Бауыржан Момышұлының үлгі тұтқан ұстаздары туралы не білеміз?
- author «Ақ жол»
- 27 қараша, 2025
- 303
Тарихымыздың қай белесінде де халқымыздың абыройын өсіріп, ұлттың мақтанышына айналған даналар аз болмаған. Бірі еліне дана болса, енді бірі пана болған ұлы тұлғалардың есімдері біздің тарихта мәңгі алтын әріппен сақталған. Расында да ұлттың мерейін асқақтатып өсірген, келер ұрпақты мұзарт шыңдарға шақырып тұратын халықтың жақсысы мен жайсаңын біз қашанда мақтан тұтамыз. Сондай бір мақтаныштарымыз – Бауыржан Момышұлы мен оның үлгі тұтқан ұлы ұстаздарының өнегелі, отты өмірі.
«Даналарды тарих толғатып, аналар туады» дегендей, ең алғашқы Бауыржанды Бауыржан еткен де өзінің елі, алтын бесігі, елдік пен кеңдікті ұрпақтанұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жеткізе білген асыл сүйек, абзал рухты қазақ халқы. Сол халықтың бойындағы бар мінез, бар құлық, бар қасиеті, бар көрік қапысыз тоғысып қанға сіңген бір тұлға болса ол – Бауыржан.
Тағы бірер кеше назар аударатын дүниеміз – «ел мүддесін жақтай білмей, ер танылмайды» демекші, Бауыржанның халықтық тәрбиедегі ұстазы, әкесі Момыш (Момыналы) болса, одан кейінгі әдебиет пен мәдениетке, білім мен ілімге, өнерге құштарлығы, Жүсіпбек Аймауытов, Тәңірберген Отарбаев, Мұса Мылтықбаев, Сейілбек Үсенов сынды ұлы ұстаздарынан дарыған қасиет болса керек. Сондықтан біз ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты, парыз бен қарызды кеңінен саралап, Бауыржан Момышұлын тағы да бір жаңа қырларынан танымақпыз.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Бауыржан Момышұлы 1927 жылы Шымкенттегі техникумда (қазіргі Сыпатаев атындағы мектеп) оқып жүрген уақытында Жүсіпбек Аймауытов осы оқу орнында қазақ әдебиетінен сабақ берген.
Оның тәлімін, тәрбиесін алған. Мысалы, алаш тарихы жабық тақырып күйінде тұрған қилы құбылмалы қиын уақыттарда тамтұмдап деректер жинастырып жүрген ғалым Т.Жұртбайға Бауыржан Момышұлы: «Сонау 1927-1928 жылдары Шымкенттегі техникумда қазақ әдебиетінен сабақ берген Ж.Аймауытов менің ұлы ұстазым, ол «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді, ол жазықсыз жазаланған, оның еш кінәсі жоқ, адал әрі ақ екеніне мен ант бере аламын» дегені, ұстазына деген сенімі мен ыстық ықыласы болатын.
Сонымен қатар Тәңірберген Отарбаевтың қызы Ұлжан Отарбаеваға Б. Момышұлы:
«Тәңірберген Отарбаев жарықтық – менің ұстазым. Мұсылманшалап айтсам, пірім! Асыл ұстазым Тәкең бомағанда мен жазушы болмас едім», – деп еске алып, ұстазының еңбегін бағалап, қызы Ұлжанға сондай бір аса жоғары ілтипаттылық танытқан еді. Батырдың қос ұстазы Ж.Аймауытов пен Т. Отарбаев ертеден етене араласқан достар екен.
Б. Момышұлына бірінші дәріс берген Тәңірберген Отарбаев. Баукең ең алғаш рет Жүсіпбектің шығармалары мен өлеңдерімен осы Тәңірберген ұстазы арқылы танысқан. Одан кейінгі кездерде Ж.Аймауытов сол Шымкент техникумына қызметке орналасып, қазақ әдебиеті пәнінен дәріс берген. Жүсіпбек Аймауытовтың екі дүлей дәуірдің ат алмасар тұсында туып, ат жалын тартып мінгенше аласапыран заманға тап келген шығармашылық ғұмыры не бәрі 15 жылға жетер жетпес? Сол азғантай уақыт ішінде қазақ әдебиеті мен өнеріне мол олжа салды. Алаш руханиятына зор үлес қосты. Халқының келешегі жолында аянбай еңбек етті. Ол қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ғана емес, саясатына да араласып, мұқым алаш жұрты тағдырының алмағайып тұстарында араша түскен азамат болатын. Оның ең алғашқы қазақ басылымдарына халқының санасын ояту үшін мақалалар жазуы, сол кездегі бірнеше жауапты орындарда басшылық қызметтер атқаруы бір төбе де, осы саналы ғұмырында ұстаздық етуі бір төбе. Мысалы Иса Байзақ, Әміре Қашаубаев, Жандарбек Құрманбеков, Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов, Әбділда Тәжібаев сынды тағы басқа азаматтар Жүсіпбектің дәрісін алып, білім нәрімен сусындаған.
