«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Билер қызметі – нәтижесімен құнды

Билер қызметі – нәтижесімен құнды
Автор
«Қазіргі қазақ қоғамына билер керек пе?» деген сауалға еш кідірместен «Әрине, керек, өте керек» деп жауап айтар едік. Билер қазақ тарихында аса маңызды орын алған. Олар күрделі кезеңде қоғамның құқықтық ережелерін қалыптастырып, даулы да жанжалды мәселелерді әділдікпен шешіп отырғанын жақсы білеміз. Бұл жұмыс аса қажет әрі өзекті болды.

Қазір де солай. Билер кеңесі шиеленіскен кикілжіңдер мен түсінбеушіліктерді дер кезінде назарға алып, дауласқан тараптарды бітімгершілікке шақырып, жанжалдарды сотқа жеткізбей шешуді жауапкершілікке алған. Ең бастысы сол, соңғы жылдары бұл әрекет өз нәтижесін беруде.Аудандық билер кеңесі ел арасындағы келеңсіздіктердің алдын алып, халықпен тығыз байланыстың арқасында адамдар ынтымағын ұйытуға атсалысып келеді. Кеңес құрамында Рахымбек Жапаров, Ошақбай Ибраимов, Сабри Асанов, Тілеухан Маршев, Сембек Пірімқұлов сынды өмірден көрген-түйгені мол, көпшілік алдында өзінің ой-пікірін еркін білдіре алатын, әділ шешім қабылдауға қабілетті, халықтық қалпымыз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді жете білетін, құқықтық негіздерді бір кісідей меңгерген белді де беделді ардагерлер бар. Бұған қоса, өңірдегі 13 ауылдық округтердің әрбірінде 3 азаматтан тұратын билер кеңесінің құрамы бекітілген. Бәрінің мақсаты – ұрпақ сабақтастығын сақтап, өскелең ұрпаққа өмірлік өнеге беру, тұрғындарды береке мен бірлікке шақыру, түрлі жағдайларда орын алатын қылмыс пен құқық бұзушылықты, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмауға атсалысу. Келеңсіз істі ушықтырмай, уақытында оң шешуге араласып, құзырлы органдардың жұмысын жеңілдетуді жергілікті билер негізгі міндет деп есептейді.

Биылғы жылдың 11 айында аудандық сотпен бірлесіп қаралған істер нәтижелі болды деп сеніммен айта аламыз. «Азаматтық» құқықтық істер бойынша 117 істің 98-і, «Еңбек» құқықтық істер бойынша 35 істің 19-ы және «Отбасылық» құқықтық істер бойынша 124 істің 110-ы оң шешімін тапты. Бұл ретте істердің дауласушы тараптардың татуласуымен аяқталғанын баса айтқан ләзім.

Ауданда батагөй қариялар қатысатын «Батаменен ел көгерер» аты байқауда биыл Қызылқайнар ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Бегалы Сқақов жеңімпаз атанды. Қордай ауданында өткен облыстық батагөйлер байқауына барып, Бегалы ақсақал  жүлделі екінші орынды иемденді.Тағы бір айта кетерлігі, аудандағы шешендік өнер іс-шарасына белсене қатысып жүрген Самал Байкеева биыл облыста өткен «Шешендік өнер – асыл қазына» атты дөңгелек үстел отырысында ойының озықтығымен көзге түсіп, алғыс алып қайтты.

Әлбетте, жергілікті тұрғындар арасында туындаған даулы мәселелерді шешуде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда билердің әділдігі мен турашылдығы, ақылы мен сабыры аса қажет. Қоғамда кездесіп қалатын келіспеушілік жағдайларды реттеп, сотқа жеткізбей шешуге ұйытқы болып жатсақ, онда мақсатымыздың орындалғаны деп есептейміз. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық болмысымызға, елдік мәселелерге мән беріп, ел-жұртты татулық пен бірлікке шақырғанымыз абзал.

Батырбек САРШАЕВ,

Жамбыл аудандық Билер кеңесінің төрағасы

Ұқсас жаңалықтар