Жалпы, есірткі тектес заттарды тұтынушылардың азаюы бұл мәселені күн тәртібінен алып тастауға болады деген сөз емес. Өйткені бүгінгі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында есірткі заттарын дайындау, тарату, саудалау мен насихаттаудың жолдары барынша кеңейе түсуде. Сәйкесінше, әлемде есірткі тұтынумен байланысты көзқарас та, жағдай да бұрынғыға қарағанда түбегейлі өзгерген.
Мамандар қоғамдық иммунитет қалыптасып қалған «әдеттегі» есірткілердің орнын неғұрлым қауіпті синтетикалық есірткі түрлері басып жатқанын да жасырмайды. Мәселен, Ішкі істер министрлігі бұған дейін жалпы салмағы 11 килограмға тең 408 синтетикалық есірткі заттары деректерін анықтаған. Ал бұл синтетикалық есірткілердің тұтыну үшін дайындалғаны белгілі болған. Яғни, қуануға әлі ерте. Осы орайда елімізде есірткімен байланысты проблемаларды реттейтін заңнамаларды қайта қарау, қажет жерлерін қатайту мәселесі біраз жылдан бері қызу талқыланып келген-ді. Солардың бірі әрі маңыздысы – есірткі заттарын жарнамалау және саудалаумен байланысты десек, Ішкі істер министрлігі 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап есірткіні насихаттайтын және сататын интернет сайттардың сілтемесін таратуға байланысты қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енгенін хабарлады.
«Қылмыстық кодекске есірткіні насихаттау немесе жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 299-1-бап енгізілді. Ол бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орында, бұқаралық ақпарат құралын немесе элект рондық ақпарат ре сурсын пайдаланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді», – делінген аталған құзырлы органның баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ аталған қылмыстық заңнамаға «электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы» – деген жаңа ұғым еніп отыр. «Бұл шаралар есірткіні таратудың жаңа әдістері бойынша жазалау үшін қажет. Бұл дегеніміз – интернет технологияны, сайттарды және әлеуметтік желі Instagram, Telegram, Facebook сондайақ электронды төлем жүйелерін (QIWI, «Яндекс деньги» және т.б.) пайдалану», – деп түсіндіреді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Нұртай Әбілмәжінов.
Тағы бір айта кетерлік жайт, мұндай қылмыс түрлері енді ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Демек, санатына сай жазасы да күшейеді деген сөз. Түсіндіре кетсек, электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізгендер енді 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, дәл осы әдіспен басқаларды есірткі қолдануға көндіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін темір торға тоғытылады. Сол сияқты жаңа ақпараттың технологиялардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымын жүзеге асырғандар 7 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын арқалайды.
Рас, бүгінде заманауи ақпараттық технологияларсыз таңымыз атып, күніміз батпайтындай жағдайға жеттік. Бұл ғаламтор әлемімен тығыз байланысты ХХI ғасырдың ең үлкен артықшылығы болып көрінгенімен, кей-кейде «қасіретіне» айналуы мүмкін екенін де естен шығармауымыз керек. Себебі әлемді алаңдатқан есірткі саудасы мен одан келетін қауіптің алдын алу шаралары да заманға сай болуы шарт. Өйткені шекараның арғы жағында жатыпақ саудасын дөңгелететіндердің қулығына құрық бойлату оңай болмай тұр. Олар шетелде тіркелген мессенджерлер, бақыланбайтын әлеуметтік желілер мен анонимді төлем жүйелері арқылы тыйым салынған препараттарды сатудың жаңа байланыссыз әдістерін іздейді.
Осы ретте жыл сайын елімізде Ішкі істер министрлігінің пәрменімен түрлі есірткі заттарын жарнамалайтын немесе сататын 4,5 мыңнан астам сайт бұғатталатынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ заңнамаға ІІМ-нің бастамасымен бақылаудағы есірткі заттарының тізімін барынша қысқа мерзімде жаңа психобелсенді заттармен толықтыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.
Бұл тізімдер қазір барлық белгілі есірткілер мен олардың аналогтарын қамтиды. Аталған министрлік есірткіні өткізгені үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірлеумен қатар, қылмыстың құрамын нақтылау мақсатында заңға жаңа «элект рондық ақпараттық ресурстарда есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу, жіберу немесе өткізу мақсатында дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау туралы ұсыныстарды орналастыру» деген жаңа саралау белгілерін енгізді.
Аталған жаңа заң талаптары есірткі сайттарының электронды мекенжайлары бар граффити-жазуларды қалдыру, есірткі сайттарын әкімшілендіру сондайақ электронды ресурстар арқылы есірткілерді өткізу сияқты әрекеттерді қылмыстық іс жүргізу саласына енгізуге мүмкіндік береді. Жалпы, есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны баршаға мәлім. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 420, 421, 422 және 423-баптары осы есірткі затының заңсыздығына арналған.
Атап айтқанда, 420-бапта көрсетілген алқаптар мен жерлерге өсіп тұрған жабайы сораларды жоймау және шара қолданбау жеке тұлғалар үшін – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Дропперліктен аулақ бол!
- 6 желтоқсан, 2025
Тараптар арасындағы дау медиациямен шешіледі
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




