БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілдігі мамандары еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіне жағдайы жетеді дегенді айтады. Нақтырақ айтқанда, жер көлемінің аумағы, су ресурстары, географиялық орналасу жағынан қолайлы болуы «жасыл» жобаның жүзеге асуының алғашқы баспалдағы. Себебі, энергетика, ауыл шаруашылығы, экотуризм, табиғи ресурстарды басқару секілді салалар ауа райына тікелей тәуелді. Ал Қазақстан үшін климаттық жағдайдың өзіндік артықшылықтары бар және ол «жасыл экономиканы» дамытуға нақты алғышарт жасайды. «Жасыл экономиканың» басты тіректерінің бірі – жел энергиясы. Ол – экологиялық таза, шексіз энергия көзі. Қазіргі заманғы жел турбиналары электр қуатын өндіруде тиімді құралға айналды. Әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан да желдің қуатын игеруге бет бұрып отыр. Еліміздің кең даласы, әсіресе желі қатты соғатын өңірлері бұл бағытта үлкен мүмкіндік береді.
Атап айтар болсақ, Каспий теңізінің жағалауы, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстары жел энергетикасын дамытуға қолайлы өңірлер болып табылады. Балама энергия көздері бізге электр қуатын, не болмаса энергияның басқа түрін алу үшін қажет. Жел энергиясын арнайы электр генераторларының, диірмендердің көмегімен түрлендіру арқылы осындай қуат түрін алуға болады. Қазақстанда жел энергетикасын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалар қабылданды.
Нақтылай түссек, 2013 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану туралы» заң қабылданып, жел энергетикасын инвестиция салушыларға қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар үкімет жел энергетикасы жобаларына қаржылай қолдау көрсетіп, субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер ұсынып отыр. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап ел болуды мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін елімізде жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде жел энергетикасын қарқынды дамыту қажет. Болашақта жел энергетикасы Қазақстанның энергетикалық балансында маңызды рөл атқаратынына сенім зор.
2024 жылдың соңындағы ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күні елімізде 50-ден астам жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істесе, оның 20-сы жел электр станциялары болып табылады. Олардың жалпы қуаты 700 МВт-тан жоғары болып отыр. «Жасыл экономиканың» тағы бір маңызды бағыты – күн энергетикасы. Күннен алынатын энергия шексіз әрі сарқылмайды. Күн панельдері арқылы адамдар үйлерін жарықтандырып қана қоймай, жылуды да қамтамасыз ете алады. Қазіргі уақытта күн сәулесін тиімді пайдалану үшін ірі күн электр станциялары салынып, күн батареялары тұрмыстық деңгейде де кеңінен қолданысқа еніп келеді. Қазақстан күн энергетикасын пайдалануда Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Себебі елімізде күн сәулесінің түсу ұзақтығы жылына 2200- 3000 сағатқа дейін жетеді. Бұл күн энергиясын игеруге өте қолайлы. Былтырғы ресми деректер бойынша, Қазақстанда күн электр станцияларының жалпы саны 50-ден асады. Олардың жалпы қуаты 1200МВт-тан жоғары, яғни күн энергетикасы жаңартылатын энергия көздерінің ішінде ең ірі үлеске ие.
Еліміздегі күн энергетикасының үлкен станциялары Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарында орналасқан. Себебі бұл өңірлердің күн радиациясы жоғары, жер бедері тегіс, ал жел ағыны тұрақты болып келеді. Өз кезегінде бұл факторлар күн және жел энергетикасын дамытуға өте қолайлы жағдай туғызады.
Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша күн, жел және су арқылы электр энергиясын салуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан осы бағытта Жамбыл облысы көбірек инвестициялардың назарын аударады.
Жаңартылатын энергия көздері нысандары облыста 2010 жылдан бері дамып келеді, атап айтсақ, 2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 жаңартылған энергия нысандары пайдалануға берілсе, 2015 жылы қуаты 114 МВт құрайтын 9 нысан, 2021 жылы қуаты 387,8 МВт құрайтын 17 нысан және 2024 жылы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 нысанға жеткізілді. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді, оның ішінде қуаты 24,4 МВт 6 су электр станциясы, қуаты 275,65 МВт 10 жел электр станциясы мен қуаты 271,25 МВт-ны құрайтын 6 күн электр станциясы бар.
Қазақстанда барлығы 3248,1 МВт қуаттылығымен 158 жаңартылатын энергия көздері нысандары жұмыс істейді. Бұл ретте, Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде. 2024 жылдың 10 айында 642,5 миллион кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Жоғарыда айтып өткендей, жаңартылатын энергия көздерін дамыту нысандарының облыста өте жоғары қарқында дамып келеді. Соңғы 4 жылдың ішінде облыста бірқатар ірі және кіші қуаттағы жобалар іске асырылды.
Атап айтқанда, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі құны 49 миллиард теңге құрайтын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр станциясының 2-ші кезегі іске қосылды. 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 МВт «AEC ASA» күн электр станциясы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр станциясы жобасы іске асырылды. Олардың әрқайсысының қуаты 4,5 МВт екендігін айтып өткен жөн.
2024 жылы Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр станциясы жобасының құрылысы аяқталды. Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары облыста 2 ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында франциялық «Total Eren» ЖШС тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында Біріккен Араб әмірлігінің Masdar компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделуде. Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл энергиямен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыстағы жаңартылатын энергия жобалары жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде. Жамбыл облысы бүгінде Қазақстандағы «жасыл энергетиканың» орталығына айналып отыр десе болады. Мұндағы табысты жобалар басқа өңірлерге үлгі болып, еліміздің жаңартылатын энергия көздерін дамыту стратегиясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Жел мен күннен алынатын энергия тек электр қуатын өндірумен шектелмейді. Олар ауаның ластануын азайтып, табиғатты қорғауға үлес қосады, сондай-ақ болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға мүмкіндік береді.
