Өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің айтуынша, Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталған. Аталған дерекке қатысты еліміздің Қылмыстық Кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, 1 іс сотқа жолданған.
– 5 жыл ішінде департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін анықтады. Нəтижесінде, 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша Тараз қаласы көш бастаған. Облыс орталығында 18 дерек тіркелген. Сондай-ақ Шу ауданында – 10, Қордай ауданында 6 дерек анықталды, – деді ол.
Деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда біздің елде құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады екен. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 миллион теңгені құрайды. Әрине бұл аз ақша емес. Халық саны небәрі 20 миллионға жуық елімізде құмар ойынның кесірінен қарызға батқандардың көбейе түсуі көңілге кірбің ұялатады. Себебі бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді. Иә, қалтадағы қаражатты көбейтіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер батпаққа белшесінен батқанын кеш білетіні өкініштіақ. Кездейсоқ жетістік пен бос үмітке тәуелді олар қолындағы ақшасының құмдай сусып кететінін дер кезінде аңғармайды. Осыдан соң, «амалсыздан» қылмысқа баруға мәжбүр. Психолог Аделя Оспанның айтуынша, көп адамның ойынға әуестенуі балалық шағында ата-анасымен қарым-қатынас кезіндегі келіспеушіліктердің салдарынан туындайды. Ең жақын адамдарымен сырласпайтын жас жеткіншек бойын ойын арқылы бір сәтке болса да жағымсыз жайттардан аулақ салдым деп тұжырымдайды.
«Күйзеліс, депрессия, жанды жегідей жеген жалғыздық, үрей мен қорқыныш өскелең ұрпақтың санасына әсер етпей қоймайтыны белгілі. Медицина мен психологияда мұны ауруды бір түрі деп есептейді. Яғни, «лудомания» деп атайды. Әке-шешесінің ұрыс-керісінен қажыған бала не істерін білмей, күн ұзаққа бақылаусыз жүруі оның шалыс басуына әкеп соғады. Мәселен, қарапайым ғана карта ойынының да құмарлыққа ұласып, кейін өкінішке соқтыру қаупі жоғары. Картаның жетегіне еріп, жетесіздікке бой алдырғандардың саны күн сайын көбею үстінде. Уақыт өте карта ойнап, құмары қанбайтындар түрлі ойынханалардың босағасын жағалайды. Казино біреулердің қалтасын қалыңдатқанымен, тиісінше өзгелерді көк тиынсыз қалдырып жатыр. Сондықтан, бұл мәселеге отбасы – ошақ қасында жіті мән берген дұрыс. Өйткені, балаңыз құмар ойынның құрығына бір іліксе, аман алып қалуыңыз неғайбыл», – дейді маман.
Иә, құмар ойынға бір бас сұққан жан букмекерлік кеңсеге қайта-қайта барғысы келіп тұратын психологиялық дертке ұшырайтыны белгілі. Әуелі қолындағы барын берсе, кейін үйіндегі бағалы заттарға қол салады. Ал мұндай ойындардың кез келген смартфонда жарнамасы жарқырап жүруі жығылғанға жұдырық. Сондай ойындардың ішіне кірсең «карта нөміріңді жаз» деп тұрады. Кейінгісі белгілі ғой. Алғашында 5-10 мың, кейін есепшотыңдағы қаражатыңның қайда кеткенін білмей қаласың. Нәтижесінде, пайдаға кенелемін деп батпаққа батасың.
Жасыратыны жоқ, бүгінде адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалтасын қампайтқысы келетіндердің қатары көбейген. Бәс тігуден алдына жан салмайтын мұндайлар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түсіп, тапқан-таянғанын желге ұшырып жатыр. Рас, «тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Бірақ бүгінгі «ойыншылар» құмарлықты тәуекелмен яки игі іспен шатастырып алғандай. Олай дейтініміз, отызында орда бұзбақ түгілі, қырық жасында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп келеді. Осыдан-ақ, құмарлық әрекеті әлеуметтік мәселеге айналғанын аңғара беріңіз.
Ендеше, бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға әсте болмайды. Еңбекқор әрі ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрибелегеміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- 6 желтоқсан, 2025
Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




