«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баукеңнің бір еркелігі

Баукеңнің бір еркелігі
Автор
Алматыда Бауыржан Момышұлының достары көп еді. Көбінесе әдебиет, өнер, ғылым саласының адамдарымен, партия, үкімет қайраткерлерімен де жақсы араласқан. Соның ішінде менің туыстарым да Баукеңмен араласып, бұл туралы өздерінің естеліктерінде жазып қалдырғанын мақтанышпен айтамын.

Махметов Тұрсын мен Сәлима Кұлжанова – бес бала тәрбиелеп өсірген жарасымды жұбайлар. Алматы және Талдықорған облыстарында қызмет атқарып, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Рақымжан Қошқарбаев, Еркеғали Рахмадиев, Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Хакімжан Наурызбаев, Евней Букетов, Шота Уәлиханов және тағы да басқа елге танымал біраз қайраткерлермен дос болған. Сәлима апа батыр Бауыржан туралы естеліктерін «Білім және еңбек» журналында жариялаған. Және бұл еңбегі «Махметов Тұрсын. Естеліктер жинағы» (2019) атты кітапқа да енген.

Естелігінде Баукең туралы болған бір жағдайды былай баяндайды:

«Менің шалым Тұрсын Махметовты біраз жұрт жақсы біледі. Ол бірнеше жыл Алматы мен Талдықорған облыстарында шаруашылық басшысы, кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Әдебиетке, өнерге деген ықыласы да ерекше еді. Сондықтан болар, кезінде Тұрсын туралы Мұхаңнан (Мұхтар Әуезовті айтам) бастап біршама ақын-жазушылар жылы пікір білдірген. Тұрсын Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, тағы бірсыпыра қаламгерлермен, өнер адамдарымен дос-жар қарымқатынаста болды. Әсіресе, оның Баукеңмен сыйластығы айырықша еді. Жолы түсіп жатса Баукең біздің үйге соқпай кетпейтін. Дастарқанымыздан талай дәм татты. Әйтеуір ол кісі Тұрсынды тәуір көрді. Тұрсын да: «Ел тентек дегенмен, жаны, табиғаты таза адам ғой», – деп отыратын.

Үйге келгенде балаларымызды сапқа тұрғызып, әрібері солдаттарша адымдап жүргізетін. Шамасы 1974 жылы болуы керек. Бір жолы Баукең Алматыдан ҚапалАрасан жаққа бара жатады. Қонаққа ма, әлде демалуға ма, ол жағын анық білмеймін. О кезде біз Талдықорған облысының Киров ауданында тұрамыз. Сол сапарында Баукең асығып жүріп үйінде сағатын ұмытып кетіп, онысы жолда есіне түседі. Салған жерден «Әй, мына жерде Тұрсын бар еді ғой», – деп аудандық партия комитетіне соғады.

Барса, бюро жүріп жатыр екен. Оны тыңдайтын Баукең бе? Есік аузындағы хатшы қыздың шырылдағанына қарамай, бюроның үстіне кіріп барады. Кіріп барады да кәдімгі өзінің үйреншікті әдетімен қолын шекесіне апарып: «Жолдас, бірінші хатшы, сіздің алдыңызға гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы келіп тұр!», – деп тіл қатады.

Сөйтеді де «Қолыңда сағат бар ма? Әкел бері!», – деп шешіп алады да өз қолына тағады. Сөйтіп, «Сау болыңдар!», – деп үн-түнсіз шығып кетеді. Отырған ел аң-таң. Бірдеңе дейін десе, келген кісіден бірінші хатшының өзі ығып тұр. Кешке үйге келгенде осыны Тұрсын таң қалып айтты. «Баукеңнің мұнысы несі екен-ай?», – деді.

Біз де түсінген жоқпыз. Артынан қайтып келе жатып Баукең үйге соқты. Сонда мән-жәйді айтты.

«Кісіні бір қорқыттыңыз ғой», – деп, Тұрсын күліп жатыр. Кейін ойлап отырсақ, жарықтық Баукеңнің жақсы көрген інісін өзімсініп, еркелеген түрі екен...».

Менің шешем Нағима Құлжанова Жұмағалиқызы – педагог, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, жас кезінде Баукеңнің болашақ жұбайы Баубекова Ғайникамалдың (жақындары, достары Қамаш деп атайтын) жақын араласатын құрбысы болған. Баукең мен Қамаш 1961 жылы үйленіпті. Екі құрбы жиі кездесіп, әңгімелесіп тұратын болған. Мен де екі-үш мәрте еріп барып, Қамаш апаның екі қызымен әңгімелесіп, кітаптар көргенім есімде. Анам атақты батыр Бауыржанды алғаш рет соғыс жылдары көріпті. Баукең 1944 жылдың басында майданнан Алматыға емделуге келген кезі болу керек. Нағима Құтжанованың естелігі Медғат Исағалидың кітабында (2000 жылы жарық көрген) басылған.

Содан үзінді келтірейін: «Соғыс кезі. Қиын уақыт. Күнкөріс оңай емес. Қосымша жүмыс істеуге қажеттілік туды. Кенже ағама барып жағдайды айттым. Ол кісі Қаныш ағамен жақсы болатын. Мені сол кісімен таныстырды. – Нағыш – менің қарындасым. Осыны бір жеңіл жұмысқа орналастыру керек, – деді ағам ол кісіге. Қаныш аға көмектесетінін айтып, келісім берді. Сөзінде тұрды, ол кісі мені машинистка қып жұмысқа алды. Курьерлік міндетті де атқарамын. Қаныш аға қайда жұмсайды, сонда барамын. Ол кісі бірде мені Баукеңнің үйіне жұмсады, сол кезде батырды алғаш рет көрдім. Онда Баукеңнің үйі қазіргі Аманкелді ескерткіші тұрған жерде болатын. Сөйтіп жүріп оқуды бітірдім...». Ал Тұрсын ағаның ұлы, инженер Нұрлан өз естелігінде әкесі бала кезінде Рақымжан Қошқарбаевтың кабинетіне апарып, таныстырғанын жазады.

Әкесі «Сен білесің бе, Рейхстагқа жеңіс жалауын кім тікті?» деп сұрағанда бұл «Кантария мен Егоров» деп жауап береді. Сонда Тұрсын аға Рақымжанның Рейхстагқа алғаш болып ту тіккен ерлігі туралы айтып берген. Үстелдің үстінде Рақымжанның маршал Г.К.Жуковпен бірге түскен суреті тұр екен. Сол суретті көрсетіп «Маршал ешқашанда капитанмен беталды құшақтасып Бранденбург қақпасының жанында суретке түспейді», – депті әкесі.

Ал батыр Бауыржан туралы Нұрлан былай деп жазыпты: «Бауыржан Момышұлы үйімізге жиі келіп, бізде тоқтайтын. Мектепте оқып жүрген кезім. Келген сайын таңертең Бауыржан аға бант байлап беруді сұрайтын. Бантты оған Куба президенті Фидель Кастро сыйлаған екен. Бауыржан аға галстук таққанды жаратпайтын, бант ұнайтын. Әскери адам ретінде барлығы дұрыс, тиянақты болуын қалайтын. Егер бант қисық байланса, менімен саптық дайындық өткізетін, яғни, командир ретінде бұйрық беріп, бөлмеде саптық жүріс жасататын. Бауыржан аға маған Александр Бектің «Волоколамское шоссе» атты кітабын сыйлады. Әкем маған ылғи айтатын: «Осы адамдарға ұқсайтын бол, олар өз өмірлерін халық үшін қиюға дайын» деп. Әкемнің айтқандары мәңгілік есімде...».

 

Фатима ОРАЗБЕКОВА

педагог-ардагер,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар