лотоктарды қалпына келтіру үшін жүргізілуде. Бүгінгі күнге 46 дана ұңғыманың бұрғылау жұмыстары аяқталды. Электр жүйесі бойынша бағаналар 100 пайыз орнатылған, электр сымдары толығымен тартылған. 23 дана КТП, 46 насос орнатылды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары 95 пайыз аяқталды. Аталған жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған, алайда құрылыс жұмыстары аяқталмағаннан кейін 2025 жыл соңына дейін ұзартылды. Бүгінгі күнге 110/10 кВ қосалқы станцияға трансформатор орнату жұмысы қалды. Жалпы аудан бойынша 179 дана жерасты су ұңғымалары бар. Оның ішінде өздігінен ағып тұрғаны – 117 дана, насос арқылы қолданылып жатқаны – 15 дана, істен шыққаны – 47 дана. Бүгінгі күнге өздігінен ағып тұрған және насос арқылы қолданылып жатқан 132 ұңғымалардың меншік иесін анықтау жұмыстары жүргізілді, – дейді Ербол Жұмабекұлы.

Жалпы 132 ұңғыманың 95 данасы шаруа қожалықтарының жерлерінде болса, 20 ұңғыма жер қатынастары бөлімінде, 2 ұңғыма «Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жерінде, 12 ұңғыма ауылдық округтерге қарасты жерлерде, 3 ұңғыма «Меркі Шипажайы» акционерлік қоғамы жерінде орналасыпты. Бүгінгі күнге аталған су ұңғымаларын теңгерімге алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Теңгерімге алынғаннан кейін ұңғымалардың жанындағы жерлерге бассейндік тоған жасап, алынған сумен егіс алқаптарды вегетация кезінде суару үшін қолдануға жоба әзірленуде.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар