Қосымша қаржы компанияларға емес, өңірлерге берілсе...
- author «Ақ жол»
- 22 қараша, 2025
- 239
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, парафискалдық төлемдерді жинау және пайдалану тетіктері ашық емес. Тек «ҚазАвтоЖол» мен «Жасыл Даму» компанияларына ғана бюджеттен 730 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар қаражаттың жұмсалуы туралы есептілік әрдайым тұрақты және толық көлемде берілмейді. Бұл тиімсіз пайдалану қаупін туғызады және қоғамның сенімін төмендетеді.
– Бүгін цифрларда айтылғандай, екі жылдай уақытта «ҚазАвтоЖол» компаниясының есепшотына 130 миллиард теңге түсті. Сондай-ақ «Жасыл Даму» компаниясы жұмыс істейді. Өткен және аяқталмаған осы жылда оның есепшотына 600 миллиард теңге түсті. Яғни, бұл жеткілікті үлкен резервтер. Міне, қазір біз өңірлер үшін қаражат іздеп жатырмыз, мысалы, инфрақұрылымға 1 миллиард немесе 500 миллион. Біз осы екі компанияға, басқалары туралы әзірге айтпай-ақ қоялық, бюджеттен қаражат бөлінуі жалғасып жатқанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, 2026 жылға қаржы қаражаты бюджетте қосымша қарастырылған. Сәйкесінше, сұрақ туындайды: неге біз оларға қосымша қаражат қарастырамыз? Сондай-ақ бұл компаниялардың қаражатын бақылауға қатысты да мәселе бар. Ақша Бірыңғай қазынашылық шотты айналып өтіп жатыр. Демек, бұл қаражатқа парламенттік және қаржылық бақылау әлсіреген, бюджеттік рәсімдер орындалмайды. Яғни, тәртіп жоқ және осы қаражатты ұтымды пайдалану туралы сұрақ туындайды», – деген Сенат Спикері және келесі жылы жұмыс барысында осы мәселелерді ескеруді, олар бойынша шешім қабылдауды ұсынды.
Бюджет шығыстарының ең үлкен үлесі әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралды. Отырысқа Қазақстан ПремьерМинист рі Олжас Бектенов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов, Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.
Палата отырысында сенаторлар еліміздің маңызды қаржы құжаттары – «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарды қарады.
Құжаттардың негізгі міндеттерінің бірі–әртүрлі экономикалық әлеуеті бар өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері арасындағы теңсіздікті жою. Бұл азаматтардың тұрғылықты аймағына қарамастан мемлекет кепілдік берген қызметтердің тең деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында және Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексіне сәйкес әзірленген үш жылдық бюджеттің басым міндеті мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау, ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды арттыру арқылы адам капиталын дамыту болып қала береді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары биылмен салыстырғанда 298 миллиард теңгеге ұлғаяды. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін сондай-ақ ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға бағытталады. Экономиканың нақты секторын, көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын қолдауға қомақты қаржы бөлінді. Субвенциялар мен нысаналы трансферттерді қоса алғанда, жергілікті бюджеттерге берілетін қаражаттың жалпы сомасы 10,5 пайызға немесе 531 миллиард теңгеге өсіп, 5,5 триллион теңгені құрайды, – деді Палата Спикері.
