Сол себепті мемлекет үшін де, отбасы мен қоғам үшін де жастардың тәрбиесі әркез маңызды тақырып болып қала береді. Қазіргі жаһандану жағдайында, ақпараттың ағыны тасыған заманда, рухани құндылықтардың алмасып жатқан тұсында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығы, қарым-қатынас мәдениеті және ұлттық дәстүр арқылы тәрбиеленуі ерекше мәнге ие. Бүгінгі баланың дүниетанымы ертеңгі елдің бейнесін қалыптастыратынын ескерсек, тәрбие мәселесіне жеңіл қарау мүмкін емес. Ал облыстағы жағдайға үңілер болсақ, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі жиі айтылады.
Облыстағы мектептер, колледждер, балалар ұйымдары, ата-аналар комитеттері бірлесіп жұмыс істегенімен, жасөспірімдер арасындағы құқықтық мәдениет, қарым-қатынас дағдысы, ұлттық тәрбие саласында шешімін күткен мәселелер аз емес. Демек бұл тақырыптар бүгінгі таңда өңірлік қана емес, ұлттық деңгейдегі маңызға ие деген сөз. Мақаланың мақсаты – аталған үш бағытты бір арнаға тоғыстыра отырып, жас буынға қатысты өзекті мәселелерді талдау, олардың мәнін ашу, қоғамдағы жауапкершілікті арттыру және ұлттық педагогиканың маңызын көрсету. Ендеше сөзді бірінші мәселенің төңірегінен бастайық.
Жасөспірімдер құқықтық жауапкершілік бар екенін білуі тиіс
Жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылық – тәрбие жүйесінің ең өзекті буындарының бірі. Өкінішке қарай, қоғамда құқық бұзушылыққа бейімделіп бара жатқан мінез-құлықтар аз емес. Бұған тұрмыс жағдайы, отбасылық орта, әлеуметтік желінің ықпалы, құрбықұрдастың қысымы, мектептегі тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігі сынды сан түрлі фактор әсер етеді. Дегенмен құқықтық жауапкершілікке баулу – баланың болашағын қорғаудың ең маңызды қадамы. Кәмелетке толмаған жас жеке тұлға ретінде заң алдында белгілі бір міндеттерге ие екенін сезінгенде ғана оның мінезі, әрекеті, көзқарасы қайта түзіледі.
Облыстық полиция департаментінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесінде тіркелетін деректерге көз салсақ, жасөспірімдер жасайтын құқық бұзушылықтың үлесі жыл сайын құбылып отырады. Бір жыл күрт өссе, келесі жылы төмендейді. Алайда бұл құбылмалылық мәселенің шешілгенін білдірмейді, керісінше қоғамның ішкі ахуалындағы тұрақсыздықты аңғартады. Жол қозғалысы ережесін бұзу, ұсақ бұзақылық, түнгі уақытта көшеде жүру, сабақтан қашу, қоңырау кезінде босып жүру, дүкендерден ұсақ заттарды ұрлау, интернет алаяқтыққа араласу сияқты әрекеттер кейбір жасөспірімдер арасында қалыпты дағдыға айналып бара жатқаны жасырын емес. Бүгінгі жасөспірім көбіне «маған ештеңе болмайды», «заң тек үлкендерге арналған» деген жаңсақ түсінікпен жүреді. Осының салдарынан кәмелетке толмағандардың арасында белең алып келе жатқан тәртіпсіздіктерді тоқтату қиын болып отыр. Өйткені жауапкершіліктің бар екенін білмеген адам өз әрекетінің салдарын ойламайды. Ал заң тек жазалаушы құрал ғана емес, адамды қорғаушы жүйе екенін түсіну – жаңа тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Әр отбасында, әр мектепте балаға құқықтық нормаларды қарапайым тілмен, өмірлік мысалдармен түсіндіріп отырған жөн. Заңды оқып түсіну қиын болуы мүмкін, бірақ әрбір баптың артында шынайы өмір тәжірибесі тұрғанын бала ерте түсінсе, оның санасы да соған бейімделеді. Мәселен, түнгі уақытта көшеде жүрудің қауіпті екенін, жол ережесін бұзудың өз өміріне қатер төндіретінін, біреудің мүлкіне қол салу – оның намысына тиетінін, әлеуметтік желіде балағат сөз жазу да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін білуі – бала қауіпсіздігінің басты кепілі. Құқықтық мәдениеттің тағы бір маңызды қыры – тәртіп пен еркіндіктің арақатынасы. Балаға заңды білу – еркіндіктен айырады деген түсінік мүлдем қате. Керісінше, заңды білген адам ғана еркін өмір сүре алады. Өйткені ол қай жерде, қалай әрекет етсе, өзіне де, өзгеге де зиян келмейтінін біледі. Бұл – еркіндіктің ең биік түрі.
