Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жауапкершілігі қандай?
- author «Ақ жол»
- 29 қараша, 2025
- 223
Шын мәнінде, кәмелетке толмаған күдiктiнің, сотталушының құпиялыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуға тиiс. Сондықтан кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық істер барлық жағдайда жабық сот отырысында қаралып, іске қатысы жоқ тұлғалардың сот отырысына қатысуын шектейді. Ересектермен бiрге қылмыстық құқықбұзушылық жасауға қатысқан кәмелетке толмаған адамға қатысты iс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жеке iс жүргiзуге бөлiп шығарылады және кәмелетке толмағандарға қатысты қозғалған қылмыстық істер жастары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттарда қаралады.
Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында және сот отырысында кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу қорғаушының, заңды өкiлінің, ал қажет болған кезде психологтің және педагогтiң қатысуымен жүргiзiледi.
Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу тәулiктiң күндiзгi уақытында жүргiзiледi және ол үзiлiссiз екi сағаттан артық болуы мүмкін. Жалпы, күн сайын төрт сағаттан артық созылуға болмайды. Кәмелетке толмаған адам анық шаршаған жағдайда жауап алу осы уақыт аяқталмастан бұрын тоқтатылуға тиiс. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқықбұзушылықтары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуы мiндеттi. Он алты жасқа толмаған, психикалық дамуында артта қалу белгiлерi бар кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілген кезде педагогтің немесе психологтің қатысуы да мiндеттi.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істер бойынша күдiктiнің, айыпталушының өз әрекеттерiне есеп беру және іс бойынша анықталған жағдайларда өз әрекеттерiн игеру қабiлетiн, оның есінің дұрыстығын, онда есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуы бар немесе жоқ екенін айқындау үшін міндетті түрде психологиялықпсихиатриялық сараптама жүргізіледі. Кәмелетке толмаған күдіктіні өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары бойынша бұрынғы тұрғылықты жерiнде қалдыра алмайтын жағдайларда, ол қылмыстық проце сті жүргізетін органның қаулысы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қатысуымен қылмыстық процесс бойынша іс жүргізу кезеңінде тұру үшін бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымға орналастырылады немесе патронатқа беріледі.
Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде сот оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ықпалын ескереді. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған не ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Кәмелетке толмаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылған кезде оған тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жас аған кәмелетке толмаған адамды да сот жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. Кәмелетке толмаған адамға тағайындалатын ескерту, атааналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру, келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу, бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру, жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу мен пробациялық бақылау белгілеу сынды тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары жатады. Кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар бiрнеше мәжбүрлеу шарасы бiр мезгiлде тағайындалуы мүмкiн.
Сот кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау туралы мәселені шешу кезінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдану не кәмелетке толмаған адамға мәжбүрлеп тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға байланысты оны қылмыстық жазадан босату мүмкіндігін талқылауға және оны үкімде уәждеуге тиіс.
Бұл ретте сот кәмелетке толмаған адамға жекелеген жаза түрлерін қолдану сотталушының құқықбұзушылық жасау кезіндегі кәмелетке толмауымен айқындалатынын назарда ұстай отырып, оларды тағайындаудың қылмыстық заңда белгіленген шектерін ескеруге тиіс. Шартты түрде соттау, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза шарасын тағайындау, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру не мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану жағдайларында сот бұл туралы мамандандырылған мемлекеттiк органға хабарлайды және оған сотталушының мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыруды жүктейдi.
Егер қылмыстық теріс қылық туралы немесе онша ауыр емес, ауырлығы орт аша қылмыс немесе ауыр қылмыс туралы iс бойынша осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған кәмелетке толмаған адам қылмыстық жаза шарасы қолданылмастан түзелуi мүмкiн деп танылса, сот айыпт ау үкiмiн шығара отырып, кәмелетке толмаған сотталушыны жазадан босатуға және оған мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдануға құқылы. Сот кәмелетке толмаған адамға оның түзелуі және қайта тәрбиеленуі қоғамнан шеттетусіз мүмкін болмаған жағдайда ғана бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы шешім қабылдайды. Ал басқа жағдайлардың барлығында кәмелетке толмаған адамға жас ерекшелігін ескеріп, жеңіл жаза түрлері тағайындалады.
Соттар жастары кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты қылмыстық істерді қарау барысында Қылмыстық Кодекстің және Қылмыстық процестік Кодекстің талаптарын қатаң сақтауға міндетті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Дропперліктен аулақ бол!
- 6 желтоқсан, 2025
Тараптар арасындағы дау медиациямен шешіледі
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