«Жасыл экономика» – тек энергетика саласы ғана емес, ол табиғатты сақтау мәдениеті. Бұл бағытта өз Отанын сүйетін әрбір азаматтың рөлі маңызды. Өйткені суды үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық таза көлік пайдалану сияқты қарапайым әрекеттер де «жасыл экономиканың» бір бөлігі болып саналады. Байқағанымыздай, еліміздің әсіресе оңтүстік өңірлердің климаттық әлеуеті – «жасыл экономиканың» табысты дамуы үшін негізгі артықшылықтардың бірі болып табылады. Бұдан әрі осы мүмкіндіктерді дұрыс жоспарлау, технологиямен қамтамасыз ету және инвестиция тарту арқылы тиімді пайдалана түсу қажет. Өйткені «жасыл экономика» – тек экологиялық бастама емес, ол ғылымды қажет ететін, жоғары технологияға негізделген жаңа экономикалық модель. Мұндай модельді дамыту үшін ауа райының қолайлылығы жеткіліксіз. Ең бастысы, осы саланы алға сүйрейтін білікті мамандар болуы тиіс. Әр сала жоғары кәсіби дайындықты талап етеді. Мысалы, жел станциясын салу үшін инженерлер ғана емес, метеорологтар, экология мамандары және энергия менеджерлері де қажет.
Қазақстанда бұл бағыт жаңа дамып келе жатқандықтан, мамандар саны шектеулі. Бұл жасыл жобалардың іске асуын баяулатуы мүмкін. Мысалы, күн панельдерін дұрыс орнатпаған жағдайда, қуат төмендейді. Ал қалдықтарды сұрыптау жүйесін мамандарсыз құру мүмкін емес. Сондай-ақ көміртегі бейтараптығына жету үшін климат сарапшылары керек. Еліміз «жасыл экономикаға» көшуді мақсат еткендіктен, энергия менеджері, жаңартылатын энергия инженері, жасыл құрылыс маманы, экологиялық саясат сарапшысы, климатолог, жасыл қаржы менеджері мен қалдықтарды басқару инженері сынды мамандықтар аса қажет бола бастады.
Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте:
«Жаңартылатын қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі әлі де өте аз. Көздің жауын алатын жаңа станцияларды салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білікті отандық кадрларды дайындау қажет. Әйтпесе, тарифтер арқылы төлем жасап, шетелдік тауарлар мен технологияларға бүкіл ел үлес қосады. Үкіметке жаңартылатын энергия көздері мен жалпы энергетика саласындағы озық халықаралық оқшаулау тәжірибесін мұқият зерттеп, пайдалануды тапсырамын» деген болатын.
Кейбір кедергілерге қарамастан, Қазақстан «жасыл энергетика» саласында айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанын көз көріп отыр. Егер 2013 жылы жаңартылатын энергия елдің электр өндірісінің небәрі 1 пайызын құраса, бүгін бұл көрсеткіш 18-19 пайыз шамасына жетті. Оған республика бойынша 150-ден астам жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұрғаны дәлел болса керек. Аукциондық механизмнің енгізілуі тарифтердің төмендеуіне, инвесторлар бәсекелестігінің артуына және халықаралық компаниялардың Қазақстан нарығына келуіне жол ашты. Бұл жасыл энергетиканы жүйелі дамытудың тиімді құралы ретінде танылды. Энергия тиімділігі – «жасыл экономиканың» негізгі қағидаларының бірі. Қазақстан бұл салада да алға жылжыды. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп орындары энергия менеджментінің халықаралық ISO 50001 стандарттарын енгізуде.
Жылу жүйелерін жаңғырту, ғимараттарды оқшаулау, қазандықтарды жаңалау арқасында 2020-2023 жылдары энергияны 13-14 пайызға үнемдеу мүмкін болды. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жылу шығынын азайту жобалары кең тарады. Бұл тәсілдер еліміздің энергия қарқындылығын біртіндеп төмендетуге ықпал етті. Елімізде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай жаңғырды. Бұрын қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші 2-3 пайыз деңгейінде болса, қазір ол 20 пайызға жуықтады. Бұл экологиялық жүктемені азайтып, ресурстарды қайта пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
«Жасыл экономикаға» көшу жасыл қаржыландыру нарығының да қалыптасуына әсер етті. Астана халықаралық қаржы орталығында құрылған Жасыл қаржы орталығы Орталық Азиядағы алғашқы экологиялық қаржыландыру алаңдарының бірі болды. Қазақстанда алғашқы жасыл облигациялар шығарылып, жаңартылатын энергия мен экологиялық жобаларға бағытталды. Бұл – елдің халықаралық экологиялық рейтингтердегі позициясын күшейтті. Жасыл қаржы секторына ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі секілді ұйымдар белсенді қатысып келеді. Олар көптеген жел және күн жобаларын қаржыландырды. Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу жолында маңызды қадамдар жасап, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Жаңартылатын энергияның өсуі, қалдықтарды басқарудың жетілдірілуі, жасыл қаржыландырудың даму және энергия тиімділігінің артуы – бұл елдің дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді. Әрине, «жасыл экономикаға» толық көшу үшін әлі де атқарылатын жұмыс көп. Мысалы, көмірге тәуелділікті азайту, инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық мәдениетті күшейту қажет. Бірақ бүгінгі жетістіктер еліміздің жасыл даму жолын табысты жалғастыруға барлық мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




