Электр энергиясын үнемдеп, жаңа технологияларды қолдану арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, табиғат байлықтарын сақтаудың тиімді жолдары қарастырылуда. Әлемнің дамыған елдері бұл бағытта үлкен табыстарға жетіп отыр. Бүгінгі таңда Қарақыстақ ауылдық округіндегі тау шатқалында «Қарақыстақ» су электр стансасы жұмыс істеуде. Стансаның жобалық қуаты 2,3 мегаватты құрайды. Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, станса 2013 жылы іске қосылған. Оның жобалық құны 1 миллиард 007,9 миллион теңге. 2013 жылдың 14 маусымында ашылған станса сағатына 2300 киловатт электр энергиясын өндіруде.
– Табиғат көздері – жел, күн мен су энергиясынан алынатын қуат көзін пайдалану арқылы әлемнің дамыған елдері дербес экономиканы қалыптастыруға көшкен. Мәселен, Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің үш пайызын немесе 60 миллиард АҚШ долларын «жасыл» сектордың дамуына бөледі. Сонымен қатар АҚШ «Жасыл экономиканы» дамытудың негізгі бағыты ретінде баламалы энергияны жетілдіру жолын таңдады. Бұл тұрғыда біздің мемлекет те Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан «Жасыл экономикаға» өте бастады. «Қарақыстақ» су электр стансасы сол кездегі «Жасыл экономиканың» алғашқы қарлығашы десе де болады, – дейді Нұрдос Мұханұлы.
Табиғат көздері – су, жел және күн энергиясы сияқты жаңартылатын қуат көздерін пайдалану арқылы өндірілген өнім еліміздің біртұтас электр жүйесіне беріліп, KEGOC компаниясы арқылы таратылады. Бұл станса Қазақстандағы жасыл экономиканың алғашқы қарлығаштарының бірі саналады. Директор Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, экологиялық тепетеңдікті сақтауға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Елімізде «Жасыл экономиканы» өркендетуге мүмкіндік мол. Оған әлдеқайда тиімді әрі қолжетімді ұланбайтақ жер мен климаттық жағдай қолайлылық туғызады.
– Станса бүгінде ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар нысанға айналған. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл өңір халқының табысын арттыруға, елді мекеннің әлеуметтік тұрақтылығына оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар электр энергиясын дәстүрлі отын түрлерін пайдаланып өндірумен салыстырғанда, мұндай тәсіл әлдеқайда тиімді әрі табиғатқа зияны аз. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығарылмайды, көмірқышқыл газының таралуы тоқтайды, ал бұл – болашақ ұрпаққа таза табиғатты аманаттау жолындағы нақты қадам, – дейді директор.
Елімізде «Жасыл экономиканы» өркендетуге мүмкіндік мол. Қазақстанның кең байтақ жері мен қолайлы климаттық жағдайы су, күн, жел энергиясын өндіруге барынша ыңғайлы. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған 2013 жылғы тұжырымдама аясында облыста түрлі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта судан алынатын энергия көзінің көлемін ұлғайту жоспарланған. Бұл тек энергетикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық өнім үлесін арттыру арқылы табиғатқа жанашырлықпен қарауға жол ашады.
Қорыта айтқанда, Қарақыстақ су электр стансасы – еліміздің «Жасыл экономикаға» бағытталған саясатының жарқын үлгісі. Ол табиғатты қорғаумен қатар, халықты жұмыспен қамтып, ұлттық энергетика жүйесіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Мұндай жобалардың артуы Қазақстанның тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігінің кепілі болмақ.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




