«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сан соғып қалмас үшін сақтық қажет

Сан соғып қалмас үшін сақтық қажет
Автор
Екі жыл бұрын Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа оның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Киберқылмыстың алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын өңір-өңірлерде «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Antifraud» және өзге де жеделпрофилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Ерекше тоқталарлық жайт, бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі деңгейдегі мекемеге барғанда азаматтарға ұры-қары мен әлімжеттіктің құрбаны болмас үшін бағыт-бағдар беретін. Ал қазір бұл тізімге интернет алаяқтарының құрығына түспеу жөніндегі тиісті кеңесті қосуға болады.

Жалпы, ғаламтордың тілін жетік меңгерген интернет алаяқтары ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте келе құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, құйтырқы әрекеттерімен қақпанына түсіреді. Ал біздің елде ақпараттық қауіпсіздікке «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамы жауапты.

Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамына интернет алаяқтыққа қатысы бар ма дерсіз?! Әрине, бұл мекемеге арам ниеттілердің қолымен жүзеге асатын қылмыстардың орын алуында тікелей байланыс жоқ. Әйтсе де, қажетті ақпаратты иемденіп, мол мәліметке кенелген қаскөйлер жеке адамның, тіпті тұтастай мекеменің атынан микрокредит қаржы ұйымдарынан немесе екінші деңгейлі банктерден оп-оңай несие ресімдеуі бек мүмкін ғой. Рас, күн өткен сайын сіз бен біз адамнан қулық артылмайтындығына куә болып келеміз. Бірер жыл бұрын кез келген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы несие алатын алаяқтар шыққанын естігенде бәріміз таң қалып едік. Ал, қазір оларда заман талабына сай дамып, ендігі кезекте өзіңізге қоңырау шалып, банктегі есепшотыңыздағы қаражатты оп-оңай ғана шешіп алуға әрекеттеніп жүр.

Бұл мәселеде кейбір «сәтті» шыққан «операциялары» да жоқ емес. Ендеше, оңай олжаны мақсат еткендердің схемаларын тізіп көрелік. Интернет алаяқтары Olx, Market, Kolesa сынды алу-сату желілерінде және басқа да түрлі жолдармен өздерінің құйтырқы әрекеттерін іске асыруға күш салуда. Иә, желілер әртүрлі, бірақ схема бір. Мәселен, сізге кезекті сатып алушы болып хабарласып, тауардың жағдайын сұрап, басқа қаладан екендігін және сізге курьер жіберіп қойғанын алға тартып, келісімшартқа өзіңіздің мәліметтеріңізді толтыруыңызды өтініп сілтемені жібереді. Ал, сіз еш күдіктенбестен сұраған мәліметтің барлығын толтыра саласыз.

Осылайша, алаяқтардың өз мүдделерін іске асыруға сіз де байқамай атсалысып кетесіз. Бірақ, әр мәселеге сыни көзқараспен қарайтын әрбір азамат бұл арбауға бірден түсе қоймас. Бүгінгінің алаяқтарына алданған адамның бірі – тараздық Майра есімді азаматша. Айтуынша, оған орыстілді бөгде әйел қоңырау шалып, оның атынан несиеге өтініш беріліп жатқанын жеткізген. О баста мұндай мәліметке аса сене қоймаған ол өзін банктің бас маманымын деп таныстырған ер адаммен сөйлескен сәтте қақпанға қалай түскенін сезбей қалған.

Шын мәнінде, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады-ақ. Мәселен, бұған дейін жамбылдық тәртіп сақшылары желіде қолмақол ақша шешіп беруге уәде еткен бірнеше алаяқтық дерегіне қатысты күдікті ер адамды ұстады. Өңірлік полиция департаментіне бағынысты «CyberPol» арнайы бөлінісінің және Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері интернет-алаяқтық саласында бірнеше қылмыстар жасады деген күдік бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 25 жастағы қызылордалық азаматты анықтаған. Құрыққа түскен ер адамнан құқыққа қайшы заңсыз әрекеттерді жүзеге асырған екі ұялы телефон тәркіленеді. Интернет-алаяқтықты тұрақты табыс көзіне айналдырған күдікті «Жаңатас – Сауда» Тelegram тобы арқылы азаматтарға пайызсыз бөліп төлеуге 8 пайыздық ақшалай қаражатты қолмақол ақшаға айналдыруға уәде берген. Тиісінше, алаяқтың арбауына түскен жәбірленушілер қашықтан төленген шоттар бойынша QR коды арқылы онлайн төлем жіберген. Осыдан кейін алаяқ реквизиттерді пайдаланып, жеке кәсіпкердің әртүрлі шоттарынан ақша алған.

Жалпы, ұсталған азамат интернеттегі алаяқтықтың 5 дерегі бойынша күдікке ілінген. Интернет-алаяқтарға алданып, тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Заңгер Жасұлан Шыршықбаев тұрғындардың құқықтық сауаттылығының төмендігі ең бірінші кезекте өздерін әттеген-айлатып отырғанын айтады. Білікті маман банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайтынын, қажет болған жағдайда «бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінетінін алға тартты.

– Кез келген маңызды мәселе телефонмен қоңырау шалу арқылы шешілмейді. Мұны барлығы білуі тиіс. Сізге қатысты қандай да бір мәселе туындаса, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері алдымен өзін таныстырып, тиісті мекеменің кез келген бөлімшесіне келуіңізді сұрайды. Олай болмаған күнде олардың алаяқ екендігі айдан анық. Осыны ұмытпайық. Айта кететін тағы бір маңызды мәселе – әрбір интернетке қосылған компьютер мен планшетте, тіпті ұялы телефонда вирусқа қарсы бағдарламалар болғаны дұрыс. Өйткені ол қажетсіз, күмәнді зиян келтіретін файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады. Жасыратын несі бар, интернетте жарнамасы жарқырап тұрған тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Десе де, мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауарды алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтап алу керек. Оның мекен жайы, байланыс телефондары бар ма, жоқ па – осы мәліметтерге мән беру маңызды. Реті келсе, сайтта көрсетілген нөмірге хабарласып, өкілімен сөйлесу қажет. Осы сайт арқылы бұрын тауар сатып алған таныстарыңыздың пікірін тыңдау да артықтық етпейді. Ал біздің азаматтардың көпшілігі аз ғана уақыт алатын осы әрекеттерді орындауға құлықсыз. Керісінше, тұрғындар жеке құжатындағы және банк картасындағы мәліметтерді, аударымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен құпия сөздерді оңды-солды таратуға бейім. Осыдан соң, интернет алаяқтардың құрығына түстім деп байбалам салады. Қысқасы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артпайынша, киберқылмыстың да саны азая түспесі белгілі, – деді Жасұлан Оразбекұлы.

Айта кетейік, дүниежүзіндегі ең бірінші компьютерлік қылмыскер – америкалық Кевин Митник. Бірер жыл бұрын бақиға аттанған ол 1994 жылы әлемдегі іздеуде жүрген он қылмыскердің «ең азулысы» атанып үлгерді. Міне, дәл осы кезден бастап қоғамымызға компьютерлік қылмыскер немесе «хакинг» ұғымы орнықты десек, артық айтқандық емес. Ал тәуелсіз елімізде Ішкі істер министрлігі республикада жасалынған өте күрделі, ең ауыр компьютерлік қылмысты 2013 жылдың желтоқсан айында ашты.

Министрліктің арнайы басқармасының жедел қызметкерлері заңды тұлғалардың шотына банкіге қашықтықтан қызмет жасайтын желімен «Троялық ат» деген арнайы бағдарлама арқылы ақша ұрлаған қылмысты топтың жолын кесті. «Банк-клиент» жүйесі арқылы әртүрлі банктердегі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қылмыскерлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алынып, қадағалана басталған. Арада көп уақыт өтпей белгілі бір ұлттық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші деңгейдегі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнеді.

Осы тұста қылмыскерлердің қолына кісен салынып, нәтижесінде Қазақстандағы 30 аса ірі компанияның шотынан ұрланған қаражаттың көлемі 400 миллион теңгеден асқаны дәлелденді. Егер сізге бәзбіреу еш қиындықсыз, артық қимылсыз екі еседен астам пайда табуға мүмкіндік беретін жол нұсқаса, алдыңызда тұрған алаяқ екеніне күмәніңіз болмасын. Сондай-ақ, аяқ астынан уәкілетті мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банк қызметкерлері қоңырау шалса, тіпті, «құжатын» көрсетіп тұрса да, бірден олардың айтқанын орындауға асықпағаныңыз абзал. Ал жақыныңыз хабарлама жазып, бейнеқоңырау арқылы хабарласып, қыруар қаражат сұраған жағдайда, оған ақша аудармас бұрын, әлгі туыстанысыңызға телефон соғып, мәнжайды анықтап алған артықтық етпейді.

Бұл – қазіргі күні интернет-алаяқтары қолданып жүрген айла-тәсілдің бір парасы ғана. Қорыта айтқанда, бұл күнде қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы мол қаражатты қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер пайда болды. Нақтылай түссек, қазіргі таңда электронды ақша ұрлауды кәсіп етіп, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатын алаяқтардың қарасы қалың. Мұқият мән берсеңіздер, бір елдің өзге елден шекарасы сондайлық шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару сүт пісірім уақытқа жетпейақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың нәтижесі.

Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуат байланыстар. Құзырлы органдар бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі.

Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталып жазаланары анық.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар