«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

10 мың үйді электр энергиясымен қамтып отыр

10 мың үйді электр энергиясымен қамтып отыр
Автор
Облысымызда күн, су және жел электр стансалары толық қуатында жұмыс істеп тұр. Соның бірі – Жамбыл ауданына қарасты Қызылтаң ауылы маңында орналасқан «Айша күн шуақ» стансасы. Қазір онда 50 мегаватт электр қуаты өндірілуде.

Бүгінгі таңда республика да өндірілетін электр қуатының 21 пайызы біздің облысқа тиесілі. Жуалы ауданындағы «Бурное солар» күн электр стансаларынан кейінгі үлкен күн электр стансасы «Айша күн шуақ» стансасы. Бұл стансаның құрылыс жұмысын украиналық «Родина» ЖШС жүргізген болатын. 110 гектар аумақты алып жатқан стансаға 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панельдер күн шығуына қарай қозғалып отырады. Бұл панельдердің бір артықшылығы екі жағынан да жұмыс істейді.

Мәселен, қыс ауасында жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панельдер Ресей мен Қытайда шығарылған. Стансаның басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасы 300 гектар аумақты алып отыр. Алда оны 100 мегаватқа жеткізу жоспарланған. Бүгінде онда 15 адам еңбек етуде.

– Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге қатты желге де төтеп бере алады. Бұл бірнеше жыл бұрын облысымызда болған қатты дауыл кезінде де бұл панельдер өзінің төзімділігі мен ыңғайлылығын дәлелдеген болатын. Бұл панельдер секундына 40-50 жылдамдықпен соғатын дауылға төтеп беретіндей етіп есептелген. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді, – дейді ол.

Бұл стансаның құрылыс жұмысының жобалық құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Күніне 50 мегаватт электр қуаты өндіріліп, «KEGOK» акционерлік қоғамының біртұтас энергия жүйесіне берілуде. Мұнда өндірілген қуат көзі 10 мыңнан аса үй мен өндіріс ошақтарын электрмен қамтуда. Станса айналасын станса жұмысшылары тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техникасы бар. Панельдерді шаң-тозаңнан сүртіп тазалау да жұмысшылардың міндеті.

– Күн электр стансасын салған компания тарапынан үлкен жұмыс атқарылған. Алда оның қуатын тағы 50 мегаватқа жеткізу көзделуде. Бүгінгі күні оның көлемін 20 мегаватқа арттыру көзделген. Ол бойынша тиісті жұмыстар станса аясында іске асырылуда. Бұл ауданның ғана емес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы, елімізде табиғат көздерін тиімді пайдалануды үйреніп, күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындап отыр. Қолдан келіп тұрғанда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнімді ұлғайтуға тиіспіз. Осының барлығы да біздің болашағымыз үшін жасалып жатыр, – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар