Қазақстан Республикасының Конституциясы: бастаулары, теориясы және заманауи тәжірибе
- author «Ақ жол»
- 27 қараша, 2025
- 218
Конференцияны университет ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, еліміздің Ата Заңының қоғамның саяси-құқықтық жүйесін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ректор өз сөзінде Конституцияны ғылыми тұрғыдан зерделеу және халықаралық тәжірибемен ықпалдастырудың маңызын атап өтті. Конференцияда бірқатар ресми тұлғалар құттықтау сөз сөйледі. Соның қатарында, аталған университеттің құрылтайшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов және Варна еркін университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Петр Христов, облыстық полиция департаментінің бастығының орынбасары Бижан Бигелдиев, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотының төрағасы Думан Мәуленов. Олар Конституцияның құқықтық мемлекеттің іргетасы ретіндегі тарихи мәніне және оның даму үрдістеріне тоқталды.
Конференцияның жұмысы төрт негізгі бағытты қамтыды: конституциялық құқық және заң үстемдігі мәселелері, конституциялық дамудың тарихи негіздері мен саяси трансформация үдерістері, ұлттық тарих, тіл және педагогика салалары, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары бойынша жүргізілген зерттеулер. Пленарлық мәжіліс барысында халықаралық және отандық сарапшылар конституциялыққұқықтық реформалар, цифрландыру, азаматтардың саяси құқықтары, мемлекеттердің салыстырмалы конституциялық тәжірибесі және ұлттық мүддені қорғау мәселелерін талқылады. Конституцияның бастаулары – халқымыздың ғасырлар бойғы мемлекеттілік дәстүрлері, құқықтық мәдениеті және егемендікке қол жеткізген тарихи кезеңнің сұраныстары. Теориялық тұрғыдан алғанда, 1995 жылғы Конституция қазақстандық конституционализмнің жаңа парадигмасын анықтап, билік тармақтарының бөлінісі, адамның құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, халықаралық құқық нормаларымен үйлесімділік секілді базалық қағидаларды бекітті. Бүгінгі таңда Конституцияның заманауи тәжірибесі ерекше өзектілікке ие.
Соңғы жылдары жүргізілген конституциялық реформалар азаматтардың саяси қатысуын кеңейтіп, Парламенттің рөлін күшейтіп, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға бағытталды. Бұл өзгерістер Конституцияның қоғам дамуының нақты қажеттіліктеріне қарай үнемі жетілдіріліп отырғанын көрсетеді. Баяндамашылар қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Бақытжан Базарбек пен Болат Керімбек жыл соңына қарай екінші оқылымда қабылданатын заңдарда қандай жаңалықтар қарастырылып жатқандығын айтып өтсе, Стамбул университетінің профессоры Фетхи Гедикли әлемдік тәжірибедегі заңнамалық құжаттың қалыптасу жолына тоқталып кетті.
Айта кетерлігі, олардың баяндамалары конституциялық дамудың тарихи және теориялық аспектілерін, цифрлы мемлекет жағдайындағы құқықтық мәселелерді, жасанды интеллект пен білім саласына қатысты конституциялық нормаларды жетілдіру қажеттігін қамтыды. Депутат Бақытжан Базарбек Парламент қабырғасында жер мәселесін көтеріп жүрген заңгер. Ол өз сөзінде соңғы отыз жылдың ішінде Қазақстан Конституциясында өзгерістердің болғанымен–тетіктерді қазақстандықтардың құқығын қорғауда жұмыс жасап отырғандығын мәлім етті.
«Иә, кей даулы мәселелерде адами факторлар болуы мүмкін. Өздеріңізге мәлім, Қазақст анда кей қалалардың сейсмикалық қаупі жоғары. Мысалы, бір ғана Алматы қаласын алайық. Мен осы мегаполисте таулы аймақтарға құрылыстардың негізгі жүргізілгенін көтерген болатынмын. Бұл мәселені Парламентте де көтеріп жүрмін. Біздің жұмыс тобы жаңа заңнамаларға көптеген ұсыныстар бердік», – деп атап кетті.
Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің «Азаматтық құқық, азаматтық процесс және еңбек құқығы» кафедрасының меңгерушісі, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат, профессор Талғат Балашов «Адам құқықтарын кәсіби қорғау» тақырыбында баяндама жасады.
– Адвокат көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға ол мұқтаж болып тұрған кез келген заң көмегiн көрсетуге құқылы. Заң көмегі дегеніміз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағында бекітілген әркімнің білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге, оның ішінде Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен арнайы заң білімі мен дағдыларын пайдалана отырып қамтамасыз етуге бағытталған қызмет. Адвокат қорғаушы немесе өкiл ретiнде әрекет ете отырып, заң көмегiн сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың заңда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға құқылы. Сондай-ақ іс-шара аясында 9-11-сынып оқушылары арасында эссе байқауы ұйымдастырылды.
Конкурстың мақсаты–Конституцияның тарихи және құқықтық маңызын насихаттау, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, шығармашылық және зерттеу қабілеттерін дамыту. Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Конференция қорытындысында құқықтық жүйені жетілдіру және Конституция нормаларының тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды. Іс-шара халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытып, конституциялық-құқық саласындағы зерттеулерге жаңа серпін берді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мұндай ғылыми алаңдарды одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Дропперліктен аулақ бол!
- 6 желтоқсан, 2025
Тараптар арасындағы дау медиациямен шешіледі
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




