«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікті қалай жоямыз?

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікті қалай жоямыз?
Автор
Жыл өткен сайын елімізде жасөспірімдер қылмысы көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Дерекке сүйенсек, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Оның үстіне бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың басым көпшілігі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі. Айталық, осы жылдың қаңтар айында 8-сыныптың оқушысын ұрып, өлтірген үш бозбала сотталды. Оқиға Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте болған. 14 жастағы Мирас Мәлікке жоғары сынып оқушылары даладағы әжетханада әлімжеттік жасаған. Бүгін күдікті деп танылған үш жасөспірімге сот үкімі шықты. Біреуіне ауырлығы орташа санаттағы қылмыс жасағаны үшін айып тағылғандықтан, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

– Екі сотталушыға қатысты 293-баптың 2 б, 1-тармағымен және 106-баптың 3-бөлігімен сондай-ақ екеуінің біреуіне айдап салушы ретінде 28-баптың 4-бөлімі қосымша тағайындалған болатын. Түпкілікті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – дейді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлмира Әлімқұлова. Біраз уақыт бұрын Ішкі істер министрлігінде өткен қоғамдық кеңе сте әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов кәмелет жасына толмағандар арасында белең алған суицидтің алдын алу жұмыстарын жетілдіру қажет екенін алға тартты. Бұдан бөлек, ол балалар арасында жағымсыз іс-әрекеттерді болдырмау үшін мемлекет пен қоғамның барлық қолда бар ресурстарын кешенді түрде жұмылдыру қажет екенін атап өтті. – Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықпен тиімді күресу үшін балаларды қорғау мекемелерін, медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да профилактикалық субъектілерді тарта отырып, кешенді тәсілді қалыптастыру қажет. Жауапсыз атааналарға жаза күшейтіледі. Былтыр жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта көшеде қараусыз жүргені үшін 28 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Ал бала тәрбиесіне қатысты өз міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата-аналардың саны 3 есе артты. Яғни, бұл тізім 7-ден 23- ке дейін өсті, – деді Әсет Оспанов.

Естеріңізде болса, өңірімізде былтырдан бері «Бестерек» жобасы іске қосылды. Басты мақсат – жеткіншектер арасындағы жанжалдарды жою. Бүгінде осынау жоба шеңберінде құзырлы органдар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуде тың тәсілдерді қолдануда. Нәтижесінде, аудандарда еш себепсіз сабаққа бармауды әдетке айналдырған оқушылар анықталған.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста кәмелетке толмаған 245 бала тәрбиеленіп отырған 120 жайсыз отбасы бар. Ең сорақысы, мектеп жасындағы балалар тұратын дәл осы жайсыз отбасыларға қатысты істер тек қағаз жүзінде жүргізіліп келеді. Мәселен, қолданыстағы заңда көрсетілген медициналық әлеуметтік есепке алу қызметінің арнайы базасы жоқ. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымованың айтуынша, бала тағдырына жауапты кейбір ата-аналардың салғырттығы жасөспірімдер қылмысына «жол» ашуда. Ол сөзінде ата-аналардың көпшілігі жұмыс бастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

«Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені, отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын», – дейді маман.

Ал психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жас өспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ баласының қандай іспен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, жас ерекшелігіне байланысты орын алатын өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан т абылады.

«Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – деді психолог.

Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбейме се, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс. Сонда ғана сотқар балалардың азаюына ықпал ете аламыз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар