«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үлкен жобаны жүзеге асыруға жел көмектесті

Үлкен жобаны жүзеге асыруға жел көмектесті
Автор
«Жаңатас» жел электр стансасының жұмыс істеп тұрғанына биыл төрт жылдан асты. Жалпы, бұл ауқымды жобаның құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Жобаның басты құрылтайшысы – қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы, оның сенімді серіктесі «Visor Kazakhstan» компаниясы болды. Жобаның жалпы құны 44,8 миллиард теңгені құрады. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел қондырғысы мен электр жабдықтары, сондай-ақ бір станса торабы мен көпбейінді орталық салынды.

Аталған стансаның өңірлік менеджері Наурызбек Жұмағазиннің айтуынша, жел электр стансасы желдің өтінің басқаруға келмейтін кинетикалық көзінен электр қуатын өндіреді. Оның басты міндеті – ұлттық энергетикалық орталықтардан қашықтағы тұтынушыларды және агро нысандарды қуат көзімен қамтамасыз ету. Артықшылығы – экологияны ластамайды, энергиясы еш уақытта ортаймайды. Мамандар алдымен аталған маңды жіті саралап, құрылысты бастаған екен. Әрбір станса жел секундына үш метр жылдамдықпен тұрғанда қуат көзін өндіреді. Ал мұнда 150 метр биіктен жел жыл бойы тоқтамайтын көрінеді.

Осылайша Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен жобасы бүгінде электр қуатын өндіруде. Ол 1 миллион үй шаруашылығының ішкі қажеттілігін қанағаттандыра отырып, жылына сағатына 350 миллион киловатт таза электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары басталған күннен бастап компания өкілдері жергілікті мамандарды қытай технологияларын, шетелдік жабдықтарды монтаждау, қосып-жабу тәсілдеріне қатар үйрете бастаған еді. Қазір мұнда он кезекші оператор жұмыс істесе, олардың жартысы құрылыс жұмысы басталған сәттен бері осында оқып-үйренгендер. Он айлық курстан кейін оларға жел электр стансасын басқару сеніп тапсырылған.

Бұдан бөлек, тағы бес адам жұмысқа шақырылып, олардың оқуы қытай инженерлерінің басшылығымен жүзеге асырылған. Қазір мамандар барлық құрал-жабдықтардың тілін жақсы меңгеріп алған. Нысанның техникалық директоры Чжанг Лингтың айтуынша, осында өндірілетін 100 мегаватт электр энергиясын, жергілікті билік қолдаса, 400-500-ге дейін жеткізу жолдарын қарастыруға болатынын айтып отыр. Сонда облыс қана емес, Қазақстанның басқа өңірлеріне, тіпті көршілес жатқан республикаларға да электр энергиясын таратуға қол жеткізуге мүмкіндік туар еді, дейді ол. Мұнда өндірілген қуат көздері «KEGOC» компаниясына жөнелтілгеннен соң, олар оны одан әрі өздері үйлестіреді.

Сала ғалымдарының болжамдарына сенсек, «Жаңатас» жел электр стансасы Сарысумен қатар, бірнеше аудандарды жарық көзімен қамтамасыз ете алады. Жалпы, Жамбыл облысы энергияның баламалы көздерін дамыту бойынша Қазақстандағы көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Себебі «жасыл» энергетика саласы үшін Әулиеата – өте ыңғайлы өңір. Оны зерделеу шаралары айғақтап отыр. Өңірде жаңартылған энергия көздерін дамытуға барлық жағдай жасалуда. Қазірдің өзінде мұнда 22 баламалы энергия көздері жұмыс істейді десек, олармен еліміздегі күн, жел және су арқылы алынатын электр энергиясының 20 пайызы қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда өңірдің әлеуеті зор және оны толық көлемде пайдалану қажет. Елімізде алғашқы болып өндірістік жел электр стансасы Қордай ауданында іске қосылғанын да атап өткен жөн. Сарысу аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Данияр Ермекбаевтың айтуынша, бүгінде ауданда жел электр стансасы толық қуатында жұмыс істеп тұр.

– Бүгінде Талас және Сарысу аудандарында желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына 6 метр және одан да жоғары. Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған климаттық жағдайымыз да қолайлы. Өндірістік қуаты жағынан еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастыру қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт. Біз жаңартылған энергия көздері нысандарын салу үшін қай жерде және қандай мүмкіндіктер бар екенін нақты білуіміз керек. Менің ойымша, барлық ауданда оларды салуға мүмкіндік бар, – дейді ол.

Бәріміз білетіндей, Үкімет еліміздің энергия жүйесіндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша батыл міндеттер қойып отыр. Атап айтсақ, 2030 жылға дейін өндірілетін қуат көзін 10 пайызға жеткізу көзделген. Еуропалық қайта құру және даму банкі және оның серіктестерінің қолдауымен салынған «Жаңатас» жел электр стансасы болса, өзінің толық қуатында іске қосылуы арқылы ел билігі қойған о сы міндеттердің орындалуын жылдамдатты. Мемлекеттің одан әрі көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан жаңартылатын энергия өндірісіне көшуіне ықпал етті. Әулиеата өңірінде, қарт Қаратаудың белінде қазығы қағылған бұл жоба жыл сайынғы көмір қышқыл газы шығарындыларын шамамен 262 мың тоннаға азайтуға көмектеседі екен. Қазақстанның шығарындыларды азайтудың ұлттық жоспарларын едәуір азайту арқылы Орталық Азияда жаңартылатын энергияны дамытуда көшбасшы болу мақсатын жүзеге асыруға ықпал етеді.

Жоба ЕҚДБ-нің «Жасыл экономикаға көшу» тәсіліне сәйкес келеді. Мамандардың есептеуі бойынша, көмірмен жұмыс істейтін электр стансасымен салыстырғанда, сондай қуаттылықпен жел электр стансалары жылына 109500 тонна көмір, 1031 тонна күкірт диоксиді және 934 тонна азот оксидін үнемдеп, көмір қышқыл газының шығарындыларын 289 мың тоннаға, түтін мен шаңды 322 тоннаға азайтатын көрінеді. Сондай-ақ күл-қоқыс көлемін 32900 тоннаға төмендетеді екен. Бүгінде адамзат өзіне керекті электр қуатының 6-7 пайызын желден алуда.

Айта кетерлігі, жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметінше, 2030 жылға қарай жер бетіндегі энергетика өндірісінде жел қуатының үлесі 20 пайызға жетеді. Оны өндіруге, әсіресе Еуропа мемлекеттері барынша басымдық беру үстінде. Мысалы, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының жәрдемімен барлық электр қуатының – 40, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8 пайызын өндіреді, Қазақстанда бұл сан 0,5 пайыз шамасында екен. Осы секілді ахуалды ескеріп, еліміз осыдан бірнеше жыл ілгеріде «жасыл» экономика жолына өту жөнінде шешім қабылдады. Оның тұжырымдамасын әзірледі. Мұның экологиялық жағдайдың жақсаруына үлкен әсері болары сөзсіз.

Бүгінде қытайлық «China Power» компаниясы Сарысу ауданында 400 мегаватты жел электр стансасын салып, оның көлемін 500 мегаватқа жеткізуді ниет етіп отыр. Сарысу ауданында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «China Power» компаниясы әлем елдерінде ірі электр стансаларын салумен қатар оны басқарумен айналысып келеді. «Жаңатас» жел электр стансасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Гуо Ким осы ниетін үнемі түрлі кездесулерде айтып келеді.

– Бізді қызықтырғаны – бұл өңірдің жақсы климаты. Егер мұнда жел көзі болмағанда үш жылда мұндай айтулы жобаны жүзеге асырмаған болар едік. Біз осы аймақтың климатын зерттей келе, жергілікті билік тарапынан қолдау болып жатса, ендігі жерде жел электр стансаларын салып қана қоймай, күн электр стансаларын салуға да ниеттіміз. Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз желден де, күннен де электр қуатын өндіруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан дұрыс бағыт таңдап, тура жолда келе жатыр. Болашақта алдыңғы қатарлы электр қуатын өндіретін елге айналатынына сенімім мол, – дейді ол.

Сондай-ақ с ерікте стік өкілі осы жерден жел және күн электр энергиясына қажетті құрал-жабдық өндіруге арналған зауыт салуға ниетті екенін де жеткізді.

«Бізге керегі осы зауыт. Зауыт салып алсақ, жел және күн электр стансаларына қажетті құралжабдықтарды шет мемлекеттерден тасымалдамай, өзімізде жасап құрастыруға мүмкіндік алар едік», – дейді ол.

Бұл жоба жалпы болашақта оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырмақ. Қазір Қордай мен Сарысу аудандарында жел электр стансалары жұмыс істеп тұрса, Қаратау қаласының маңында әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 5 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Енді Мойынқұм ауданында салынатын 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы энергия өндірісін тағы өрістеткелі тұр. Осы жерде бір атап өтерлік жайт, Мойынқұм ауданында салынатын жел электр стансасының құралжабдықтары өзімізде шығарылады.

Атап айтқанда, Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «СамұрықҚазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы жатыр. Жобаның құны 53,6 миллиард теңгені құрайды.

Аталған нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты – бір-екі гигаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300-ге жуықтамақ. Қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы, бөлінген жер аумағы – 24 гектар.

– Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында салынатын 1 гигаваттық жел электр стансасының құрылысы бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Бетпақдала аймағынан, дәлірек айтсақ, Ермей елді мекені маңайынан жел электр стансасын орналастыруға 3 мың гектар алқап қаралған. Облыс орталығынан шалғай жатқан осындай жоба іске асса, аудан экономикасының артуына оң серпінін тигізері хақ. Ең бастысы оған Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында жасалған құрылыс заттары пайдаланылатыны қуантады. Шындығын айтқанда, облысымызда осындай Орта Азияда баламасы жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт салуы бізге үлкен күш бергелі тұр. Өйткені бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Президент тапсырмасымен елге инвестиция салған инвесторларға барлық жағдайлар жасалуда. Ең алдымен, олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын, – дейді энергетика және тұрғын үй-коммуна лдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов.

Бүгінде әлем елдері баламалы электр көздерін дамытуға мықтап көңіл бөліп келеді. Қазақстанда да «Жасыл экономика» бағдарламасы бағдарын тауып, өңір-өңірлерде жаңартылған энергия көздері іске қосылуда. Дегенмен бұл бағытта Жамбыл облысы республика көлемінде алғашқы орында тұр. Енді міне, Мойынқұм ауданында да жел электр стансасы жобасы қолға алынып, энергия өндірісінің өрісі кеңеюде.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Жасыл экономиканы» дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Дәл қазір ел көлемінде жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істеуде. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны іске қосылған. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел және 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар.

Жамбыл облысы жел электр стансасы нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Нақтырақ тоқталсақ, жоғарыда айтқанымыздай Мойынқұм ауданында Total Eren жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы салынса, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Франциялық Total Eren, Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar және Kidf компаниялары ауқымды жел электр стансаларын салуға ниет білдіріп жүргені бұған дейін айтылған. Ал Мемлекет басшысының Қытай еліне ресми сапары кезінде қытайлық State Power Investment Corporation компаниясымен осындай тағы бір жобаға келісім жасалды.

Нәтижесінде, бұл салаға тартылатын инвестиция көлемі шамамен 3 миллион АҚШ долларынан асады. Жалпы, әлемдік сарапшылардың зерттеулері сайын даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал күн энергиясын өндіру мүмкіндігі сағатына 2,5 миллиард киловатт деп белгіленген. Әсіресе елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып бағалануда.

Рас, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерінен қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрып отыр. Еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, бұл қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Негізі, елімізде с ағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндік бар екен. Мұны көріп, біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.

Міне осылайша, Жамбыл облысы жаңартылған энергия көздерін өндірудің жаңа дәуіріне қадам жасап отыр. Бұл өз кезегінде ел мен өңір экономикасын өрістетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтің әлеуеті де артатыны анық. Ал ең бастысы, табиғат-ананың тудырған желін кәдеге жарату қос қолдап қолдауға тұрарлық.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар