«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Апатты болдырмау — бір өмірді сақтау деген сөз

Апатты болдырмау — бір өмірді сақтау деген сөз
Автор
ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасын орындау мақсатында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев өңірдегі бірқатар жол учаскелерінде тексеру жүргізіп, жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Ол патрульдік қызметтің даярлығын және жолдардағы бақылау шараларының орындалуын бағалады.

Генерал-майордың айтуынша, өңірде апаттарды азайту мақсатында қауіпті жерлерде жолды тарылту, дрондар арқылы бақылауды күшейту және рейдтер кезінде жүргізушілердің шаршауын болдырмауға бағытталған түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Тараз қаласында және облыс жолдарында анықталған қауіпті учаскелерде қосымша белгілер орнату, жол таңбаларын жаңарту және патрульдеуді күшейту шаралары қолға алынған.

Департамент бастығы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларынан болатын адам өлімінің шамамен 23,2 пайызға төмендегенін атап өтті. Және облыстық Полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдықты асырмай, жолда тәртіп сақтап және өзара құрмет көрсетуге шақырады.

Қылмыстың қайталануын азайту бойынша қабылданған шаралар қаншалықты тиімді?

Облыс прокуроры Берік Әбіловтің төрағалығымен құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен қылмыстың қайталануын азайту бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі мәселесі бойынша алқа отырысы өтті. Жиында пробациядағы, әкімшілік қадағалаудағы және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған (ШТМБ) тұлғалар арасында қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы жұмысты күшейту мәселелері қаралды.

Облыс прокуроры прокуратураның «Қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу» жобасы аясында қабылданған бірлескен шаралардың нәтижесінде пробация қызметінің есебіндегі тұлғалары арасында бұрын жасалған қайталанатын қылмыстар 20 пайызға, сотты болғандармен 37,4 пайызға және соттылығы өтелмегендермен 3,9 пайызға құқық бұзушылықтардың саны төмендегенін атап өтті. Сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін «FSM Social» платформасы негізінде цифрлық технологияларды қолданумен жұмыс істеудің жаңа форматы енгізілді. «Пробация үйі» ашылды, 200 бірлік электронды басқару құрылғылары және 30 бірлік заманауи компьютерлер сатып алынды.

«Цифрлық отбасы картасы» сияқты құқық бұзушылықтың алдын алудың цифрлық құралдарын одан әрі жетілдіру, сондайақ құқық бұзушыларды автоматты түрде анықтау үшін интеллектуалды бейнебақылау камераларын пайдалану туралы келісімге қол жеткізілді. Қадағалау органдары, атқарушы органдар және азаматтық ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды үйлестіруге, сондай-ақ қадағалау шарттарының сақталуы мен уақытылы әрекет ету шараларына ерекше назар аударылды. Облыс прокуратурасының тексерісі нәтижесінде рақымшылықпен босатылған тұлғалардың тұрғылықты жеріне келмеуі, олардың әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау фактілерін анықтады.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы Пробация қызметінің жазасын өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған 86 тұлғаны бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды. Алқа мәжілісінде цифрландыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және сотталғандарға рақымшылық заңын қолдану жұмыстары аясында тиісті шаралар қабылдау бойынша қосымша шаралар белгіленді.

Жиын қорытындысы бойынша барлық органдарға өзара іс-қимылды күшейту және қылмыстың қайталануымен күресу шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Жол ережесін бұзбаған азаматтар марапатталды

Тараз қаласында жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық санасын арттыру және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайтын жүргізушінің оң имиджін қалыптастыру мақсатында «Үлгілі жүргізуші–2025» акциясы өтті. Шараға полиция қызметкерлері, Sergek Group компаниясының өкілдері, жас жол инспекторлары және еріктілер қатысты.

Акция барысында полиция қызметкерлері автокөліктерді таңдамалы түрде тоқтатты. Егер жүргізушінің соңғы бір жылда ЖҚЕ бұзушылықтары анықталмаса, оған Sergek Group компаниясынан сыйлықтар – жанармай, дөңгелегін тегін ауыстыруға сертификат және қауіпсіздік жөніндегі жадынамалар табысталды. Жас жол инспекторлары жүргізушілерге балалар салған суреттер мен «Рөлде мұқият бол!» атты жадынамаларды ұсынды.

Еріктілер жаяу жүргіншілерге жол ережелерін сақтау қажеттігі туралы хабарламалары бар парақшалар таратты. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде «Менің үлгілі жүргізушім» онлайн-байқауы басталды. Қатысу үшін #ҮлгіліЖүргізуші2025 хэштегімен және облыстық полиция департаментінің аккаунтын белгілеп, фото жариялау қажет. Сондай-ақ бұл акция жолда қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлықтың маңыздылығын көрсетуді және күн сайын тәртіп пен мәдениеттілікті сақтайтын жүргізушілерді қолдауды мақсат етеді.

Осы орайда «Үлгілі жүргізуші–2025» іс-шарасы аясында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев облыс орталығының жол қауіпсіздігі ережесі бұзудың алдын алуға, болашақ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді тәрбиелеуге үлес қосып жүрген тұрғындармен кездесті.

Кездесуге мектеп директоры, авто мектеп оқытушысы және қаладағы танымал автоклубтардың жетекшілері шақырылды. Оларға облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«Біз үшін тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, жолда күн сайын жауапкершілік пен қауіпсіздік танытатын азаматтарды атап өту өте маңызды. Үлгілі жүргізушілер жол-қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың – әрқайсымыздан басталатын мәдениет екенін дәлелдейді. Біздің міндет – осындай азаматтарды қолдау және басқа қатысушыларға үлгі болатын жағымды орта қалыптастыру», – деді Бауыржан Жанаев.

Полиция қызметкерлері қонақтарға департамент мұражайын аралатып, ішкі істер органдарының тарихын, архивтік материалдарды, әр жылдардағы формалық киімдерді және түрлі қызметтердің экспозицияларын таныстырды. Одан кейін қатысушылар Жедел басқару орталығына барып, онда бейнебақылау жүйесінің жұмысы мен қаладағы жағдайды тәулік бойы бақылау және жедел шешім қабылдау процесімен танысты. Еркін форматтағы кездесу қатысушыларға полиция қызметімен жақынырақ танысып, жол қауіпсіздігі саласындағы бірлескен жұмыстың жаңа тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берді.

Жергілікті екі тұрғын 50 келіден астам марихуанамен ұсталды

ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті, облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Ұлттық ұланның №6506 «Бүркіт» әскери бөлімінің әскери қызметшілері бірлесіп жүргізген іс-шара барысында 50 келіден астам есірткі затын тасымалдаған автокөлік тоқтатылды. Арнайы операция жедел ақпарат негізінде Шу қаласындағы Сәтпаев көшесінде жүргізілді.

Полицейлер Mazda маркалы автокөлігін тоқтатып, ішінде болған екі жергілікті тұрғынды – жүргізуші мен жолаушыны ұстады. Көлікті тексеру кезінде артқы орындығынан үш қап, ал жүксалғышынан тағы екі қап табылды. Қаптардың ішінде өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат – кептірілген марихуана есірткісі екені анықталды.

Жалпы салмағы 51 келі 190 граммды құрады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын тасымалдау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Психотроптық заттарды жасырын саудалағаны үшін сотталды

Тараз қаласының №2 соты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену және сақтау фактісі бойынша азамат М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. 2025 жылдың тамызында, сотталушы М. жұмыссыз бола отырып, жеткізуші ретінде толық емес жұмыс күні туралы хабарландыруды көріп, Telegram сілтемесіне өтіп, «Байрон Жержевич» деген пайдаланушымен байланысқа шыққан.

Соңғысы оған психотроптық заттарды тарату бойынша жұмыс ұсынған. Қызметтің заңсыз сипатын ұғына отырып, М. онымен келісіп, аталған адаммен алдын ала сөз байласуға кіріскен. Әрі қарай ол Алматы қаласында қойманың координаттарын алып, онда 94 бума психотроптық затты алған. Келесі күні куратордың нұсқауларына сәйкес М. оларды одан әрі тарату үшін Тараз қаласына келген.

Сотталушы қаланың әртүрлі жерлеріне 9 есірткі бумасын қойып кеткен. Сол күні ол учаскелік полиция инспекторына ұсталып, жеке тінту кезінде аса ірі мөлшердегі жалпы салмағы 41,86 грамм болатын 85 буманы өз еркімен берген. Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы М. өзінің кінәсін толық мойындап, соттан оған ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Ал, сот үкімі ҚК 297-бабы 3-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот сотталушының бұрын сотты болмауын, кінәсін мойындауын және жасаған ісіне өкініш білдіруін жазаны жеңілдететін мәнжайлар ретінде таныды.

Осылайша сот үкімімен М. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Пайдаланылмаған 50 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында облыс бойынша жер ресурстарын басқару департаментінің «Б.» жеке кәсіпкеріне қатысты жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды. Талас ауданы әкімдігінің 2017 жылғы қаулысына сәйкес, жауапкерге шаруа қожалығын жүргізу үшін жалпы ауданы 50 гектар жер учаскесі берілген.

Алайда 2024 жылдың сәуір айында жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында жайылымға арналған жердің мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды. Тексеру нәтижесі бойынша кәсіпкерге бір жыл мерзім ішінде жер заңнамасының талаптарын орындау туралы нұсқама берілген. Алайда көрсетілген мерзім өткеніне қарамастан, бұзушылықтар жойылмаған. Осыған байланысты департамент жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сот отырысында жауапкер қаржылық мүмкіндіктің болмауына байланысты жерді пайдалана алмағанын және 2026 жылдың көктемінде оны игеру ниеті бар екенін мәлімдеді. Сот ұсынылған материалдарды зерделей келе, нұсқамада көрсетілген мерзімнің өтіп кеткенін және талаптардың орындалмағанын анықтады. Сот жер заңнамасы нормаларын басшылыққа ала отырып, облыс бойынша жер ресурстарын басқару департаментінің талап қоюын қанағаттандырып, жауапкерден мемлекеттік бажды өндірді.

Мас күйінде екі адамның өліміне себепкер болған

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты абайсызда 2 адамның өліміне әкеп соққан мас күйінде жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша С.-қа қатысты қылмыстық істі қарады. 2025 жылдың маусым айында С. мас күйінде Toyota Camry 55 маркалы автокөлігін басқара отырып, Жамбыл ауданындағы Шөлдала-Тараз автожолында ЖҚЕ бұзып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Mitsubishi Pajero маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат салдарынан Toyota Camry 55 автокөлігінің жолаушысы Ф. оқиға орнында, ал оның әріптесі Е. аурухананың реанимация бөлімінде қайтыс болды.

Сотталушының кінәсі тараптардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Прокурор көлік құралын басқару құқығына өмір бойына тыйым сала отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал, жәбірленуші тарап сотталушыны кешірмей, соттан заң шеңберінде жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы С. кінәсін толық мойындады. Сот шын жүректен өкінуді және кінәні толық мойындауды жеңілдететін мәнжайлар ретінде таныды.

Негізі Қылмыстық кодекстің 11-бабына сәйкес осы баптың санаты абайсызда жасалған ауырлығы орташа қылмыстарға жатады. ҚК 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес жеңілдететін мән-жайлардың болуы және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда ауырлығы орташа қылмыс жасау жазаның негізгі түрінің мерзімі немесе мөлшерінің жартысынан аспауға тиіс.

Осылайша, сот үкімімен С. ҚК 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған көлік құралын басқару құқығына өмір бойына тыйым сала отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

 

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар