Топырағы құнарлы, табиғаты сұлу, суы мөлдір Жамбыл ауылдық округіне Шәкен Ниязбеков, Қапал ауылдары қарайды. Бұл ауылдан барша қазаққа есімі аңыз болған суретші, спортшы, өнерпаздар көп шыққан. Дегенмен ауыл шаруашылығын дамыту бойынша да алдыңғы қатарда келеді. Аталған ауылдық округте жалпы 87 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 15 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, қалғаны егіншілікпен айналысады.
Атап айтқанда, жайылымдық жер 3553 гектарды құрайды. 5532 гектар суармалы, 2588 гектар егістік алқап бар. Тұрғындары бейнеткеш, күні бойы егістіктің жағдайын жасап жүреді. Сондықтан да мол өнімге қолдары жетіп, сары алтындай сары күзде еңбектері ақталады. Ала жаздай төгілген тердің ақталғаны қандай жақсы! Жоңышқа дақылы 560 гектарға егілсе, бидай, қызылша, пияз, жүгері дақылдары едәуір көлемде өсіріліп отыр. Жыл сайын сол. Ал мал шаруашылығына келетін болсақ та жақсы ақпараттар көңіл қуантады. Жылқы 1600, мүйізді ірі қара 2700 басқа жетіп отыр. Ал қой саны 26100-ге жетті. Малдың басын көбейтуге шаруа қожалықтары және ауыл тұрғындары өз үлестерін қосып жатыр. «Мал баққанға бітеді» дегендей, төрт түлікті өсірудің де қыр-сырлары аз емес. Жамбыл ауылдық округінің малшылары мен мал мамандары бұл ретте де біраз тәжірибе жинай алған сияқты.
«Қазіргі таңда шаруа қожалықтарының жұмысы бір жүйеге түскен. Олармен атқарып атқан жұмыстары мен жоспарлары жөнінде байланысып, сұрап отырамыз. Ерекше ұсыныстары болса жазып алып, тиісті тараптарға жеткіземіз. Көптеген шаруа қожалықтар жұмысын жүйелі жүргізіп жатыр. Бұл ретте «Ақжол-Агро», «Бесжылдық», «Баракат», «Әлібай», «Байдос» шаруа қожалықтарын айтуға болады. Басқа да шаруашылықтардың жасап жатқан істері көңіл қуантады. Біздің округтің жері шұрайлы, топырағы құнарлы. Диқаншылықпен айналысамын дегендерге жол ашық. Еңбегін төккен азаматты қасиетті Жер-Ана ренжітпейді. Еңбегін береді, маңдай терін ақтайды. Шаруашылық жетекшілерінің сөзінен де маңдай терлерінің көбінесе ақталып жататынын естиміз. Өзіміз де егіс алқаптарын аралап, жағдаймен танысып қанығып жүрміз. Диқаншылықтың қыр-сырына көңіл аудара бастадық. Себебі, күнделікті жұмыс шаруа қожалықтарымен тікелей байланысты. Олар да кеңсеге келіп, байланысын үзбейді. Шаруа қожалықтарына қажетті көмекті көрсетіп келеміз. Аудан әкімдігі тарапынан да қолдаулар бар. Жұмыстың жемісті болғаны екі тарапқа да керек, – дейді аталған ауылдық округтің статист маманы Назерке Рахымберді.
Тірлігі төрге озған Төлендиев
«Бақ қайда барасың?» де се, «Ынтымаққа барамын» депті. Еңбек етуде ынтымақ, бірлік, іскерліктің әсері үлкен. Оның қаншалықты маңызды екенін шаруа қожалығын ашып, жұмысын жандандырғандар жақсы түсінеді. Сондай шаруашылықтың бірі – Жамбыл ауылдық округіндегі «Төлендиев» шаруа қожалығы. Бұл еңбек ұжымының тарихы әріден басталады. Ауылдың жағдайын, жерін, суын жақсы білетін Баянбай Төлендиев 1999 жылы «Айдар» жеке кәсіпкерлігін ашып, жаңашыл жұмыс бастаған екен. Баянбай ақсақал осы жұмысты 15 жыл бойы сәтті жүргізіп, шаруаның алға жүруіне барлық тәжірибесін жұмсаған.
Талай ауқымды іске тәуекел еткенін ауылдастары да ұмыта қойған жоқ. Ал 2014 жылдан бастап бұл жеке кәсіпкерлік шаруа қожалық болып ұлғайды. Шаруашылықтың атауы да «Төлендиев» болып өзгерді. Шаруа қожалығын Баянбай ақсақалдың перзенті Талғат Төлендиев төраға болып сайланып, қыруар шаруаны алға апаруды өзінің міндетіне алды. «Жақсы бала әкенің есіктегі басын төрге сүйрейді» дегендей Талғаттың шаруашылық жұмысын шырқ үйіріп алып кеткені бір әулетті қуантты. Ауылдағы үлкен-кішінің баршасы тілеулес болды. Бұл шаруашылық қазіргі таңда ауылдық округтегі жұмысы жүріп тұрған үздіктердің бірі.
Аталған шаруа қожалығының 125 гектар егістік алқабы бар. Сол алқапқа арпа, бидай, жоңышқа, пияз өнімдерін егіп, мол өнім жинау жолында тер төгеді. Төрт адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылған. Олардың жалақылары да көңілден шығады. Одан бөлек өндірілген өнімнен де жұмысшыларға үлесі беріледі. Бір сөзбен айтқанда, бұл шаруа қожалығында еңбек ететін жұмысшылар жалақылары үшін өкінген емес. Шаруашылық 70 гектар алқапқа жоңышқа өнімін өсіріп келеді. Соңғы жылдардағы судың тапшылығының арту жағдайына байланысты жылына екі мәрте ғана ору мүмкін болып отыр. Әйтпесе бұрындары жылына 3 рет оруға ешқандай қиналмай қол жеткізетін.
Дегенмен 70 гект ар алқаптың жоңышқасын екі рет орып алудың өзі – үлкен табыс. Әр гектардан орта есеппен 500 түк жоңышқа жиналса, 35 мың түк болады. Бұл өнімді өз малдарын семірту үшін сақтаса да, мал басы көп өзге шаруашылықтарға сатса да едәуір пайда екені белгілі. Әрине, жоңышқаның әр түгін есептеп, табысын шамалау қиын емес. Бірақ сол алқапқа кеткен шығынды есептей бермейміз. Жоңышқа, бидай мен арпа болсын, өскенше ол дақылдардың шығыны бар. Сол шығынға шыдаған, егіні өскенше барлық қажеттілікке қаражат тауып отырған кісі ғана табысқа кенеле алады. Шаруа қожалықтың екі тракторы тоқтаусыз жүріп тұр. Қазір техникасыз тірлігің алға баса қоймайды. Оны шаруашылық қожайындары жақсы түсінген.