Заңда көрсетілгендей, үш жылдық кезеңде бюджет шығыстарындағы ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Оның жалпы сомасы – 33,8 триллион теңгеге тең: 2026 жылы 10,7 триллион теңге, 2027 жылы 11 триллион теңге және 2028 жылы 11,5 триллион теңге. Атап айтқанда, 2026 жылы әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 6833 миллиард теңге, ал адам капиталына инвестицияларға – білім, ғылым, жоғары білім, денсаулық сақтау, туризм, спорт, мәдениет және ақпарат салаларын қоса алғанда, 3964 миллиард теңге қарастырылған. Отырыста қаражат бюджеттік саясаттың ықтимал тәуекелдерін ескеріп және ағымдағы шындыққа бейімделе отырып, экономикалық модель құру арқылы азаматтардың әлауқатын жақсартуға бағытталатыны айтылды. Осылайша болжамды кезеңде ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсу қарқыны – 3,9 пайыз, құрылыста – 11 пайыз, саудада – 6,7 пайыз, өңдеуші өнеркәсіпте – 6,5 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,8 пайыз, қызмет көрсету саласында – 4,9 пайыз, көлік және қоймалау саласында – 10,1 пайыз, ақпарат және байланыс секторында 6,8 пайызды құрайды. Заң нормаларына сәйкес экономиканың нақты секторына арналған шығыстар агроөнеркәсіптік кешенді, республикалық деңгейдегі көлік инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті, цифрландыруды, отынэнергетикалық кешенді, сондай-ақ су ресурстары мен ирригация, экология және табиғи ресурстар салаларын жаңғыртуға арналған жобаларды дамытуды көздейді.
– Бүгінгі отырыста депутаттар экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік борыш көлемі, салық түсімдері және инфляция деңгейі туралы бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамыту, парафискалдық төлемдер және өңірлік даму перспективалары талқыланды. Осы ретте Үкімет сенаторлар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта тиісті жұмыс жүргізеді деп сенеміз. Палата депутаттары бұл бағыттарда Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды талқылау барысында Сенат депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Ол басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау үшін елді мекендерде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған шығындарды жалпы сипаттағы трансферттерде 17,5 миллиард теңге сомасында ұлғайтуға қатысты өзгеріс екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар сенаторлар Республикалық бюджет туралы заңды талқылау кезінде өңірлердің дамуына одан әрі жәрдемдесу үшін қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.
Атап айтқанда, депутаттар жылумен жабдықтау жүйелерін қаржыландыруды 37,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды. Оның ішінде 2026 жылы 9,8 миллиард теңге қарастырылған. Жылу, электр энергетикасын дамытуға жұмсалатын шығындар 7,7 миллиард теңгені құраса, оның 4,7 миллиарды келесі жылға көзделген. Сенаторлардың ұсыныстарына сәйкес 2026 жылы су ресурстарына және газ тасымалдау жүйесін дамытуға жұмсалатын шығыстардың жалпы көлемі де өседі. Бұл сома тиісінше 2,3 миллиард теңге және 5,5 миллиард теңгеге тең болмақ. Осы кезеңде жағалауды нығайту жұмыстарына – 2,2 миллиард теңге, ал өнеркәсіп салаларының дамуына жәрдемдесуге 1,5 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ Сенат депутаттары республикалық бюджетті талқылау барысында Үкімет мүшелерінің назарын өзекті мәселелерге аударды. Олар жалпы экономикалық сипаттағы мәселелерді шешудің маңызына, ауылдарды дамытуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өңірлердің әлеуетін неғұрлым толық іске асыруға қатысты міндеттерді қамтиды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев аталған бастамаларды тиімді іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың өзара тығыз жұмыс істеуі қажет екенін тілге тиек етті.
Осылайша күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарау нәтижесінде сенаторлар екі заңды да концептуалды түрде қолдады. Алайда оларға бірқатар өзгеріс енгізіп, заңдарды өз түзетулерімен Мәжіліске қайтарды. Осы тұста Жамбыл облысы өнеркәсіп с а ласында т арихи көрсеткішке қол жеткізді. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңірде 1 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, республика бойынша көш бастағанын айта кетуге болады. Бұл жетістікке 919 кәсіпорында еңбек ететін 41 мың адамның күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді.
Облыстық кәсіпкерлік және индуст риа лды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өндіріс көлемінің өсуі барлық негізгі салаларда байқалуда. Өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34,6 пайызға артты. Шикізаттық емес тауарлар экспорты да едәуір артты – 270,4 миллион АҚШ доллары, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Экспорт өсіміне химия саласы (157 пайыз), тамақ (186,9 пайыз) және құрылыс индустриясы (112,4 пайыз) өнімдерінің артуы әсер етті. Жыл соңына дейін өнеркәсіптегі өсім қарқынын 6,5 пайыз деңгейінде сақтау жоспарланып отыр.
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