Жасөспірімнің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруда мектептегі тәрбие жұмыстарының рөлі зор. Сабақ барысында құқықтық мәдениетке қатысты жеке пән болмаса да, әр сабақтың мазмұны тәрбиелік бағытпен ұштасуы тиіс. Мұғалімнің сөзі, ұстазының жүрістұрысы, сыныптағы қарым-қатынас – бәрі құқықтық мәдениеттің маңызды элементтері. Оқушы мұғалімнің әдебін көрсе, өзіне де сондай талап қояды. Мұғалімнің әділдігі бастауыш сыныптан бастап-ақ баланың ішкі дүниесіне әсер етеді. Әділеттілік – құқықтық тәрбиенің бөлшегі. Құқықтық сауаттылықты арттыруда ұлттық құндылықтарды да ұмыт қалдыруға болмайды. Қазақ қоғамында жазылмаған заңдар өте көп. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, аманатқа адалдық, обал-сауап ұғымдары – құқықтық мәдениеттің ұлттық нұсқасы. Әсіресе баланың бойына «біреудің ала жібін аттамау» түсінігін сіңіру – нағыз құқықтық тәрбиенің бастауы.
Бұл қағиданы бойына сіңірген бала ешқашан бөтеннің затын рұқсатсыз алмайды, ешкімді жәбірлемейді, ешкімнің намысына тиюден сақтанады. Демек заңды құрметтеу – ұлттық құндылықты құрметтеуден басталады. Қорыта айтқанда, жасөспірімдерге құқықтық жауапкершілікті үйрету – қоғамның тұрақтылығы үшін аса маңызды қадам. Бұл бағытта отбасы, мектеп, мемлекет бірлесіп әрекет еткен жағдайда ғана лайықты нәтиже шығады.
Тәртіп – жазалау емес, мәдениет
Адам өзін тануды үйренгенде ғана тәртіпке бағынады. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан ақиқат. Балаға қарымқатынас мәдениетін ерте жастан үйрету – оның ішкі мәдениетін қалыптастыруға жол ашатын ең сенімді тәсіл. Қазіргі қоғамда агрессия көбейді, адамдардың бір-біріне деген құрметі әлсіреді, әлеуметтік желіде біреуді кемсіту, қорлау, мазақ ету қалыпты нәрсеге айналып барады. Мұның барлығы қарым-қатынас мәдениеті төмендеуінің салдары. Әлеуметтік желіде дөрекілікке бой алдыру оңай, өйткені ол жерде жауапкершілікті сезіну қиын. Бірақ бала мұндай мінезді көріп өскен жағдайда, оның өз ортасындағы қарым-қатынасы да соған сәйкес қалыптасады. Демек қарымқатынас мәдениеті – тәртіптің басты өзегі.
Адамның мінезі бала кезден қалыптасады десек, бұл ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Отбасындағы сөйлесу үлгісі баланың сөздік қорын ғана емес, мінезін қалыптастырады. Үйде дауыс көтеру, ұрыс-керіс, бірін-бірі тыңдамау, бала пікірін елемеу – болашақта агрессияға бейім мінездің қалыптасуына әкеледі. Керісінше, ата-анасы бір-біріне құрметпен қарап, мәселені сабырмен талқылап, баласының ойын тыңдап, оған жауапкершілікпен қарайтын отбасында бала өзі де сондай мәдениетке бағынады. Ата-ана ең алдымен баламен дұрыстап сөйлесе білуі керек. Жауапкершілік жүктеу де, тәртіпке шақыру да сөз арқылы жүзеге асады. Егер балаға дауыс көтеріп, қорқытып, үркітіп тәртіп орнатуға тырыссақ, оның бойында тек қорқыныш қалыптасады. Қорқыныш тәртіпке бағындыруы мүмкін, бірақ ол ұзаққа бармайды. Ал сыйластық арқылы тәртіп орнату – баланы нағыз тұлға етіп қалыптастыратын тәрбие жолы.
Мектептегі қарым-қатынас мәдениетінің рөлі ерекше. Мұғалімнің әр сөзі, әр әрекеті, оқушымен сөйлесу әдебі – балалардың бір-бірімен қарымқатынас жасауына тікелей әсер етеді. Егер сыныпта сыйластық болмаса, онда тәртіп те болмайды. Көптеген даудың, ұрыс-керістің, түсінбеушіліктің барлығы дұрыс қарым-қатынас мәдениетінің болмауынан туындайды. Қазіргі мектептерде буллингтің жиі кездесуі де осының дәлелі.
Буллингтің алдын алу үшін жазалау шаралары жеткіліксіз. Балаға ашуын басқаруды, өз пікірін мәдениетті түрде айтуды, басқаның пікірін құрметтеуді, тіпті «жоқ» немесе «тоқта» деп айту дағдыларын үйрету қажет. Бұл тек жеке адамның мінезінің дамуына ғана емес, ұжымдық мәдениетке де тікелей әсер етеді. Жас балаға қарым-қатынас мәдениетін үйретудің төте жолдарының бірі – үлгі көрсету. Үлгі – ең тиімді тәрбие. Үйде атаанасы мен отбасы мүшелері бір-бірімен қалай сөйлессе, бала да солай сөйлейді. Мектепте мұғалім оқушылармен қалай сөйлесе, оқушы да өзіне сол стильді алады. Тіпті қоғамдағы қарым-қатынас стандарты да балаға әсер етеді. Егер қоғамда дөрекілік басым болса, бала соны қалыпты қабылдай бастайды.
Сонымен қатар баланың өзіндік ойын тыңдау да қарым-қатынастың маңызды бөлігі. Кей ата-ана баласының ойын толық тыңдамай жатып, оны тоқтатып жібереді. Бұл баланың өз пікірін білдіруге деген ынтасын төмендетеді. Пікірін айта алмаған бала кейін өз қажеттілігін дау-дамай, айқай-шу арқылы жеткізуге бейімделеді. Демек қарым-қатынас мәдениетін дамыту – балаға тыныш сөйлеу, түсіндіру, қарсы пікір айту, келісім іздеу, мейірімді болу, кешірім сұрай білу секілді адами қасиеттерді қалыптастырады. Қарым-қатынас мәдениеті бар бала тәртіпке табиғи түрде бағынады, өйткені ол өз әрекетінің мәнін түсіне бастайды. Тәртіп – талабын орындау емес, адамның өзін басқара алу қабілеті. Бала өзін басқара алғанда ғана қоғамдағы талапқа бағынады.
Ұлттық дәстүр – халықтың рухани әлемінің тамыры
Бала тәрбиесі туралы сөз болғанда қазақтың дәстүрін айналып өту мүмкін емес. Әр дәстүрдің астарында тәрбие жатыр. Қазақтың салт-дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан педагогикалық мектеп десе де болады. Өйткені әрбір ғұрыптың, әрбір жоралғының өз мәні бар. Қазақы тәрбие – тек салттарды қайталау емес. Бұл – ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, әдеп пен ар-ұятты, обал-сауапты, үлкенге құрмет, кішіге ізетті бойына сіңіру. Ұлттық дәстүр – жасөспірімнің мінезін қалыптастыратын ең маңызды құрал.
Бүгінгі қоғамда ұлттық тәрбие әлсіреп бара жатқандай көрінеді. Қалалық өмір салтының өзгеруі, ақпараттық кеңістіктің кеңеюі, заманауи мәдениеттің ықпалы салдарынан қазақы құндылықтар кей балаға етене жақын емес. Бірақ ұлттық дәстүр жоғалса, ұлттың рухани тірегі әлсірейді. Сондықтан баланы ұлттық педагогика арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Қазақтың отбасы тәрбиесі – үлкен мектеп. Балаға есік ашу әдебін, ас қайыру тәртібін, дастарқан басындағы мәдениетті, амандасу дәстүрін, үлкенді сыйлау ұғымын үйрету – бәрі ұлттық тәрбие.
Қазіргі таңда көптеген отбасылар салт-дәстүрді сақтауға тырысып жүр, бірақ кейбірі салттың мәніне үңілмей, формалық деңгейде ғана өткізеді. Бала үшін ең маңыздысы – салттың формасы емес, оның мазмұны. Мәселен, бесікке салу – ұлттық рәсім ғана емес, баланың денсаулығына, ұйқысына, тәртібіне әсер ететін педагогикалық амал. Тұсаукесер – тек жоралғы емес, баланың болашақ жолына тілек айту. Бата беру – рухани тәрбие. Ата-ананың рұқсатсыз дауыс көтермеуі, бір-біріне құрмет көрсетуі, баласын ұялту, намыстандыру ұғымдары – қазақы тәрбиенің мықты құралдары. Қазақы тәрбиеде ұялу сезімі ерекше орын алады. Бұл – қорқыныш емес, жауапкершілік сезімін қалыптастыратын ұлттық механизм. Ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызы да зор. Асық ойыны баланың дәлдігін, ептілігін дамытса, тоғызқұмалақ ойлау қабілетін арттырады. Ақсерек-көксерек, алтыбақан, арқан тарту – әлеуметтік байланысқа үйрететін құралдар. Ұлттық ойындар тек ойын емес, ұжымдық мәдениетті қалыптастыратын орта.
Бала тәрбиесінде ұлттық ертегілердің, батырлар жырларының, шешендік сөздердің рөлі ерекше. Олар баланың ой-өрісін кеңейтеді, елдік сананы оятады, ерлікке, адалдыққа, отаншылдыққа тәрбиелейді. Қазіргі заманда балалар шетелдік мультфильмдер мен ойындарға көп әуес. Бірақ қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәнін алмастыратын ештеңе жоқ. Ұлттық дәстүр арқылы тәрбие беру – заманға қарсы шығу емес. Керісінше, заманауи технологиялар мен ғылымипсихологиялық тәсілдерді дәстүрмен ұштастыру керек.
Мәселен, ұлттық салтдәстүрді мектеп бағдарламасына енгізу, тәрбие сағаттары мен мәдени шараларда қолдану, ауыл-аймақ дәстүрін қайта жандандыру – жас буынның рухани дамуына жол ашады. Елдік сананың артуы да ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Өз тамырын білетін бала ғана өзге мәдениеттің ішінде жоғалып кетпейді. Керісінше, әлемдік өркениетке ұлттық болмысымен үлес қоспақ.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Қоғамның қай кезеңіне көз салсақ та, адам тәрбиесінің қоғам өміріндегі шешуші рөлін аңғару қиын емес. Заман өзгергенімен, уақыт алмасқанымен, техниканың түрі көбейгенімен, ұрпақ тәрбиесінің мәні ешқашан кеміген емес. Бүгінгі күннің өзінде әр отбасының, әр мектептің, әр ұстаздың, тіпті әрбір қарапайым азаматтың алдында тұрған ең үлкен жауапкершілік – өскелең буынның дұрыс қалыптасуына бағыт беру. Бұл бағыттың қарапайым дүние емес екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Баланы қалай тәрбиелесек – қоғам сондай болмақ. Сондықтан біз әңгіме өзегіне айналдырған үш тақырып – жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және ұлттық дәстүрді арқау еткен тәрбие – бір-бірімен тығыз байланысты және қоғамның болашақ кескінін айқындайтын аса маңызды бағыттар. Жасөспірімнің құқықтық сауаты жеткіліксіз болған жерде, оның саналы шешім қабылдауы да әлсірейді. Ал санасы әлсіреген адамның жауапкершілігі де төмендейді. Біздің қоғамда орын алып отырған кейбір келеңсіз жайттардың түп-төркіні де осындай олқылықтан бастау алады. Күнделікті өмірде жасөспірімдердің ұсақ құқық бұзушылықтарға барып, оның салдарына мән бермеуі – бұл тек құқықтық түсініктің әлсіздігі емес, бұл – баланың моральдық-адамгершілік негізінің әлі қалыптаспағанының көрінісі. Мұндайда балаға жазадан бұрын, жауапкершіліктің мәнін түсіндіру маңыздырақ. Өйткені заңнан қорқу – уақытша, ал заңды түсіну – ұзақ мерзімді қорғаныс. Балаға құқықтық жауапкершілікті үйрету деген – оған «қателік жасасаң, жазаланасың» деп үрей сыйлау емес. Керісінше, оның өзінің әрекетіне жауап бере алатын азамат екенін сезіндіру. Қазіргі таңда бұл жауапкершілік сезімі кейбір отбасыларда назардан тыс қалып жатқаны жасырын емес. Уақыттың жылдамдығы, жұмыстың көптігі, әлеуметтік желінің ықпалы – барлығы да баламен шынайы сөйлесуге бөлінетін уақытты қысқартып жіберді. Соның салдарынан балаға бағыт-бағдар беретін тұлға азая түсті. Ал бағытсыз қалған бала жел қай жаққа соқса, солай бұрыла береді. Бұл – табиғи заңдылық. Жасөспірімге не дұрыс, не бұрыс екенін айту – оның тәртібін реттей алмайды. Оған сол дұрыс пен бұрыстың айырмасын, себебін, салдарын нақты мысалдармен түсіндіру керек. Дәл осы түсіндіру жұмысы – ата-ананың да, ұстаздың да, жалпы қоғамның да ортақ міндеті. Өкінішке қарай, кейде бұл міндет біріне-бірі ысырыла береді: ата-ана мектепке артады, мектеп ата-анаға артады, қоғам бәрін отбасынан көреді. Ал шын мәнінде бұл – бір ғана тараптың емес, тұтас қоғамдық механизмнің ортақ жұмысы. Екінші мәселе – қарым-қатынас мәдениеті. Баланың тәртібі оның қалай сөйлейтініне, қалай тыңдайтынына, өзінің эмоциясын қалай басқаратынына, өзгеге қалай қарайтынына тікелей байланысты. Қарым-қатынас мәдениеті дамыған жерде агрессия азаяды, буллинг тыйылады, өзара түсіністік көбейеді. Бүгінгі күні мектептегі қақтығыстар, әлеуметтік желідегі агрессия, отбасындағы ұрыс-керіс – мұның барлығы қарым-қатынас мәдениетінің жетіспеуінен туындап жатыр. Баланы тыңдай білмейтін ортадан өскен бала – өзгені де тыңдай қоюы екіталай. Сезімін жеткізе алмаған бала – өзгелердің сезімін де түсінбейді. Сондықтан тәртіпті үйретудің ең төте жолы – дұрыс сөйлесуді, дұрыс тыңдауды, дұрыс түсіндіруді үйрету. Бала өз ортасынан қандай үлгі көрсе, ертең соны қайталайды. Егер біз балаларымыздың мәдениетті, сабырлы, дау-жанжалсыз сөйлеуін қаласақ, әуелі өзіміз соған үлгі болуымыз керек. Баланың мінезін қалыптастыратын екі негізгі орта бар: отбасы және мектеп. Екі орта да сөйлесу мәдениетін бір бағытта дамытқанда ғана бала тұлға ретінде қалыптасады. Үшінші тақырып – ұлттық дәстүрге негізделген тәрбие. Ұлттық құндылық – тәрбиенің темір қазығы. Қазақ халқының салт-дәстүрінде адам тәрбиесіне қатысты айтылмаған қағида жоқ. Балаға ұлттық тәрбиені берудің маңызы бүгінгі таңда бұрынғыдан да артып отыр. Өйткені жаһандану дәуірінде әр ұлт өзінің тамырынан ажырамау үшін рухани тіректеріне сүйенуі тиіс. Қазақы әдеп, қазақы мінез, қазақы мейірім – бұл біздің ғасырлар бойы келе жатқан асыл қасиетіміз. Бұл қасиетті бойына сіңірген бала – қай ортада жүрсе де, тектілігін жоғалтпайды. Бүгінгі қоғамда ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқан балаларды кінәлау қиын. Оларға салт-дәстүрді түсіндіретін, ұлттық көркем мінездің мәнін ашып беретін ортаның аздығы себеп. Теледидар мен интернеттен көргені – шетелдік мәдениет. Ал өз халқының дәстүрін көрсететін жүйелі орта аз. Міне, осы тұста отбасы мен мектептің рөлі ерекше. Баланы бесік жырынан бастап, сәлем берудің мәніне дейін үйрету – оның болмысының дұрыс қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Ұлттық дәстүр – тек салт емес, бұл – тәрбиенің философиясы. Жасөспірімдер құқықтық сауатты, қарым-қатынасы мәдениетті, ұлттық болмысы берік болып өссе – қоғам да тұрақты, тыныш, адамгершілігі жоғары болады. Осы үш бағыттың барлығы бірін-бірі толықтырады. Бірі кем болса, тәрбиенің жүйесі де әлсірейді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне келгенде әрбір ата-ана, әрбір ұстаз, әрбір азамат өзінің жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Тәрбие – бір күндік емес, үздіксіз процесс. Ұлттың ертеңгі бейнесі осы күнгі тәрбиеге тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Біз балаға болашағын бере алмаймыз, бірақ оған болашағын табатын жолды көрсете аламыз. Жолды дұрыс көрсетсек – ұрпақ алға бастайды. Жолды бұрыс көрсетсек – ұлт та, қоғам да даму үдерісінде есе жібереді. Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесіне атүсті қарау – ертеңгі күні орны толмас қателікке айналуы мүмкін. Сол себепті ұрпақ тәрбиесіне қатысты әрбір шешім, әрбір сөз, әрбір іс – ұлттық мүдденің өлшемімен бағалануы тиіс. Міне, сонда ғана біз болашағымызға сеніммен қарай аламыз. Өйткені тәрбиесі тегеурінді қоғамның ертеңі де мықты.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Дропперліктен аулақ бол!
- 6 желтоқсан, 2025
Тараптар арасындағы дау медиациямен шешіледі
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