Өкініштісі осы ұлы ұстаздар, яғни, Жүсіпбек пен Тәңірбереген өткен ғасырдың 1930-1938 жылдардағы қызылдардың қанды қырғынының құрбанына айналып кетті. Б. Момышұлы ұстазы Ж.Аймауытовтың: «Жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Пайдасы тиеді» – деп отыратынын еске алғанына қарағанда, батыр ұстазының дәрісін санасына мықтап сіңірген сияқты. Өйткені, Жүсіпбектің «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болуы Бауыржанның жан дүниесіне мықты әсер еткен. Мәселен, Ж.Аймауытовтың өзге қырларынан бөлек, қазақтың ою-өрнек өнеріне аса үлкен мән беруі. Ол қазақ жерінің қай өңіріне барса да сол жақтан көрген қазақы ою-өрнектерді қағазға түсіріп алады екен. Кейін үйіне оралған соң сол көрген өрнектерді өз қолымен салып, мынау батыстағы қазақтардың өрнегінің үлгісі, атауы мынандай, ал мынау шығыстағы қазақтардың ою-өрнегі деп талдап, оларды төңірегіндегілерге насихаттайтын көрінеді. Ал Бауыржан атамыздың да қолы бос уақытында:
Өткендерді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам.
Ой түбіне жете алмай қитықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям, – деп, қатты қағазға әртүрлі оюларды қайшымен ойып түсіріп отыруы ұстазы Жүсіпбектен дарыған қасиет деп ойлаймын.
Әрине, мен бұл қасиетті кездейсоқ сәйкестік болар деп ойламаймын. Не дегенмен ұстаздан шәкіртке дарыған тағылымды бір өнер. Бауыржан атамыздың қолына қайшы алып, ойған оюөрнектерін осы уақытта жинақтап, сақтап келе жатқан кісі батырдың келіні Зейнеп Ахметова. Бір қызығы Бауыржан атамыздың ойған оюлары көп кісі біле бермейтін өрнектер екен. Кейін ою-өрнекті зерттейтін кісілер оның оюларын көргенде таң қалысыпты. Себебі, ол адамдар батырдың өрнектерін еш жерде кездеспеген «жеті қат көк пен жеті қат жердің нышандары» деп оқып, таңданыстарын жасырмаған. Ал Б. Момышұлы өз ұстаздарын әрдайым мақтан тұтты.
Бұл ұстаздарға сол кездегі коммунистік колонизатор қанша қаралап күйе жақса да, Бауыржан атамыз оларды дәріптеуін еш тоқтатпады. Сол қызыл жүйенің қылышынан қан тамып тұрған уақытында, яғни, қоғамда өзге жұрттың бәрі 1937-1938 жылдың қанды тырнағына ілінген алашордалық арыстар мен қайраткерлердің атын атаудан үркіп, қашыппұшып жүргенде Б.Момышұлы оларды дәріптеп, мақтан тұтты. Тіпті олардың еңбектерін көп ортада насихаттап та жүрді.
Сол уақыттарда Б.Момышұлы:
«Қазақтың поэзиясында Мағжаннан соңғы ақын Жүсіпбек Аймауытов болады. Ол кісінің «Тән жүйесі, жан жүйесі» деген кітабын оқығандардың бірімін.
Жүсіпбек – философ, психолог. Біздің қазақтың тарихындағы ұлы педагог, ақын кісі болған... Оған документальный дәлелім бар. Ол кісі қазақтың бірінші гимнінің авторы» деп айтуы ешкімнің қолынан келмейтін батылдық еді. Иә, расында да Ж. Аймауытов ең алғашқы кезде, яғни, «алашорда» тұсында алаштың гимнін жазған тұлға. Тіпті, Баукең ұстазы Жүсіпбекті ақтауға барынша тырысып көрді. Ол туралы тағы да ғалым Т. Жұртбайдың еңбегіне көз жүгіртсек: «Ж.Аймауытов түсініспестік жағдайдағы жаламен ұсталды. Бұл пікірімді Д.А.Қонаевқа да айтқанмын. Жазуы өте әдемі болатын. Мына Ғабит Мүсірепов жазушылықта соның жолын ұстанады. Ақтауға ұмтылып жүрген де сол. «Созақ, Сарысудағы көтеріліске шақырып үндеу жазыпты. Хатты мен өз көзіммен оқыдым. Сондықтан, ақталуы қиын», – депті Димекең.
Ғабит те алып көріп: «Ұқсайды. Бірақ ол емес. Мен де сол кісінің жазу үлгісімен жазамын. Сондада айырмасы бар. Мына жазу үлгісі оныкі емес. Соған еліктеген шәкірттерінің бірінікі болуы мүмкін», – депті. Ал оған кімді сендіресің? Сондықтан түбінде бұл тақырыпқа қайырылып бір оралатын кез туады» депті Бауыржан атамыз алдында отырған ғалым әрі жазушы Тұрсын Жұртбай інісіне. Бауыржан Момышұлының тағы бір ұстаз алдындағы парызы мен қарызын өтеуге ұмтылған әрекеті Тәңірберген ұстазының ұрпағына жасаған қамқорлығы еді. Т.Отарбаевтың қызы Ұлжан Алматыда баспана тапшылығынан қысылып жүрген уақытында әкесінің шәкірті Бауыржанның үйіне келеді. Батырдан көмек сұрайды.
Бауыржан атамыз өзге тұрмақ өзіне баспана сұрап үкімет алдына бармаған адам. Оның үстіне ол кісі мұндай жағдайды ұнатпайтыны көпшілікке белгілі. Мұндай жағдайда талай адамдардың бетін қайтарып, билік басындағы кісілердің алдына алақан жайып бармайтынын анық және ашық айтқан. Тіпті, өзіне жақын жүрген Ә. Нұршайықов ағамыздың да осындай баспана мәселесіне байланысты өтінішін қабылдаған. Бірақ батыр ұстазының қызы Ұлжанның бетін қайтармайды. Ол оның бұл өтінішін ұнатыңқырамаса да көмектеседі. Белгілі қаламгер М. Қалдыбай ағамыз өз еңбегінде: Бауыржан Момышұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа ұстазы Т. Отарбаевтың кім болғанын және оның қызы Ұлжанның жағдайын айтып хат жазып, әлгі хатты әйелі Жәмилә апамыздан беріп жібергенін жазады. Ал Д.А.Қонаев Жәмилә апамызды қабылдап: – Бауыржан ағаның жағдайы қалай? – деп сұрапты.
Бауыржан: «Димекеңнің қолы тисе, мына хатты оқысын, қолы тимесе, уақытын алма, қинама», – деді. Ұстазының қызына қамқорлық жасайын деп осы хатты сізге беріп жіберді, – депті Бауыржан атамыздың әйелі Жәмилә апамыз.
Д.А.Қонаев ағамыз:
– Бауыржан ағаның хатын оқымау – күнә.
«Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс, ағаны алдау – анаңның алдында қылмыс» деп конвертті ашып, Баукеңнің хатын ашып, оқып шығыпты. – Баукеңнің ұстазы Тәңірберген Отарбаевты мен де білемін. Алматыда Құрманбек Жандарбековтермен бірге жүргенін талай көргем. Ол кісілердің өз ортасы бар еді. Біреуі шығыстан, екіншісі батыстан, үшіншісі оңтүстіктен, солтүстіктен келгендер деп, Дінмұхаммед Ахметұлы көмекшісін шақырып алады.
Әр құжатты өз қолымен ұстап, ісқағазының теміріне асықпай біртіндеп қыстырып:
– Баукеңнің өтінішін бір ай ішінде қанағаттандырыңдар, – дейді де, Жәмила апамызға бұрылып:
– Баукеңе сәлем айтыңыз. Ұстазының қызына қамқорлық жасағаны – үлкен адамгершілік. Ерден батырдың ісі де ерен. Мен Баукеңді жақсы білем, өзіне осы уақытқа дейін ештеңе сұраған емес, – деп қоштасқан екен. Сөйтіп батырдың ұлы ұстазының қызы бір айдың ішінде үш бөлмелі үйге ие болған. Бұл Бауыржан атамыздың ұстаздарының артында қалған мұралары мен ұрпақтарына қамқорлық жасауы адамгершілік пен кісілікке толы қасиетінің көрінісі.
«Адам баласының қадір тұтып құрметтейтін екі адамы болса оның бірі мұғалім» немесе «Ұстазды атаңнан да әзиз тұт», – деген халық даналығын әсте естен шығармаған батыр Бауыржан атамыз өзінің шама-шарқынша ұстаздарының алдындағы шәкірттік әрі азаматтық борышын осылай өтеген. Тіпті батыр атамыз Б. Момышұлы: «Мен Панфилов, Чистяков, Редин, тағы басқа әскери ұстаздарым туралы кітап жазған кісімін. Енді мектептегі ұстаздарым туралы қолыма қалам алмақпын. Бірақ қаламым қолымнан түсіп қалды.
Бұл қартайған шағымда оңай емес» деген естелігіне қарағанда, «ұлы ұстаздары» туралы көлемді еңбек жазуға батыр атамызға уақыт мүмкіндік бермеген сыңайлы. Алайда Бауыржан атамыз туралы ел арасында көптеген жақсы естеліктер жетерлік. Бүгінде біздің «Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығы» сондай дүниелермен қатар батырдың қолжазбаларын жинақтаумен айналысып жатыр. Нәтиже көп. Мысалы осыдан он жыл бұрын, яғни, Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның отыз томдық еңбектері қалың оқырманға жол тартты. Одан кейінгі он жылдықта жинаған деректер мен естеліктер бүгінде тағыда 15 томдықты құрап отыр.
Биыл Қазақ халқының даңқты перзенті, екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, қазақ әскери әдебиетінің негізін салушы, жазушы, Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Алда қанша жылдар, қаншама ғасырлар өтсе де, қазақ халқы барда Бауыржан Момышұлының есімі ұмытылмай, даңқы ғасырлардан-ғасырларға жететініне, ерлігі елге аңыз болған күйі, ұрпақтанұрпаққа кететініне бізде еш күмән жоқ.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- 6 желтоқсан, 2025
Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




