Себебі, синтетикалық есірткілер, негізінен, ғаламтор арқылы сауданалады. Елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендері қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни, сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып, төлем де қашықтықтан жасалады. Кейіннен тұтынушы мен сатушы түрлі мессенджерлер арқылы байланыс орнатып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөніндегі нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша, барлық іс көзге көрінбейтін іс-әрекеттермен түйінделеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиянын тигізіп отырғанын айтқан еді. Президент жаһандық пандемиядан кейін пайда болған бұл дерттің алдын алуға қоғам болып жұмылу қажеттігін баса айтты.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс. Сондықтан, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны айтпаса да түсінікті. Себебі, бұл есірткі түрінің еркін саудасы, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, «синтетиканың» жарнамасы жалт-жұлт еткен сан түрлі сайттарға қатаң бақылаудың жоқтығы – онсыз да күрделі осынау мәселені ушықтырып жіберді. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын 40-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім синтетикалық есірткіні таратқаны үшін ұсталса, былтырғы жылдың қаңтар айында төрт жасөспірім нақ осы санаттағы қылмысы үшін жауапқа тартылған еді. Сондай-ақ өткен жылдың басында полицейлер мен сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері синтетикалық есірткі жеткізудің ірі арнасының жолын кесті. Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде 4,8 килограмм мефедрон салынған 16 полиэтилен пакет, электронды таразы және 500 дана zip-пакет тәркіленген. Осыдан-ақ аса қауіпті қоғамдық індеттің, әсіресе жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқанын анық аңғаруға болады.
Жалпы, бүтіндей мемлекетті күйретіп, адамзат баласын аздыратын бұл қылмыспен бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет. Рас, бұл күнде құзырлы органдар тарапынан шырмауықтай бір-бірімен шырматылған есірткі тасымалдаушыларға қатысты шекаралық бекеттерде қырағылықты күшейтті. Алайда, қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер есірткі тасымалдауда небір әдісайлаларды ойлап табатыны айдан анық. Әсіресе арамниетті қылмыскерлер өз құрықтарына жасөспірімдерді түсіру үшін барын салатыны белгілі. Бұл ретте бала тәрбиелеп отырған ата-аналар есірткі өткізгені үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын білуі тиіс. Иә, құзырлы органдар тарапынан «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» өрісі кеңейе түскен осынау кеселдің көзін жою мақсатында ілкімді істер атқарылып жатыр. Бұл ретте есірткі бизнесімен күрес: алдын алу, ақпараттық кеңістікті мониторингілеу, дилермен байланысу ресурстарын көрсететін қабырғалардағы граффити жазбаларды жою сынды бірнеше бағытта жүргізілуде.
Бұған дейін ұйымдастырылған бас-аяғы 848 профилактикалық іс-шараға 24 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысыпты. Ал «NarcoShekteu» телеграмм-боты арқылы полиция департаментінің базасында синтетикалық есірткілерді сақтау орындары, граффити жазбалар, облыс тұрғындарының жарнамалық белгілері бар аккаунттар туралы хабарламалар мен сұраныстар жөніндегі мәліметтері жинақталады.
Бұдан бөлек «NarcoShekteu» ботына 2047 сұраныс түссе, 289 граффити жарнамасы бойынша барлық жазбалар жойылған екен. Есірткімен күресте алдыңғы шепте жүретін құзырлы орган өкілдері синтетикалық есірткі өндірісінің қарапайымдылығы мен қолжетімділігі оның кең таралуына жол ашып отыр дейді. Мамандардың сөзінше, аталған есірткіні қолдану әдістері ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Сондықтан, дәл осы кесапат жастар арасында үлкен сұранысқа ие.
– Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Ал бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ, – деген Ішкі істер министрлігінің өкілі Бақытжан Әмірханов есірткі қылмысы тек қара күш қолдану арқылы шешіле қоймайтынын алға тартты.
Ол өз сөзінде болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған өте маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру аса маңызды екенін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда өңір аумағында есірткі қылмысымен күрес жүйелі жалғасуда. Бұл ретте облыс прокуратурасы есірткі құралдарының, олардың аналогтары мен прекурсорларының психотроптық заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою әрі оған қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Дәл осы мақсатта «Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл» жобасы сәтті жүзеге асырылуда.
Атап өтерлігі, бірқатар есірткі құралдарын дайындауда қарасора шикізат көзі саналады. Өкінішке қарай, синтетикалық есірткіге тәуелді адамдардың өмірі тым қысқа болады. Бұл наркологтар жүргізген талдау нәтижесінде белгілі болып отыр. Шын мәнінде, есірткі қолданушылардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 10 жылға жуық болса, ал «синтетикалық нашақорлардың» өмір сүру ұзақтығы 4 жылдан аспайды екен. Осы ретте құқық қорғау органдарының қызметкерлері ата-аналармен жұртшылықты қырағылық танытуға шақырады. Мамандар балалардың уақытын, олардың физикалық және психоэмоционалды жағдайын бақылап, балалардың салауатты өмір салтына деген ұмтылысын дамытуы керектігін айтады. Шын мәнінде, кәдімгі шегетін немесе егетін «дәстүрлі» есірткімен салыстырғанда «синтетиканың» тартқызар зардабы ауыр. Онколог дәрігердің айтуынша, не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны ірітіп жіберуге қауқарлы.
Соңғы жылдары «АльфаПВП», «мефедрон», «фен», «спид», «кристал» дейтін түйіршіктер мен ұнтақтар күрт көбейіп, олардан төнген қауіп пен кеселдің азаймауы осының анық дәлелі. Бүгінде бақылаудағы психикалық белсенді заттардың тізіміне 90-ға жуық синтетикалық есірткі түрі енгізілген. Нарколог дәрігерлер бұл заттардың әрқайсысы «адам ағзасы мен психикасына ешқашан өшпейтіндей із қалдырады» дейді. Мәселен, синтетикалық есірткілер адамға марихуана және анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді екен. Дәрігерлер тіпті, «синтетиканы» тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады деген алаңдаушылығын да білдіріп отыр. Яғни, «синтетиканы» тұтынушылар суицид жасауға бейім келеді деген сөз.
Әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткіні қолданудың салдары өте ауыр болатынын жиі айтып жүрген Recovery қалпына келтіру және психосоматикалық медицина орталығының меңгерушісі Николай Малахов «оны емдеу одан да қиын» деген пікірде.
– Мәселен, «синтетиканың» қазіргі таңда ең көп таралған әрі жастар арасында «тренд» болып жүрген «тұз» дейтін түрі бар. «Тұзға» мықтап отырған адамның бойынан, психикасынан бұзушылықтардың нақты тізімін жасау әлі де мүмкін емес. Алайда, кейбір жалпы проблемаларды оқшаулауға болады. Бұл «синтетиканың» салдарына психикалық бұзулар, ішкі ағзалардың патологиялары мен әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. «Тұзды» қолданған кезде адам біртебірте апатия мен депрессияға ұшырайды, бұрынғы хоббилерге, оқуға, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтады. Керісінше, адамда ұйқысыздық, өзөзінен дүрбелең туғызу, паранойя, есту галлбъюцинациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды», – дейді нарколог дәрігер.
Жыл сайын жер шарында 450 мыңнан астам адам есірткінің кесірінен ажал құшады. Сондай-ақ 270 миллионнан көп әлем халқы тұрақты нашақорлар тізіміне алынған. Дүниежүзілік сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалады. Ал денсаулық сақтау министрлігі елімізде есепте тұрған нашақорлардың 1,5 мыңнан астамы әйел, 43-і буыны қатпаған жасөспірімдер екенін мәлімдеді. Түсіне білгенге, бұл – ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қауіп.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Дропперліктен аулақ бол!
- 6 желтоқсан, 2025
Тараптар арасындағы дау медиациямен шешіледі
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




