«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Менің жұлдызым иығымда емес, менің жұлдызым аспанда»

«Менің жұлдызым иығымда емес, менің жұлдызым аспанда»
Автор
«Ғалымның хаты, батырдың аты өлмейді» дегендей, Отан үшін отқа түскен қаһармандардың есімдері халық жадында мәңгі сақталатыны анық. Ел ерлерін ұмытпайды, батырларын бағалайды. Жауынгер жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған «Б.Момышұлы мұралары: тарих пен таным» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, қос генераллейтенант Сейітжан Қойбақов пен Нұржан Жігітеков бастаған қонақтардың Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етуден басталды.

Мұнан соң аталған республикалық ғылымитеориялық конференция «Баласағұн» орталық концерт залында жалғасын тапты. Батырдың өмірбаянын қамтыған бейнеролик көрсетілді. Іс-шараны облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ашты.

– Бауыржан Момышұлының мінезі мен қаһармандығын, қайсарлығын замандастары жоғары бағалаған. Өңірімізде 3 елді мекен, 45 көше, 7 мектеп, саябақ пен музей Бауыржан Момышұлы есімімен аталады. Биыл 115 жылдық мерейтойына орай «Даңқ» залында музейі ашылды. Оның есімінің бірнеше білім ұясына берілуі ұлт қаһарманына деген шексіз құрмет. Батырдың ерлігі мен дара жолын қалай насихаттап, қанша дәріптесе де артық емес. Бұл республикалық ғылымитәжірибелік конференция батыр жайлы тың ізденістерге, жаңа ғылыми бағыттарға жол ашады. Мұндай дара тұлғаны дәріптеу – міндетіміз. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді ол.

Іс-шараны филология ғылымының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті Темірбай Мұқашев жүргізіп отырды. Ұлағатты ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалинаның сөзі ерекше толғаныс пен тебіреніске толы болды.

«1952 жылы университетті бітіріп, мұғалім мамандығы бойынша жұмысқа жіберілдім. Ал менің жүрегімді жаулаған азамат, батырдың інісі Кәкімжан Қазыбаев республикалық «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасты. Ол газетте қазір біз ардақтап отырған батыр атамыздың жары Жамал апай да жұмыс істеді. Батырдың ерліктері мен өнегелі істері жайлы біз ең алғаш Жамал апайдың аузынан естіп, білдік. Ол уақытта батыр атамыз әскери қызметте болатын. Жамал апай менің жұбайым Кәкімжан Қазыбаевты өзінің үйінде тұруға, Бақытжан Бауыржанұлына аға болуға шақырды. Кәкімжан біраз ойланып келісімін берді, сол шаңырақта төрт жыл тұрды. 1956 жылы Бауыржан Момышұлы атамыз әскери қызметін біржолата аяқтап, Алматыға оралды. Сол жылы Кәкімжан екеуміз шаңырақ көтердік. Баукең атаның үйіне жүрексіне бардым. Батыр біздің жас отау болғанымызға қуанып, құттықтап, ерекше пейілін көрсетті. Сол үйде біраз бірге тұрдық. Батырдың үйіне қонақ өте көп келеді. Ол үйдің есігі үнемі ашық тұрады. Ол қонақтардың барлығын бірінші қарсы алып, батырдың бөлмесіне ертіп апаратын мен едім. Бір жолы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин келді. Генерал Панфиловтың қызы Валя жиі келетін. Ол қызға атамыз ерекше құрмет көрсететін. Менің жолдасым Кәкімжан Қазыбаев батырдың «Офицер күнделігі» атты ұзақ еңбегін орыс тілінен қазақшаға аударды. Ол жазба «Лениншіл жас» газетінің бірнеше нөмірінде жарияланып тұрды. «Лениншіл жас» газетінің ұжымымен әйгілі батыр тонның ішкі бауындай араласты. Ондағы журналистер Баукең батырдың інісіндей болып кетті. Ол кісінің майдан туралы, соғыс зардабы жайлы әңгімелері өте әсерлі болатын. Батырдың әңгімесінен кейін көп адамның өмірге деген көзқарасы өзгеріп, бейбіт күннің қадірін білуге деген қадірі артты. Батыр атамыз Рахымжан Қошқарбаевты ерекше құрметтейтін. Оны көзіміз көрді. Батырдың рухына арналып осынау конференцияны өткізген облыс әкімдігіне, жамбылдық зиялы қауымға, жиналған көпшілікке шексіз алғысымды білдіремін, – деді ол.

Мұнан соң сөйлеген генерал-лейтенант Сейітжан Мелдебекұлы да батырдың ерлік істеріне, азаматтық биік тұлғасына кеңінен тоқталды. Ол аңызға айналған тұлғаның 115 жылдығына орай «Батырдың алтын бесігі – Жуалы» атты кітап жазып шыққанын айтып өтті.

«Баукең атамыз Мыңбұлақта, мен Шыңбұлақта дүниеге келдім. Бір топырақтанбыз. Менің әкем де Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі. Сондықтан бұл кітапты жазуды өзіме парыз санадым. Енді, осы жиында айтар екі ұсынысым бар. Біріншісі, Мәскеу қаласынан Бауыржан Момышұлына көше немесе саябақ атауы берілсе. Екіншісі, генерал атағы берілсе. Батырдың рухы алдындағы үлкен құрмет болар еді», – деді ол.

Батырдың нағашысы, генерал Нұржан Жігітеков те 8- сынып оқып жүрген кезінде Баукеңді алғаш рет көргенін, аңыз адам Жігітековтердің баршасына жанашыр болғанын айтып өтті.

«Мен Бауыржан Момышұлынан бата алған адамның бірімін. 37 жыл өмірімді заң саласына арнап, оның 25 жылында тергеуші ісімен айналыстым. Тергеу ісі – адам тағдыры. Біреудің ақтығын анықтай алмасаң, жазықсыз жәбір көреді. Әр тергеу жұмысы кезінде Баукеңнің адал болуымды тілеп берген батасы есімде тұрды. Әр қараған ісімді әділ жағына шешуге үнемі күш салдым», – деді генерал.

«ҚазақПЕН» клубының президенті Бигелді Ғабдуллин Жуалыдан түлеп ұшқан аңыздың батыл шешімдері, турашылдығы туралы әдемі естеліктер айтты.

«Батырдың үйіне еркін баратын азаматтың бірі болдым. Баукең атамыз маған еркелетіп «Трижды герой» деп ат қойды. Мен батырдың баласы Бақытжан Момышұлының да жақсылығын көп көрдім. Міне ұзақ жылдар өткеннен кейін де батырдың есімі аталып, ерліктері ел есінде жаңғырып жатыр. Болашақта да Бауыржан есімі жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде үлкен маңызға ие бола береді», – деді ол.

 М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ та батырдың ерлік істерін тереңнен қамтып, әсерлі сөз сөйледі. Мұнан соң Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы және Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиялардың өнерлі оқушылары әннен шашу шашты. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері шырқаған әуендер жүректерге жетті. «Ақкербез» бишілер ансамблінің қыздары ғажайып билерімен ерекшеленді.

Бауыржан Момышұлы – майданда көрсеткен ерлігімен қатар, жазушылық қасиетімен де дараланған тұлға. Көзі тірісінде еңбегі мен ерлігі лайықты бағасын алмағанымен, халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген қаһарман. Оны өзі де сезгендей, «Менің жұлдызым иығымда емес, менің жұлдызым аспанда» деп айтып кеткен екен. Жазушының «Найза – бірге, қалам – мыңға тиеді» деген сөзі де терең мағыналы.

Бұл күнде әр жас буын Бауыржан Момышұлының ерліктерін естіп, батырлық рухымен сусындап өсіп жатыр. Аңызға айналған тұлғаның есімі болашақта да ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, айтыла беретіні анық. Тағылымы мол конференциядан осындай ой түйдік.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар