Ауа райын алдын ала болжайтындар яғни синоптиктер – атмосферадағы физикалық процестерді талдауға және ауа райының болашақ жағдайын болжауға маманданған мамандар. Яғни халық пен табиғи құбылыстардың арасындағы алтын көпір – синоптиктер мен метеорологтар. Ауа райын алдын ала білу қажет болғанда, ғаламторды ашып көре салу бізге оңай, бірақ, бұл жұмыстардың артында қаншама маманның көз ілмей, тәуліктің 24 сағатында сынаптың сырғуын бақылап отырғанын біле бермейміз.
Қаншама табиғи апаттың алдын алып, адам өмірін арашалауға алыстан себеп болып жүрген де синоптик мамандар. Синоптиктер ауа райының өзгеруі туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді, бұл адамдарға өз іс-әрекетін жоспарлауға мүмкіндік береді. Ауа райы туралы болжамның сауатты жасалуының арқасында адам өмірі сақталып қалады. Синоптиктердің жұмысы оңай емес. Олар әрбір болжамды айна қатесіз жасағандықтан, біздер қарлы боран күндері жолға шықпай, ескертуге құлақ асамыз. Дауылды жел, қытымыр аяз, судың тасуы сынды ескертулерді олар тез арада төтенше жағдай министрлігіне жіберіп отырады.
– Синоптиктің жұмысы өте күрделі, жауапты, сонымен қатар қызықты. Ауа-райы болжамы – білім мен тәжірибені талап ететін шағын ғылыми еңбек. Мамандар ауа-райы болжамының авиаторлар мен авиажолаушылар үшін аспандағы сенімді тірегі болуы үшін күні-түні жұмыс істейді. Облыс аумағында алғашқы метеорологиялық бақылау 1870 жылы Әулиеата – қазіргі Тараз қаласында басталды. Азаматтық соғыс және қирау жылдары көптеген стансалар мен бекеттер жұмысын тоқтатты. Қазақстанның гидрометқызметі құрылған кезде, 1922 жылдың басында облыста Әулие-Ата, Бурное, Меркі метеостасасы жұмыс істеді. Кейінгі жылдары Қазақстанда гидрометеорологиялық желі дамыды. Отарлы мал шаруашылығына қызмет көрсететін шөл метеостансалар пайда болды. 90-шы жылдары олар қаражаттың жоқтығынан жабылды. Қазіргі уақытта дәстүрлі метеостансаларға 4 автоматты түрі қосылды және стансалардың жалпы саны 22 дана болды. Соңғы жылдары метеостансалар желісі қазіргі заманғы құралдармен, жаңа техникамен жаңғыртылуда. Барлық метеостансалар нақты деректерді алуға мүмкіндік беретін электрондық құралдармен жабдықталған. Олар тәулік бойы байланыста болуға мүмкіндік беретін рациялармен және телефондармен қамтылған. Агрометеорологиялық бақылауды облыста Жер қатынастары департаменті 1914 жылы тәжірибе егістіктерінде жүргізе бастады. Жылдар өтіп, Қазақстан Республикасының экономикасы нығая түсті. Ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, көлікті, құрылысты дамытумен бірге гидрометеорологиялық ақпаратқа қажеттілік артты, бақылау пункттерінің желісі кеңейтілді. Қазіргі уақытта агрометеорологиялық бақылау 7 метеостанса мен 3 агробекетте жүргізілуде. Облыста өсірілетін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының фенологиясына бақылау жүргізіледі. Топырақтың ылғалдылығы анықталады. Қысқы дақылдарға бақылау жүргізіледі. Алғашқы гидрологиялық бақылаулар 1912 жылы Меркі ауданында, Ташұтқұл ауылында, сәл кейінірек Билікөл көлінде басталды. 30-шы жылдары 8 гидробекет болды. Жерді игерумен, егіс алқаптарының ұлғаюымен суару арналарын салу қажеттілігі арта түсті. 90-шы жылдары олардың саны 10-ға дейін қысқарды. Тек 2002 жылдан кейін ғана бекеттер қайтадан ашыла бастады. Қазіргі уақытта олардың саны 23 дана. Бүгінгі күні Тараз қаласындағы «Қазгидромед» РМК филиалында 169 адам жұмыс істейді. Облыс аумағындағы бақылау желісі пункттерінің жалпы саны 67 метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрологиялық және экологиялық стансалар мен бекеттерді құрайды. Біздің атқаратын басты қызметіміз – мемлекеттік бақылау желісін пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг, метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, – дейді Зәуреш Серікбайқызы.
Метеорология саласының басты міндеті – ауа райын алдын ала анықтау. Осы мақсатта метеоролог мамандар 3 сағат сайын ауа райын анықтап, болжап, қысқа мезгілдік ауа райы авиацияға, ғылыми-тәжірибелік мекемеге және төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікке ақпарат береді. Тиісті мекеме метеорологтардың есебіне сай дер кезінде тұрғындарға ескерту жариялайды. Осылайша күні-түні ұялы телефонымызға 112-ден хат келеді. Кейде «осы мамандардың басқа шаруасы жоқ па, неге хабарлама жібере береді» деп ашуланатын кездеріміз де болады. Негізінде мұның барлығы сіз бен біздің амандығымыз үшін қажет. Синоптиктердің тыңғылықты ісіне қарапайым халық куә. Олар әрбір ескертуге құлақ асады. Айғаным әженің жасы 70-те. Ол қалта телефонына келген 112-нің хаттарына имандай сенеді.
– Ауа райының күрт өзгеруі, жауынның жаууы, найзағайдың жарқылы сынды табиғи құбылыстың қалай пайда болатынын адамзат ертеден-ақ зерттеп, болжаған. Ал ата-бабамыз көшпелі халық болғандықтан, ауа райын құстар мен ауған бұлттың, жүгірген аңның, аққан судың, төрт түлік малдың қимылына қарап білген. Мысалы, күн қызыл шапаққа оранып батса, ертесіне ыстық болады, ай қораланса, қыс қатты болады. Үркер суға түссе, күн жауынды болады деп дөп басып айтып отырған. Қарлығаштың жоғары-төмен ұшуы да көп нәрсені аңғартқан. Жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады деп топшалаған. Құмырсқа илеуін бекітіп, жатып алатын болса, дереу ойдағы үйлерді сел жүреді деп дөңге шығарған. Жылан, құрт-құмырсқа сынды ұсақ жәндіктер індерін тастап, көше бастаса, жер сілкінеді. Бір таңқаларлығы, бұл болжамдар қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жоймады. Сол ата-бабамыздың орнын бүгінде синоптиктер басты. Күн тұманды болады десе дәл келеді. Ғылым мен техника дамыған заманда олардың арнайы өлшейтін құрылғылары, аппараттары бар. Қызық мамандық. Ауа райын үнемі қадағалап теледидардан көріп отырамын. Ескертулердің арқасында біздер өмірімізге зиян келтірмейміз. Синоптиктер еріккеннен болжам жасамайды. Жер сілкіну қаупі, сел жүру қаупін солар дәл болжап айтады. Еңбектеріне ризамын, – дейді Айғаным Базарбаева апамыз ағынан ақтарылып.
Күнделікті жұмысымыз, жоспарымыз ауа райы мен климатқа тәуелді. Сондықтан білікті метеоролог мамандар бүгінде қажет. Олардың жұмысы өте қауырт. Желден, судан келетін апаттардан адамзатты сақтандырып отырады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




