«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Агрессия мен хейт: Қоғам санасын улай бастаған жасырын дерт

Агрессия мен хейт: Қоғам санасын улай бастаған жасырын дерт
Автор
Қазіргі қоғамның тынысын байқасақ, адамдар арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдай жайлы емес, көңіл күйдің өзгеруі мен эмоцияның шамадан тыс күшеюі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғандай. Неге? Бұған әсіресе әлеуметтік желілердің ықпалы зор. Бір кездері адамдардың бірбірімен ой бөлісуінің, жаңалық таратудың құралы болған цифрлық кеңістік бүгінде агрессия мен хейттің негізгі алаңына айналып барады. Әлеуметтік желідегі әр пікір халықтың ортақ көңіл күйін айқындап, қоғамдағы ішкі алаңдаушылықтың айнасы болып отыр. Ашығын айтқанда, жұрт әбден шаршаған, жүйкесі жұқарған, әлсіздеу сөздің өзін ауыр қабылдайтын жағдайлар тіпті көбейді.

Агрессияның артуы кездейсоқ емес, оны тудырып отырған әлеуметтік себептер. Ол дегеніміз, қымбатшылық, табыс пен шығынның сәйкес келмеуі, жұмыссыздық, баспананың қолжетімсіздігі секілді тұрмыстық қиындықтар адамның ішкі әлеміне әсер етпей қоймайды. Ал психологиялық қысым жинала келе мінезге, сөзге, қарым-қатынасқа шығады. Әсіресе интернет кеңістігі жауапкершіліктен ада еркін алаң ретінде көрінеді. Сол жерде адам ешкімге есеп бермей, эмоциясын сыртқа шығарып, ашуын жеңілдеткендей болады. Дана халқымызда «Сөз сүйектен өтеді», «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген нақыл сөздер бар. Сол секілді әр жазылған дөрекі сөз, ол басқа біреудің көңілінде жара қалдыруы бек мүмкін.

Әлеуметтік желідегі анонимдік мәселеге өзгеше сипат береді. Бет-жүзін көрсетпей, аты-жөнін жасырған адам шынайы өмірдегі мінезін емес, ішкі ашуын, жасырын күйзелісін сыртқа шығаруға бейім. Осындай жасырын батылдық халық арасындағы сенімге сызат түсіріп, пікірталастың мәдениетін түсіріп жібереді. Қоғамда бұрын үлкендер үлгі болған сабыр мен сыйластықтың орнын бір-бірін тыңдамайтын, қарсы пікірді жоққа шығаратын, әр сөзге шамданатын мінез алмастырып бара жатқандай.

Ең қиыны – интернеттегі агрессияның жастарға әсері. Жасөспірімдердің өмірінің үлкен бөлігі онлайн ортада өтеді, сондықтан олар үшін ондағы әр пікір шынайы өмірдегі бағалаумен пара-пар. Біреу ұнатпай қалған суреті, бір адам айтқан ауыр сөз, бір топтың мазағын тудырған видеосы жасөспірімнің психикасына ерекше күшпен әсер етеді. Кішкентай нәрсе болып көрінгенімен, оның салдары депрессияға, өзіне сенімсіздікке, тіпті одан да ауыр жағдайларға жеткізетін мысалдар аз емес. Бұл тек отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесіне айналып отыр. Сондай-ақ ақпаратты қабылдаудағы жауапсыздық та жағдайды ушықтырады.

Қазіргі адам кейде фактіні емес, эмоцияны таңдайды. Біреудің ашулы жазбасын көрсе, мәніне үңілмей-ақ пікір жаза салады. Бір бейнежазбаны көріп, себеп-салдарын білмей жатып, айыптай бастайды. Мұндай жағдайда қоғамда түсініспеушілік көбейіп, диалог орнына айқай, дәлел орнына сөз таласы суырылып алға шығады. Бұрынғыдай сабырмен, ақылға жүгініп пікір білдіретін дәстүр әлсіреп бара жатқаны сезіледі. Ал бірін-бірі тыңдамайтын қоғамда сенім жоғалады. Сенім азайған жерде адамдардың бір-біріне деген құрметі де әлсірейді. Құрметсіз ортада ортақ келісімге келу қиын, ал келісім жоқ жерде қоғамның дамуы тежеледі. Әсіресе интернеттегі уытты орта адамдардың шынайы өмірдегі қарым-қатынасына да әсер етіп, ұлттық мінездің өзгеруіне әкелуі мүмкін.

Агрессияны азайту жолы, ең әуелі, әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Әр жеке тұлға сөздің салмағын сезіну, ойланбай пікір қалдырмау, біреудің сезімін бағалай білуі тиіс. Бұған қоса, қоғамда ақпараттық мәдениетті нығайту, жастарды кибербуллингтен қорғау, психологиялық қолдауды күшейту секілді кешенді шаралар қажет. Мектептерде интернет мәдениетін оқыту, медиасауаттылықты арттыру да бұл мәселені жеңілдетуге көмектеседі.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ Ашу – адамның табиғи сезімі, бірақ ашуды басқару – өркениетті қоғамның белгісі. Цифрлық кеңістікке жауапкершілікпен қарау, бірін-бірі құрметтеу, сабыр мен өнегені жоғалтпау – бүгінгі қоғамның басты міндеті. Бір ғана жылы сөздің өзі талай жанның жан жарасын жазатынын ұмытпасақ болғаны.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

 

Ұқсас жаңалықтар