– «Жақсы әкенің ісі балаға қырық жыл азық» дегендей, асқар тауымыз әуелі күрделі іске тәуекел жасап, жол көрсетті. Сол әке жолын жалғап, жұмысты дамыта білгеніме шүкіршілік етемін. Қазіргі таңда балаларым маған көмектесіп, қолғабыс жасап жатыр. Мен әкемнен бұл шаруаны қалай аманат етіп алсам, алдағы біраз жылдардан соң өз перзенттеріме осы істі мұра етіп қалдыратыным анық. Себебі, аманатқа қиянат жүрмейді. Маған аманаттады, мен де өз ұрпағыма аманаттауым керек. 125 гектар егістік алқабы бар. Бұл бәлкім көп те емес шығар, аз деп те айта алмаймын. Мәселе оның көлемінде емес, сол жерді ұқсата білгенімізде. Біз шаруа қожалық мүшелері аталған егіс алқаптарын ұқсатып, істің көзін тауып отырмыз деп ойлаймын. Себебі, бидай мен арпадан да, пияздан да жиналған өнім жаман емес. Қамбаға бидай, арпа дәндері үйілген сайын көңіліміз де марқайып, жұмысымызға да ынтамыз артады. Алтын астық бидайды уақытылы орғызып, жинап алдық. Түсім де көңілімізден шығып отыр. Біздің бидайды егістік жер көлемі үлкен шаруа қожалықтармен салыстыруға болмайды. Үлкен жердің жұмысы да үлкен болады. Біздікі орташа жұмыс, орташа табыс көзі деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Біз ұзақ жылдар бойы жермен айналысып келеміз. Сол еңбегіміз ақталып отыр деп айта аламыз. Қай кезде де жасалған жұмыс пен төгілген тердің өтеуі үлкен болатынына көзіміз жетті. Біздің шаруа қожалықтың жұмысшылары да еңбектерінің ақталғанына жыл сайын қуанып жүреді. Себебі, біздің қожалықта ең алдымен адамдардың еңбегі бағаланады. Бұл әкемнің бізге үйреткен адал жолы, өнегелі ісі. Шаруа қожалықтың жұмысы өзінен өзі жүрмейді. Осы орайда механизаторлар мен жұмысшылардың, маусым кезінде еңбек ететін қосымша күштің әсері үлкен. Ол азаматтардың барлығының жұмыстарын лайықты бағалау үлкен іс. Сол еңбекті бағалауды назардан түсірген емеспіз. Өнімнің жыл сайынғы түсіміне де көңіліміз толады, – дейді шаруа қожалық төрағасы Талғат Баянбайұлы.
Әкесі бастап, баласы қостаған шаруа қожалықтың жұмысы жылдан жылға жанданып келеді. «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей, аталған шаруа қожалықтың жұмысы алға басқанына көршілері, маңайындағы ағайын, туыс, таныстары да тілеулес. Себебі, шаруашылықтың шапағаты төңірегіне тегіс тиіп тұр.
Сәкеннің сәтті істері
Қазіргі нарық заманына бейімделіп, өзіңді өзің жұмыспен қамтуды жүзеге асыра алу да – мемлекетке көрсеткен көмегің. Ал өзіңмен бірге кемі үш адамды жұмыспен қамту үлкен қадамдардың қатарына жатады. Заманның талабы басқа. Қолынан іс келетін азаматтардың табатын табысы да, абыройы да жоғары. Оған өкпелеуге де, таңдануға да болмайды. Аталған ауылдық округте ісі алға басқандардың қатарында «Дархан» шаруа қожалығы да бар. Аталған шаруа қожалық 2004 жылы құрылған. Оны Сәкен Үсенбаев деген азамат басқарады. Бұл шаруашылық егін шаруашылығымен айналысады. 40 гектар егістік алқабын өте тиімді пайдаланып отыр.
Былай қарасаңыз, 40 гектар деген аса ауқымды да көлем емес. Бірақ өзі адал адамдарға берілген жердің берекесі бар. Сол алқапқа тиімділігі жоғары жүгері мен жоңышқа егіп өсіріп жатыр екен. Ақ шашақтары күнмен шағылысқан жүгері дәнін өсіру бұрынғы уақытта да өзекті болатын. Қазір де бұл дәнді дақыл сұраныстан түспей тұр. Себебі, жүгерінің құнарлылығы мен пайдасы ерекше. Қазіргі таңда Шу ауданында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың салынып жатқаны бекер емес. Демек, бұл өнімнің қажеттілігі алдағы уақытта да көп туындайды.
«Алтын күн аспаны, алтын дән даласы» деп Жұмекен ақын жырлағандай, сары даланы жайлаған сары алтындай дән – Отанның байлығы. Елдің ырысы мен берекесіне айналған жүгері маңыздылығын ешқашан жоймайды. Жоңышқаға сұраныс ешқашан азайған емес. Болашақта да азая қоймайтын сияқты. Себебі, осынау жасыл шөптің жұғымдылығы мен құнарлылығы бұрыннан дәлелденіп, жоғары мәнге ие болған. Қазіргі таңда малдың азығына қатысты басқа да заманауи нәрселер шыға бастағанымен, жоңышқаның орнын алмастыра алмайды. Оны ауыл шаруашылығы мамандары да, ауылдың жай адамдары да жақсы біліп отыр. Алдағы уақытта да мұндай шөпке деген сұраныстың артып кетпесе, кемімейтіні анық.
– Шаруа қожалықты ашқанымызға, 22 жылға жуықтады. Нарықтың талабына қарай бейімделгенімізге осы күні қуанбасам, ренжи қоймаймын. Бұл қадамнан тек жақсылық көрдім. Егінімді өсіріп, төрт түлік малымның да бұрынғыдан едәуір молаюына мүмкіндік алдым. Себебі, жоңышқа да, жүгері де өзің пайдалансаң құнарлы мал азығы, сатып жіберсең ақша. Екі жағынан да ұтылмайсың. Әйтеуір өсірген еңбегің далаға кете қоймайды. Осы жағы көңіл қуантады. Әйтпе се, малды семіртудің де шығыны мен машақаты аз емес. Ауыл шаруашылығына қажетті техникаларға да қол жеткіздік. Осылайша, елдің ішінде әр күнімізді еңбекке арнап жүріп жатырмыз. Алдағы уақытта да міндетіміз бен мақсатымыз осы еңбектің төңірегінде болатындай. Қожалық ашып өзімізді де, өзге адамдарды да тұрақты жұмыспен қамтыдық. Ол жағынан да біраз ұтқан тұстарымыз бар деп ойлаймын. Мемлекеттің де талабы орынды. Қазір ауыл шаруашылығына үлкен қолдау жасап түрлі бағдарламалар арқылы көмегін беріп жатыр. Ол біле білгенге болашаққа да жасалған қадам. Сол қадам құтты, күніміз нұрлы болғай. Бір сөзбен айтқанда, ауылда қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Жаңадан қожалық ашып жатқан жастардың да өз нәсібі мен несібесі бар. Соны естерінен шығармағандары жөн. Алдағы уақытта да ел мен жердің қасиетіне мән беріп, алтын бесік ауылдың дамуы жолында тер төге береміз, – дейді төраға Сәкен Үсенбаев.
Ауылды жақсы көрген, даланың болмысын түсінген Сәкеннің істері әрқашан сәтті болды. Себебі, қазақ деген қанында бар, тамырында тулаған толқынға әсері бар дала заңы осы. Осы дала заңымен кешегі бабалар ғұмыр кешті, енді дала заңы және баба жолымен балалары тіршілікті жалғап жатыр. Әкеңдей аялап, анаңдай еркелеткен даланың қасиетінде таусылмас тағылым, қанша айтсаң да шегі жоқ құндылық бар.
«Жанболат» қожалығының жұмысы жүйелі
Жамбыл ауылдық округіндегі бірқатар үлгілі жұмыстарға тоқталып отырмыз. Атқарылған шаруалар аз емес. Бұл ауылда белсенді шаруашылықтар жеткілікті. Солардың бел ортасында Қапал ауылында орналасқан қимылы қарбаласқа толы, жұмысы ширақ «Жанболат» шаруа қожалығы да бар. Бұл шаруашылықтың нәтижелі жұмысы ауыл адамдарының да назарын аударып отыр. Ауылдық әкімшілік тарапынан да мұндағы жүйелі жұмысқа деген ризашылық аңғарылады. «Жанболат» шаруа қожалығы 2007 жылы құрылған. Егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. 55 гектар егістік жерлері бар.
Аталған алқапқа қант қызылшасын, жоңышқа, жүгері егеді. Тракторлары, комбайндары бар. Ауыл шаруашылығы техникаларының өзіңннен шығып тұрғаны да – шаруашылық үшін үлкен олжа. Осы шаруашылықта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Төлеген Райымқұлов та – істің адамы.
– Қай кезде де ізденіс пен нақты жұмыс өзінің жемісін береді. Оған көзіміз әбден жеткен. Мәселен, осы шаруа қожалықтың да ізденісі жақсы, еңбек еткен адамға жақсы жалақы төлейді. Сол жағынан бұл шаруашылықтың жұмысын қолдаушылар көп. Шаруа қожалық төрағасы егістік жерді құнарландыруға ерекше мән береді. Осы жолда қымбат тыңайтқыштар сатып алуға да барады. Себебі, жақсы тыңайған жерден мол өнім алуға болады. Еңбектенген кісіге Жер-Ана қарыз болып қалмайды. Маусымдық кезде еңбек етуге келетін кісілердің де төккен терлері ақталып жүр. Осы ұжымда еңбек еткен көңілді. Алдағы уақытта да аталған шаруа қожалықтың тасы өрге домалай беретініне сенемін, – дейді Т. Райымқұлов.
«Біз 5 адамды тұрақты жұмыспен, 10 адамды маусымдық жұмыстармен қамтимыз. Еңбекшілердің айлық жалақыларын уақытылы әрі көтеріңкі төлеуді ойластырып келеміз. Себебі, сол еңбек адамдарының ықпалымен шаруашылықтың жұмысы үйлесім тауып отырғанын түсінеміз. 40 жылқы өсіріп отырмыз. Оның ішінде жақсы, көкпарға салуға лайықты, бағалы жылқыларды да баптап келеміз. «Ат – ер қанаты» дегендей, жылқыны баптаған сайын бойымызға рух пен күш келеді. Қазақтың жауынгер халық болғаны, бабаларымыз алты айшылық жерді атпен аралағаны еске түседі. Сол кезде аталарымызға көлік болған жылқының асыл қасиеті жоғалған жоқ. Бүгінгі таңда жылқы малын көптеп өсірген жөн. Жылқыны көп өсіру арқылы сапаға қол жеткіземіз. Жылқының қасиетін білген, қадірін сезінген халық ретінде бағаланамыз. Осы орайда шаруа қожалықта жылқы өсіріп жатқанымызға көңіліміз толады. Алдағы уақытта жылқы санын арттырсақ деген жоспарымыз бар. Көп жылқыға көп күтім керек. Жемшөп қорының да мөлшерін арттыру қажет. Дегенмен жылқы малының қажеттілігі мен пайдасы да мол екеніне көзім баяғыда жеткен еді. Жылқының қасиеті жоғары. Осылайша, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, шаруа қожалықтың жұмысын алға жылжытып келеміз. Ол үшін маңдай терін төгіп жатқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Бұл жерде ауылдастарымның ынтымағы мен бірлігін, тату тірлігін айта кеткім келеді. Тұрғындардың татулығы әрқашан жаңа қадамдарға, жарқын істерге себепкер болады. Өзімнің жұмысымда да осы татулық пен ынтымақ қағидасын үнемі басшылыққа аламын. Осы қағиданың адастырмас жол екеніне көзім жетті, – дейді шаруа қожалық төрағасы Жанболат Қауынбаев.
Ауыл – деген ынтымақтың ұясы. Ауыл деген – қасиеттің тұрағы. Ақындардың жырына арқау болған құндылық әлі алтын бесігімізден азайған жоқ. Сол құндылықтың азаймағы – жақсылықтың бастауы. Әр адам үшін ауылдың бары, ауылдағы қара шаңырақтардың бар екені медеу. Себебі, қалай десек те, қайда жүрсе де қазақтың көңілінде ауылға деген сағыныш жүреді. Сол сағыныш ауылдың болмысын биіктетіп, кереметін айғақтайтын ұлы күш. Аңқылдаған адалдық пен кісіліктің үлкенін ауыл адамдарының бойынан табасың. Сол тәрбиені көргендер ауылға бар жақсылықты жасағысы келіп тұрады. Сондай азаматтардың арасында Жанболат Үшкемпірұлы да бар.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Таза ауыз сумен 19 елді мекен қамтылды
- 6 желтоқсан, 2025
Масылдық неге дендеп барады?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




